Кәсіпкерлер балғындарға сый жасады

Кәсіпкерлер балғындарға сый жасады

Кәсіпкерлер балғындарға сый жасады
ашық дереккөзі
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қолдауымен қолға алынған «Балапан» бағдарламасы елімізде кеңінен жүзеге асырылып, қарқынды түрде жұмысын жалғастырып келеді. Бағдарламаның нәтижесінде, кезекте тұрған балақайлар саны азайып, керісінше балабақшалар артуда. Соның бір дәлелі – Жамбыл облысының Қордай ауданында ашылған «Балалық базары» жекеменшік балабақшасы. Жобаның құны – 30 млн теңге. Балабақшаның ашылуына арнайы Қордай ауданы әкімінің орынбасары Бейқұт Жамангозов, Қордай ауылының әкімі Бақыт Сағатов, аудандық қоғамдық кеңесінің төрайымы Баян Қарамолдаева және Қордай ауданының құрметті азаматы Тұрсын Қалығұлов қатысты. Құттықтау сөз кезегін алған ауданның құрметті азаматы Тұрсын Қалығұлов аталмыш нысанның ашылуымен құттықтап, батасын берді. Келесі кезекте сөз алған аудандық қоғамдық кеңесінің төрайымы  Баян Қарамолдаева әуелі жиылған жұртты ҚР тұңғыш президенті күні мерекесімен құттықтады. Елбасының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан бағдарламаны тілге тиек еткен Баян Нәзікеқызы бағдарлама арқылы ауданда жүріп жатқан жұмыстар жайына тоқталып өтті. Алдағы атқарар жұмыстарына сәттілік тілеп, барша ата-аналарды да жаңа балабақшамен құттықтады. Зәулім ғимараттың лентасын Баян Қарамолдаева мен Тұрсын Қалығұлов кесіп, салтанатты түрде есігін айқара ашты. Екі қабатты сарайда әр топтың бөлмелері қарастырылып, ойын залы да қолға алынған. Балалар үшін тағам даярлайтын асхананың да тазалығы санитарлыққа сай. Тек тәрбиеленіп қана қоймай мұнда бүлдіршіндерге үш тілде сабақ өткізіледі. Сондай-ақ, музыка пәнімен қоса жуырда аспап үйірмелері де іске қосылатын көрінеді. Үш тілдіктен өзге ата-аналар қалауымен француз және түрік тілдері де үйретілетін болады дейді балабақша басшысы. Жуалы ауданының бүлдіршіндері де заманауи үлгіде жабдықталған бөбекжайда тәрбиеленбек.  Құны 17 млн теңгені құрайтын нысанды жеке кәсіпкер Әсет Есаманов ауылдың орталық көшесінің бойынан бос тұрған тұрғын үйді жалға алып,  оны балабақшаға ыңғайластырып ашып отыр. Онда балалардың тынығатын және ойнайтын бөлмелері кең, жылы да жайлы, жалпы мұнда тәрбиешілердің бүлдіршіндермен жұмыс істеуіне барлық жағдай жасалған. Аудан әкімі Бақтияр Көпбосынов бұл ашылатын балабақшаның биыл ауданда мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде пайдалануға берілгелі отырған төртінші мекеме екенін айта келе, жиылған ата-аналарды, көпшілікті мерейлі қуанышымен құттықтады. Балабақшаның лентасын аудандық соғыс және еңбек ардагерлері кеңесінің төрағасы Естемес Аманбеков пен ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұхтар Тұрғынбеков қиды. Ал Жамбыл ауданына қарасты Қызылқайнар ауылдық округінде 3732 тұрғын бар. Мұнда да жоба құны 250 млн теңгені құрайтын бөбекжайды ауыл тұрғыны Айсұлу Раева өз қаражатына салды. Құрылыс жұмысы 2017 жылдың наурыз айында басталған болатын. Т.Рысқұлов ауданындағы Құлан ауылында да Президент күні қарсаңында 140 орынға арналған «Бота» жекеменшік бөбекжай-бақшасы өз жұмысын бастады. Елбасы Н.Назарбаев 2020 жылға дейін бүлдіршіндерді мектепке дейінгі білім беру мекемесімен қамту деңгейін 100 пайызға жеткізу қажеттігін тапсырған болатын. Осыған орай, қазір мемлекет пен жекеменшік әлеуметтік әріптестік аясында балабақшалар мен бөбекжайлар ашылуда. Соның дәлелі ретінде, бүгін аудан орталығында ашылған нысанды жеке кәсіпкер Ертіс Тұғылшиев 15 млн. теңге қаржыға бұрынғы сауда нысанын қайта жаңғыртып, ғимаратты бөбекжай-бақша ашуға бейімдеп, заманауи үлгіде жабдықтады. Сондай-ақ, ауданда 2019 жылдың наурыз айында 165 орынды қамтитын 2 жекеменшік бөбекжай-бақша ашу жоспарлануда. 2018 жылдың ІІІ тоқсанында Тереңөзек және Ақыртөбе ауылдарында 2 жекеменшік балабақша ашылып, бүгінгі күні мектепке дейінгі тәрбие және білім берумен балаларды қамту үлесі қазіргі таңда 97,3% құрап отыр. Айта кетейік, бүгінде Т.Рысқұлов ауданында 20 балабақша мен 15 шағын орталық жұмыс атқарып, барлығы 2947 бала тәрбиеленуде. Мектепке дейінгі тәрбиемен қамтылған балалар үлесі 1-6 жас аралығында – 82,2%, 3-6 жас аралығында – 97,3%-ды құрап отыр.