Еңбек мигранттары: 1607 азамат туберкулезге шалдыққан
Еңбек мигранттары: 1607 азамат туберкулезге шалдыққан
Соңғы жылдары Қазақстанға жұмыс іздеп келетін шетелдік тұрғындар саны артып отыр. Елімізде жыл басынан бері 360 мыңнан астам еңбек мигранты тіркелген.
Оның 10 мыңға жуығы Көші-қон туралы заңды бұзғаны үшін ел аумағынан мәжбүрлі түрде шығарылса, 2 жарым мың жұмыс беруші әкімшілік жауапкершілікке тартылды. ҚР Көші-қон туралы заңына сәйкес, әр қазақстандық азамат сырттан ең көп дегенде 5 еңбек мигрантын жұмысқа жұмылдыруға құқылы. «Алайда олардың қызмет мерзімін асырып алу жағдайлары көбеймесе, азаймай отыр», ‒ дейді құзырлы комитет өкілдері. Сала мамандары жұмыс іздеп келген мигранттарды заң аясында маусымдық жұмыстарға қабылдап, олардың денсаулық жағдайына да мән беруге шақырды. «Біріншіден, келгенде 5 күн ішінде уақытша тіркеуге қоясыз. Содан кейін дәрігерлік медициналық тексеріс өткізеді. Сосын салық төлейсіздер. Әр айға 2 айлық есептік көрсеткіштен. 1-3 айға дейін мерзімге алуға болады. Сосын көші-қон полициясына барасыз, сол жерден дактилоскопия іздерін алады. Содан кейін көші-қон полициясының рұқсаты беріледі», ‒ дейді ҚР ІІМ Көші-қон комитетінің аға инспекторы Манарбек Тұрлыбекұлы. Соңғы 4 жылда елде 44 мың шетелдік мигрант медициналық тексерістен өткен. Диагностика нәтижесінде 1 мың 607 азаматтың құрт ауруына шалдыққаны белгілі болды. Дерт анықталғалы бір жыл ішінде емделмесе, жұқпалы ауру осынша уақыт аралығында 10-15 адамға тарауы мүмкін. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегінше, жалпы туберкулез дерті әлемде өлімге себепші 10 негізгі фактордың қатарына жатады. Өткен жылы аталған ауруға 10 млн адам шалдықса, оның 1 млн 600 мыңы көз жұмған.