Жаңалықтар

Жапырақ сынды  ашылған жүрек

ашық дереккөзі

Жапырақ сынды  ашылған жүрек

Сағат Әшімбаев... Ұмытылмас бейнесі өзі жанындай жақсы көрген қазақ халқының жадында мәңгілікке сақталып, есімі ел аузында жүрген, қазақ руханияты мен мәдениетіне өлшеусіз үлес қосқан азаматтың ойлы, парасатты сөздері талайлардың жүрегіне тура жол тартқан еді кезінде. Тағдырдың әділетсіздігіне шара бар ма, сыншы Сағат, саңлақ Сағат 44 жасында мәңгілікке аттанған. Артында айтып үлгермеген асыл ойлар, атқарып үлгермеген талай ізгі істер қалды. Белгілі ғалым, жазушы Тұрсын Жұртбай: «Оның жүрегі ашылған жапырақ сияқты. Ешқашан жабылмайтын. Жапырақ жүрегі  үлкен-кішіге бірдей ашық еді. Алғаусыз ашылған жүрекке біз кейде тұз, кейде бұрыш сеуіп жіберіп жүрдік. Тіпті, қабірінің басындағы ескерткішінде де оның жүрегін ұстап тұруы – сол бір тұздықтардың жүрегін жиі ашыта беретіндігінен болар», – деп жазғанындай  («Өртеңде ұшқан көбелек») жүрегі ашық жандардың ғұмыры тым қысқа болатыны өкінішті. «Тúrkistan» газеті Сағат Әшімбаевтың санаға сәуле құятын пайымдары мен ойлы сөздерін оқырмандардың сарабына ұсынуды зор абырой санайды.

Ұлы Абай тағылымы туралы

 Қазақта ақын көп, бірақ соның ішіндегі халқы туралы қаһарлы сынды көп айтқан данышпан сыншы ақын Абай. Оның ұлылығының өзі елдің ұлы кемшіліктерін көзге айтуында емес пе? Тілі қаттының бәрінің де діні қатты емес. Бұл жағынан қарасақ, Абайдан «тілі қатты» ақын жоқ екен. Ал сол қаттылықта ешқандай қатыгездік жоқ, қайта халқын сынап отырып қалтқысыз сүйген жүректің ыстық лүпілі жатқан жоқ па?!

***

Басқасын айтпағанда, данышпан ақын Абайдың өзін көпшілік қауым орта мектеп оқулығының ауқымында ғана білетіндігін, ал оны әлі де толық қабылдап болмағанымызды жалған деп жоққа шығарып көріңізші?! Қазақты түсіну үшін Абайды оқу қажет, ал Абайды түсіну үшін азамат болу шарт. Абайды тану – қазақтың өзін-өзі тануының басы да, соңы да! Абайды тану – Абай айтқан сындардан толық қорытынды шығару деп білеміз.

***

Айдай анық нәрсе, Абай ақын ғана емес, ол өлеңдері арқылы өз халқының төрдегі басын есікке сүйреп келген басты міндерін батыл көрсетіп берген тұңғыш дана сыншымыз да! Өкінішке қарай, Абайдың сол әлеуметтік-философиялық өткір сындарын сындарлы сынды қабылдау мәдениетіміздің төмендегі салдарынан әлі күнге толық қабылдап, толыққанды қорытынды шығара алмай жүргенімізді жасырғанмен бәрібір ол кемшіліктен арыла алмаймыз ғой.

***

Бұрын-соңғы мен ілгергі-кейінді қазақ ақындарының ішінде әзірге Абайдан асырып ұлттық мінезіміз бен психологиямыздағы, тіршілігіміздегі кейбір тоғышарлық қылықтарымызды әшкерелеп берген ақын туған емес, туса да болған емес!

***

Абайды тағылым тұту дегеніміз – Абай тағылымынан шындап үлгі-өнеге алу, тәлім-тәрбие көру. Абай айтқан жаныңа жара салар жамандықтардан, яғни кеселді әрекет, кесірлі пейіл, кесапат мінездерден бойыңды да, ойыңды да көш бойы аулақ ұстау, оларға жол бермеу, жол бергенге сенікі жөн деп айтпау деп білеміз.

