Шерхан Пертайұлы: «Алматытелеком» – телекоммуникация саласының драйвері

Шерхан Пертайұлы: «Алматытелеком» – телекоммуникация саласының драйвері

Шерхан Пертайұлы: «Алматытелеком» – телекоммуникация саласының драйвері
ашық дереккөзі
Адамзат пайда болғалы айшылық алыс жерлерден хабар-ошар алуға асықты. Бұл әуелгіде хат, телеграф, телефон арқылы жүзеге асса, соңғы жылдары өмірімізді спутниктік байланыс, интернет желісінсіз елестету мүмкін емес. Ал бұл салада ірі мегаполис Алматы қаласы тұрғындарына қызмет көрсететін «Қазақтелеком» АҚ-на қарасты «Алматытелеком» өңірлік телекоммуникация дирекциясының (ӨТД) атқарып отырған жұмысы ауқымды. Біз осы мекеменің бас директоры Шерхан Пертайұлы Раздықовпен әңгімелесіп, біраз жайтқа қанықтық. – Шерхан Пертайұлы, «Алматытелеком» ӨТД Қазақстандағы ең iрi мегаполиске қалтқысыз қызмет көрсетуде. Жалпы, мекеме қызметі мен телефон байланысының тарихы туралы аз-кем айта кетсеңіз... – Қазіргі таңда телекоммуникация әлемі күннен күнге өзгеріп жатыр. Тіпті, сағат сайын даму үстінде десем қателеспеймін. Байланысшылар өз арасында «телекоммуникация» деген сөзді «инфокоммуникацияға» айналдырғалы қашан. Яғни, қазіргі байланысты ақпараттық технологияға негізделген қызметтердің шоғырынсыз елестету мүмкін емес. Біздің филиал Алматы қаласы мен Алматы облысы бойынша 695 мың абонентті телефония қызметімен қамтамасыз етіп отырған телекоммуникацияның күретамыры. Ал мекеменің жалпы қызметі жайлы айтатын болсақ, «Алматытелеком» өңірлік телекоммуникация дирекциясы «Қазақтелеком» АҚ компаниясының ең ірі филиалы болып табылады. 1988 жылдан бастау алған сандық жүйеге көшу – кеңжолақты интернеттiк жүйеге жетiп отыр. Сондықтан да телекоммуникация саласындағы соңғы жаңалықтар мен техникалық жетiстiктер бiрiншi кезекте «Алматытелекомда» енгізіледі. Алматы Қазақстандағы телефон байланысының бастауында тұрғаны белгiлi. Бүгінде филиал жергілікті, қалааралық және халықаралық телефония, кеңжолақты Интернет желісін, iD TV интерактивті телевидение, SIP телефония iD Phone қызметтерін, ақпараттық-анықтамалық және конвергентті қызметтерді – ұялы байланыс қызметтері мен сымсыз интернет, «Бұлтты бейнебақылау» және т.б қызмет түрлерімен халықты қамтамасыз етумен айналысады. 2015 жылдың қазан айынан бастап басқару жүйесін өзгерту жөніндегі сынақ жобасы негізінде «Алматытелеком» мен Алматы ОТД (облыстық телекоммуникация дирекциясы) филиалдарының бірігуінен қайта құрылған ірі бөлімше – «Алматытелеком» өңірлік телекоммуникация дирекциясы болып қайта құрылды. «Қазақтелеком» АҚ үшін екі филиалды біріктіру оңтайлы шешім болатынына күмән болған еді, алайда кәсібиліктің аса жоғары деңгейі, үдеріс барысын нақты түсіну мен білікті команданың сенімділігі арқасында компания бағдарламаны ойдағыдай жүзеге асырды. Бұл шешім «Қазақтелеком» АҚ бизнесін өзгерту бағдарламасының ауқымды бөлігі болды. Осы нәтиже бойынша «Қазақтелеком» АҚ компания басшылығы аталған жоба аясында бүкіл Қазақстан облыстық телекоммуникация дирекцияларын қайта жаңғырту бойынша өңірлік телекоммуникация дирекцияларын құру шешімін қабылдады. Бүгінде республика бойынша 15 дирекциядан алты: Батыс, Шығыс, Оңтүстік, Солтүстік, Орталық және «Алматытелеком» телекоммуникация дирекциялары құрылды. Аталмыш дирекциялар ішінде «Қазақтелеком» АҚ филиалдарының ең ірісі – «Алматытелеком» өңірлік телекоммуникация дирекциясы. Біз Алматы қаласы мен Алматы облысы тұрғындарына телекоммуникация қызметтерін ұсынамыз. Заманауи озық технологияның дамуына қарай, телекоммуникация саласы да қарқындап өсуде. Бұл, әрине, бізге жүктелген жауапкершіліктің артқанын көрсетеді. Осы саладағы біздің ең үлкен жетістігіміз – абоненттеріміздің сеніміне ие болу. 3500-ден астам қызметкер абоненттерге әрқашан сапалы қызмет көрсетуге дайын. – «Алматытелекомның» тұрғындарды түрлі байланыс қызметтерімен қамту аумағы қаншалықты? – «Алматытелеком» ӨТД Алматы қаласы мен Алматы облысы тұрғындарын сапалы, заманауи қызмет түрлерімен қамту жұмыстарын жүргізіп келеді. Телекоммуникация қызметтерінің ауқымды спектрін ұсыну арқылы кеңейтілген сервис желісі жүзеге асырылуда. Телекоммуникация қызметін дамытуға филиалдың барлық қызметкерлері және делдалдық желілері жұмысқа тартылған. Сонымен қатар, филиалдағы абоненттер үшін әртүрлі жергілікті және орталықтандырылған акциялар өткізіліп, олар қатысушыларға компаниядан бағалы сыйлықтар ұтып алуға мол мүмкіндіктер береді. Елбасының «ҚР ауылдық елді мекендерді талшықты-оптикалық байланыс желісі технологиясы бойынша кеңжолақты интернет желісімен қамтамасыз ету» жобасы аясында 2018-2020 жылдары Алматы облысы бойынша жалпы 2345 шақырымды құрайтын, 310 мың тұрғыны мен 413 мемлекеттік мекемесі бар 161 ауылдық елді мекенге талшықты-оптикалық байланыс желісін салу жоспарлануда. – Елімізде «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы жүзеге асуда. Цифрландыруға орай, «Алматытелеком» байланыстың жаңа технологияларын қалай меңгерiп жатыр? – «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы дер кезінде қабылданды. Біздің қоғам онсыз да біртіндеп цифрландыруға көшіп келеді. Бағдарламаны жүзеге асыру барысында ауылдарға да сәт-сәтімен кеңжолақты интернет келіп, барлық телекоммуникация қызметтерін ұсынуға мол мүмкіндік туды. Меніңше, «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы ауыл және қала тұрғындары арасындағы ақпараттық теңсіздікті жоюға ықпал етеді. Сондай-ақ, аталмыш бағдарлама шеңберінде биыл біздің филиал Алматы облысы аудандарын цифрландыру бойынша аудан әкімдерімен кездесу ұйымдастырып, кеңжолақты интернетке қолжетімділікті арттыру, «Қазақтелеком» АҚ ұсынатын жаңа қызмет түрлерін дамыту, ауылды аймақтарды, білім беру мекемелерін және денсаулық сақтау ұйымдарын талшықты-оптикалық байланыс желісіне қосу, интернет сапасын және жылдамдығын арттыру бойынша бірқатар жұмыстарды жүзеге асырды. Демек, шалғайдағы елді мекендерді де жоғары жылдамдықты интернетпен жедел қамтамасыз ету керек. Білім беру мекемелері мамандары мен ұстаздар әрдайым өз білімін жетілдіруге тиісті. Сондай-ақ, цифрландыру денсаулық сақтау саласы ұйымдары мамандарының өз жұмысын сапалы, әрі жылдам атқаруына ықпал ететіні сөзсіз. Биыл «Қазақтелеком» АҚ компаниясы «Қауіпсіз қала» жобасы аясында Алматы облысының біраз аудандарын «Бұлтты бейнебақылау» жаңа қызмет түріне қосуды жоспарлап отыр. Аудан әкімдерімен ынтымақтастық