***

Абай тағылымына тағзым ету – Абай айтқан адам баласына тән сыры мен сымбаты тең түскен жақсы қасиеттерге «болмасақ та ұқсап бағып» оларды қастерлей білу, жақсылыққа жол ашу, парасатқа құштарлықты дәріптеу, адалдық пен шындық мүддесі жолында мүлт кетпеу, адам тағдырына аяушылықпен қарай білу, азаматтық һәм адамгершілік дәстүрлерді көзіміздің қарашығындай қорғай білу болып табылады.

***

Абайдың «тіл өнері дертпен тең» деген ұлы сөзі бар. Біз көбінесе Абайдың осынау сөзін тек әдебиетке, болмаса әдебиетші қауымға ғана қатысты сияқты айтатынымыз бар. Біздіңше, бұл дұрыс емес. Абай бұл сөзі арқылы жалпы тіл өнерін білмеудің салдары кімге болса да дертпен тең екендігін меңзеп тұр. Дерттің де дерті бар, ал тіл білмеуден туған дерт ең қауіпті дерт екендігін Абайдан артық ешкім айтпаған, тіпті Абай данышпандығының бір қыры осында жатса керек.

***

Абай тағылымынан үйрену деген сөз – өз өміріңе және өзгелерге де Абайдың көзімен әділ баға беруге үйрену, барыңды да, жоғыңды да Абай таразысына салып өлшеп көру, Абай көрсеткен кемшіліктерге кеңшілік бермеу. Абайдың бізге беретіні сол, біздің одан тек батпандап ала білуіміз ғана. Абай біздің еркімізден тыс құпиясы мол құбылыс, ал біз шындап өмір сүргіміз келсе, оның еркінен тыс өмір сүре алмаймыз. Осыны ұмытпауымыз керек.

***

Сол дәуірдегі дара туған, дара тұрған ұлы Азамат Абай жанына өз кезіндегі жамандық атты анайы құбылыстың бел баласы – тоғышарлық пен немқұрайлылықтың аз батпағаны белгілі. Содан да болар ол «қаны қара бір жанмын, жаны жара» деп ашына айтуға еріксіз мәжбүр болған. «Ой кіргелі тимеді ерік өзіме» деп өзі айтқандай, Абайдың өз уақытының ұлы ойшыл азаматы ретінде тоғышарлыққа қарсы күрестен бойын аулақ сала алмауы заңды да еді. Оның осы күрескерлік-азаматтық бағытынан ешбір таймауы бүгінгі біздерге үлгі етіп үкілеп ұқсайтын астарлы қасиеті деп білеміз.

Азаматтық пен адамгершілік туралы

Азаматтық пен адамгершілік! Тіпті бұл екеуі бір-бірінен бөлуге келмейтін түп негізі бір егіз ұғым. Немесе олар бір медальдің қос беті десе де болады. Нағыз азаматтықтың қуат алар қайнар көзі, арнасы терең адамгершілік болса, ал адамгершіліктің ақшаңқан апогейі азаматтық екені анық. Ал екеуінің өзара бірлігінен саналылықтың ең жоғарғы сатысы – күрескерлік сезім немесе патриоттық сезім келіп шығады.

***

Күрескерлік рухтың жасуы – ешқашан ешқандай жақсылыққа апармасы анық! Ол әлсіреген тұстан жамандық бел алып, белді күшке айнала бастайды. Шындық қайда болса, әділдік сонда, ал әділдік ту тіккен жерде – шындық салтанат құрады. Сол шындық пен әділдік күрессіз келген емес! Демек, күрестің тоқтауы – шындық пен әділдікті құрбандыққа шалу екен. Олай болса, күрестен қашу – шындықтан қашу емес пе?