қарым-қатынаста болу Алматы облысы тұрғындарының өмірін жақсартып, алға қойылған мақсат-мүдделерінің тиімді жүзеге асуына зор септігін тигізеді деп сенімді түрде айта аламын. – «Қазақтелеком» АҚ компаниясы базалық телефон, жоғары жылдамдықтағы интернет, цифрлы телевидение қызметтерінен басқа не ұсына алады? – «Қазақтелеком» АҚ компаниясы базалық телефония, жоғары жылдамдықтағы интернет, цифрлы телевидение қызметтерінен басқа өз абоненттеріне: «Антивирус», «Ата-ана бақылауы», «Кейінге қалдырып төлеу», «Бағдарламалық жасақтамамен қамтамасыз ету», iD TV Online, HD арналары, «Геймер» ойындары, «Отбасылық шешім», «Әмбебап нөмір» және т.б. жаңа, заманауи қызмет түрлерін де ұсынады. Осы қызметтердің біріне тоқталатын болсақ, ол «Аltel» және «Tele 2» компанияларымен бірлесе жүзеге асқан бірқатар жобаларды айтуға болады. Олар: LTE (4G) базасындағы Интернет желісіне жаңа мобильді кеңжолақты қатынау қызметі мен FMS «Отбасылық шешім» топтамасымен ұялы байланыс қызметтері. Бұл қызметтердің басқа қызметтерден артықшылығы – оның құрамына Қазақстан бойынша стационарлық нөмірлерге тегін қоңырау шалу және «Аltel» және «Tele 2» шығыс қоңырауларына тегін, 20 ГБ-қа дейін 4G-интернет, басқа операторлар желісіне 180 минутқа дейін қоңырау шалу мен SMS жіберу қызметтері кіреді. 2017 жылы жаңа қызмет түрлері «Бұлтты бейнебақылау» қызметімен толықтырылды. Тұрғындардың жайлы және қауіпсіз өмірін қамтамасыз ететін бұл жаңа қызмет түрі арқылы тұтынушылар өз пәтерінде болып жатқан жайттарды қашықтан қадағалап, 7 күн мұрағатта сақталатын жазбаларды арнайы сілтеме арқылы кез келген ұялы телефоннан немесе дербес компью­тердің көмегімен бақылауға мүмкіндік алады. Біздің қызметтің нарықтағы осыған ұқсас ұсыныстармен салыстырғандағы бәселекелестік артықшылығы бейнебақылаудың онлайн режимде тәулігіне 24 сағат бойы қолжетімділігінде. Егер абоненттің кіреберісінде немесе пәтерінде ұрлық жасалса, абонент арнайы мамандардың келіп, мұрағаттағы бейне жазбаларға рұқсат ашып беруін күтіп отырмайды, өзі мұрағаттағы жазбаларды кез келген уақытта ұялы телефон құрылғысы арқылы көре алады. Деректер «бұлтта», яғни «Қазақтелеком» АҚ жылдамдығы жоғары интернет-серверлерінде сақталады. Егер де қылмыскерлер кіреберісте орнатылған бейне камераларды бұзуға талпынса, бейнежазбалар зақымдалмайды, қылмыскерлерді ұстауда, кінәлілерді жазалауда тиісті құқықтық тәртіп органдарының дерек ретінде қолдануына ықпалын тигізеді. Қазіргі уақытта осы қызмет түрін Алматы және Талдықорған қаласы бойынша 5,6 мыңнан аса көп қабатты үйлердің тұрғындары қолданып отыр. Және олар бұл қызмет түріне дән риза. – «Қазақтелеком» АҚ-ның, оның ішінде «Алматытелеком» ӨТД-ның мемлекеттік тіліміздің мәртебесін көтеріп, оның қолданылу аясының кеңеюіне үлкен үлес қосып жүргені аян. Осы мақсатта қандай жұмыстар атқарылып жатыр? – Түп-төркінін сақтаған түркі тілдерінің ішіндегі ең таза тіл – қазақ тілі. Қазақ тілінде ұлттың жаны, рухы сақталған. Рух – ақыл, ақыл – білім. Қазақ тілі – кемел тіл. Қолдану әлеуеті өте жоғары тіл. Сондықтан біздің мекеме мемлекеттік тілге үлкен жауапкершілікпен қарайды. Халқымыздың дара тұлғасы, Ұлы Отан соғысының хас батыры, атақты қолбасшы, қаламы жүйрiк жауынгер жазушы Бауыржан Момыш­ұлы кезiнде «Анамыздың ақ сүтiмен бойымызға дарыған ана тiлiмiздi ұмыту – бүкiл ата-бабамызды, тарихымызды ұмыту» деп, ана тiлiмiзге алаңдаушылық бiлдiруi тегiннен-тегiн болмаса керек. Қазақ тiлiнiң мемлекеттiк тiл мәртебесiне ие болуы – Тәуелсiздiгiмiздiң жемiсi. «Алматытелеком» өңірлік телекоммуникация дирекциясында елiмiз Тәуелсiздiк алған алғашқы жылдары-ақ, яғни 1994 жылы құрылған мемлекеттiк тiл бөлiмi бар. Мемлекеттiк тiл бөлiмiнiң негiзгi мiндеттерiнiң бiрi – «Қазақстан Республикасындағы Тiл туралы» Заңды жүзеге асыру жөнiндегi жұмыстарды ұйымдастыру, «Қазақтелеком» АҚ бекiткен оқыту бағдарламасының шегiнде 1, 2, 3-санат қызметкерлерiне мемлекеттiк тiлдi оқытудың ұйымдастырылуын қамтамасыз ету болып табылады. Содан бергi кезеңде қазақ тiлi қызметкерлерге жүйелi түрде оқытылып келедi. Ал арнайы қазақ тілі кабинеті ұлттық нақышта қайта жаңғыртылып, интерактивтік тақтамен, мультимедиялық жүйемен толық жабдықталған. Қызметкерлердің заман талабына сай абонентке мемлекеттік тілде сапалы қызмет көрсетуін қамтамасыз ету – біздің міндетіміз. Бүгінгі таңда уақыт алтыннан да қымбат кезде, қызметкерлерді өндірістен қол үзбей оқытудың бірнеше әдістерін қолға алдық. Атап айтқанда, мемлекеттік тілді менторлық оқытуға, бейнеконферец-байланыс, қашықтан оқыту сабақтары өткізіледі. Телекоммуникация саласындағы кәсіби қазақ тілі, сонымен бірге қызметкерлердің тілдік біліктілігін қазақ тілін оқытудың көп деңгейлі стандарт технологиясы арқылы арттыруға ерекше көңіл бөлінуде. – Бәсеке бар жерде, сапа да болады. Қазір телефон, интернет желісін ұсынатын компаниялар жеткілікті. Осы ретте басқалардан озық болуға тырысатын шығарсыздар? – Жаңа технологияның қарқынды дамуы мен заманауи нарық талабына орай, байланыс саласында күн сайын жаңалық, тың өзгеріс енуде. Себебі мұны тиімді пайдаланушылар да күннен күнге артып, бизнес-орталықтарының талаптары да күрделене түсуде. Мұның бәрі мекеменің бизнес-моделіне, сонымен қатар ұйымдық құрылымына тиісті өзгерістер енгізуді талап етеді. Телекоммуникация саласы өте жылдам әрі қарқынды өзгеріс үстінде. Уақыт өткен сайын бәсекелестік талаптары күшейіп келеді және сәйкесінше жаңа ойыншылар қатары да артуда. Сол себепті бізге неғұрлым жылдам әрі икемді болу қажет, яғни компанияның ұйымдық моделі өзгеруі тиіс. Біз өз абоненттеріміздің ұсыныстарын қанағаттандыру үшін барынша шұғыл әрекет етуге тырысамыз. Алматы қаласы мен Алматы облысының қалалары мен аудандарын цифрландыру үшін жаңа технологиялар негізінде барлық телекоммуникация қызметтері топтамасының кең спектрін ұсынамыз. Соның бірі – «Әмбебап нөмір» қызметі. «Әмбебап нөмір» топтамасында үш қызмет бір SIM-картаға біріктірілген: қалалық нөмір, мобильді нөмір, жылдамдығы жоғары интернет. Қызмет тұтынушылардың қолдануына бірегей мүмкіндік береді. Соған сай ұйымның орталық кеңседен бастап, өңірлік бөлімшелерінде жұмыс істейтін қызметкерлері өзгерістің қажеттілігін түсініп, белсенді түрде атсалысуда. Бүгінде компанияның жаңартылған стратегиясының арқасында сеніммен алға қарай ұмтылып, көздеген мақсаттарға табысты қол жеткізіп, қойылған міндеттерді ойдағыдай орындап, табыстан-табысқа жетіп келеміз. – Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында «Туған жерге туың тік» деген ұғымды кеңінен түсіндіріп берген еді. Туған жеріңізге жиі барып тұрасыз ба? – Жамбыл облысы, Жуалы ауданы, Бурно-Октябрьское ауылында дүниеге келдім. Әке-шешем соғыс жылдарында қарапайым жұмысшы болды. Колхозда еңбек етіп, егіншілікпен айналысты. Отбасымызда жеті баламыз. Барлығымыз да білім алдық. Әкем бізді еңбекке ерте баулыды. Ата-анамыздың тәлім-тәрбиесі мен қамқорлығының арқасында біздің әрқайсысымыз жеке тұлға ретінде қалыптасып, отбасылы болдық. Әкем әрқашан: «Адамды адам ететін – оның еңбегі мен жақсы іс-әрекеттері», – деп айтып отыратын және жоғарғы оқу орнында білім алуымызды талап ететін. Қазақ халқы үшін қара шаңырақ пен ағайын-туыстың, бауырдың орны бөлек. Қара шаңырақ – ата-бабадан қалған қасиетті құт мекен. Оны құрметтеу, қасиетті санау – перзенттік парыз. Ал ағайын-туыс, бауыр – қорған. Олармен ауызбірлікте болу ұлт келбетін танытатын ұлағат. Ұлағаттан айырылу – ұрпаққа сын. Ағайынның татулығы, ауызбіршілігі кез келген қиындықты жеңетін асыл қасиет. Сондықтан туған жерге барып, ата-анама зиярат жасауды еш ұмытқан емеспін. – Ал Елбасының кезекті «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы туралы қандай ой бөлісесіз... – «Тарихи таныммен ұрпақ өседі, ұлттық сана қалыптасады» деп, Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасында атап өткендей, «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында көтерілген тақырыптардың бірі – тарихи сананы жаңғырту. Жүрегі Отан деп соққан әрбір жас – іргесі берік, мақсаты айқын егеменді елдің болашағы. Бабаларымыздан келе жатқан небір құнды дүниелеріміз жетерлік, тарихымыздың тереңде жатқан көненің көзінің әрбір бөлшегін зерттеп, зерделей отырып, бүгінгі жас ұрпақты сонау замандардан жинақталған ата-бабамыздың мол мұрасымен сусындату біздің міндетіміз. Ұлдың батыр, қыздың әдепті болып қалыптасуы бабалар мұрасына байланысты. Халықтың өткені мен бүгінін ұмыттырмай, тарихты терең зерделеуге мүмкіндік беретін бастаманың елімізге қаншалықты керек екендігін түсінеміз. Бұл бағдарламалық мақаладағы ұсыныстар – бабаларымыздан келе жатқан ұлттық мұрамызды терең тануға және ынтымағымыз бен бірлігімізді бұрынғыдан да күшейтуге жаңа серпін, жаңа жігер беретіні сөзсіз. Демек, бабаларымыздың өнеге-өсиетін пайдалана отырып, мың жылдық бай тарихымыздың ашылмаған қырларын, жетістіктерін көркем әдебиет, тарих, кино, театр арқылы түсіндіру – ұрпақ алдындағы жауапкершілік. Біздің уақыт пен кеңістіктегі орнымызды, тарих беттеріндегі рөлімізді айқындау һәм түсіну бүгінгі қоғамға ауадай қажет. Сондықтан қоғамның әрбір мүшесі мақалада көтерілген мәселеге өз тарапымыздан қандай үлес қоса алатынымызды ойластырған жөн. – Адам күн сайын жаңашылдыққа, жаңалыққа құмар. Өзіңізді қалай жетілдіріп отырасыз? Білуімше, салауатты өмір салтын ұстанатын «Алматытелеком» ұжымы біраз жетістікке жеткен көрінеді... – Алматы байланыс электртехникумын тәмамдап, әскерден келгеннен кейін, Алматы энергетикалық институтын бітірдім. Биыл байланыс саласында еңбек етіп жүргеніме 41 жыл толады. Осы саланы таңдауымның себебі де сол, жаңашылдыққа құштарлығымнан деп білемін. Байланыс саласына деген қызығушылық мектеп қабырғасынан бастау алды. Оқушы кезімнен бастап теледидар, радиоларды жөндеп, физика сабағында алған білімімді қолданып, бұзылған заттарды жөндегенді жақсы көретінмін. Осының бәрі, қиын да қызықты байланысшы мамандығын таңдауыма әкелді. Ал еңбек жолым 1977 жылдан басталды. Бірінші, Жуалы аудандық байланыс саласында электромеханик болып қызмет атқардым. Содан кейін, Жуалы аудандық байланыс саласының бастығы, Жамбыл ОТД аудандық телекоммуникация торабының директоры, Жамбыл ОТД Бас директорының орынбасары-техникалық директор, Жамбыл ОТД Бас директоры, Оңтүстік-Қазақстан ОТД Бас директоры, құрамына үш ОТД кіретін (Жамбыл, Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан) Оңтүстік Қазақстан облыстық телекоммуникация дирекциясының Бас директоры қызметтерін атқардым. 2006 жылы «Алматытелеком» қалалық телекоммуникация орталығының Бас директоры міндетіне ауыстырылдым. Ал 2015 жылдың қазан айынан бастап басқару жүйесін өзгерту жөніндегі сынақ жобасы негізінде, «Алматытелеком» ҚТО (қалалық телекоммуникация орталығы) мен Алматы ОТД (облыстық телекоммуникация дирекциясы) филиалдарының бірігуінен қайта құрылған ірі бөлімше – «Алматытелеком» ӨТД Бас директоры лауазымына тағайындалдым. Адам ретінде қиянатқа жаным қарсы. Аңға шығуды ұнатпаймын. Салауатты өмір салтын ұстанамын. Филиалда корпоративтік рухты дамыту және салауатты өмір салтын насихаттау, денсаулықты нығайту, қызметкерлерді қоғамдық өмірге және дене шынықтыруға тарту мақсатында жыл сайын 40-тан астам іс-шаралар өткізіледі: мемлекеттік және кәсіби мерекелер, спартакиадалар, турнирлер, тимбилдингтер және т.б. Мұндай іс-шаралар филиал қызметкерлеріне жалпы халықтық рухты, салауатты өмір салты мен қызметкерлер арасындағы өзара достық қарым-қатынасты нығайтуға ықпал етеді. Ұжымның осы уақытқа дейін алған марапаттары өте көп, әсіресе, оның көпшілігі ұжымның спорт саласында жеткен жетістіктері. Осы тұста «Алматытелеком» қызметкерлерінен құралған футбол командасын атап өткен жөн. Бүгінде бұл команда тек біздің филиалдың ғана емес, «Қазақтелеком» АҚ компаниясының мақтанышына айналып үлгерді. Бұл команданың облыс аумағында, республика деңгейінде жеткен жетістіктері жетерлік, соның бірі 2017 жылы «Самұрық-Қазына» АҚ компаниясымен ұйымдастырылған мерейтойлық спартакиадада біздің команда мини-футболдан кубок иегері атанып, Италиядағы үздік футболшылар ойынын тамашалау мүмкіндігіне ие болып қайтты. Сонымен қатар, өткен жылдың қорытындысы бойынша, біздің филиал «Қазақтелеком» АҚ филиалдары арасында 1-орынды иеленіп, «2017 жылдың Үздік филиалы» атағына ие болды. Барлық осы жетістіктер, филиалдың құрылымдық бөлімше қызметкерлерінің күн сайынғы еңбекті талап ететін жұмысының нәтижесі деп білемін. Сондай-ақ, өмірдің қайнар көзі ретінде кез келген саладағы жаңашыл бағыттағы әдебиет пен әдеби басылымдарды оқимын. Футбол, волейбол мен теннис ойындарын ұнатамын. Әсіресе, соның ішінде футбол ойыны жаныма жақын. Сондай-ақ, аз болса да бос уақытымды отбасыма, немерелеріме арнауды ұмытпаймын. – Әңгімеңізге рахмет!    

Сұхбаттасқан Динара Мыңжасарқызы