***

Пенде баласы әуел бастан өз уақытының – аз уақытының ғана ұлы емес, расын айтсақ, «құлы» да екенін несіне мәймөңкелейміз. Мынаған қараңызшы, бәрімізге де уақыт өз бағасын береді, бәріңізді де уақыт өз сыбағасынан да – пешенеңізге жазылған өз сыбағаңыздан да құр қалдырмайды... Сөйтіп жүріп бәрімізді де уақыт жеңеді. Және қалай жеңілгенін айтып үлгеруге мұршасы келмей кетіп жатқандар қаншама... Олай болса, бәріміз қосылып қалай жабылсақ та, қалай жалынсақ та ешуақытта уақыттың ұлы заңын жеңе алмаймыз. Себебі уақыт бізге емес, біз оған тәуелдіміз. Соған қарамастан оны жеңемін деп, оған қоса бір-бірімізді қалай жеңеміз деп әлекке түсіп әуре болудан асқан әпербақандықтың түрі болмайтын да шығар. Ендеше уақыттың дегенінен аспау да, бергеніне таспау да әлжуаздыққа жатпайды. Сол сияқты уақытты жеңетін ешкім жоқ және уақыт жеңбейтін ешнәрсе жоқ екендігін білгенге де не жетсін?! Сондай-ақ, «тұяқты тұяқ жібермейді» демекші, уақыттың қателігін де уақыт кешпейтіндігін есте ұстаған жөн.

***

 Туған босағасын сағынбаған туған жерін ешуақытта сағына алмайды. Туған жерге деген махаббаттан да адамның моральдық бет-бейнесі көрінеді. Туған жерге деген махаббаттан – туған халқыңа деген ұлы махаббат басталмақ.

***

Адамгершілік! Бұл сөздік қорымыздағы сөлі ерекше, мәні мәңгілік айқын, салмағы пара-парсыз парасатты сөз. Сөз ғана емес, адамның ең асыл қасиетін анықтайтын бірден-бір аяулы ұғым. Ұғым ғана емес, тіршіліктің мәнін, дүниенің сәнін төрттағандап ұстап тұрған ең ұлы принцип. Шынын айтқанда, жеке дара принцип қана емес, заңның да, заманның да, адамның да құдыреттілігін танытатын ең ұлы күш! Өйткені адамгершілікке негізделген жерде не нәрсеге де құдірет даритындығы мәлім.

Тіл мен әдебиет туралы

Туған тіліңді сүю деген оны егжей-тегжейлі білу, осы тілдің кұдіретін патша көңілмен паш ететін Асан ата мен Абайдан бастап бәрін оқу деген сөз, бұл аз десеңіз туған тіліңді сүю деген өзің туған ел мен жерге деген перзенттік сүйіспеншіліктің символы. Ал тағы да таратыңқырап айтсақ, ана тілін сыйламаған туған анасын керемет сыйлай қояды дегенге де күмәнмен қарар едік. Сондай-ақ, халықтық мінез бен дәстүр де, кісілік те тіл арқылы қалыптасатындығын және тіліңді білмей тұрып халық психологиясын жете білу мүмкін емес екендігін еске сала кеткіміз келеді. Бұған қоса өз тілін білмегеннің өзегі, бөлектігі былай тұрсын, психологиялык жағынан өмір бойы бір бүйірі олқы тұратындығы да шындық.

* * *

Жазушы ешуақытта өзі үшін ғана жазбайды. Оның сыры да, жыры да қашанда халықтық мұрат-мақсатпен, әлеуметтік арман-мүддемен сабақтасып, тарихи-рухани қажеттілікпен, заман аңсар-ағымымен ұштасып жатуға тиіс. Сол үшін де материалдық жағдай, моральдық барша мүмкіндіктер жасалып отыр. Сондықтан да шығарма сиясы кеппеген, ыстық-суығы басылмаған қолжазба күйінде автордікі де, ал кітап болып халық қаражатымен басылып, мыңдаған сом қыруар қаржы жұмсалғаннан кейін ол – халықтық рухани меншігіне өтеді. Ендеше, оны сол халықтың барлық өкілдеріне қандай эстетикалық-идеялық тәрбие береді деген тұрғыдан бағалаған жөн сияқты.

* * *

 Халық пен тіл егіз ұғым, демек бұл екеуі бірінсіз-бірі жоқ. Олай болса, тіл мүддесі халықтық ең жоғары мүдде. Ендеше оған кезегі бірінші мемлекеттік мәселе ретінде қарауға тиіспіз. Сондай-ақ, тіл байлығы дегеніміз байлық атаулының басы да, соңы да, тіпті ең баяндысы да екенін біле бермейтіндер де бар-ау. Біз әдетте құдірет деген сөзді орынды-орынсыз көп айтып жатамыз, біздіңше сөз құдіретінен – сөздегі құдіреттен асқан, біле білгенге ештеңе жоқ-ау.

* * *

 «Тіл байлығының ең басты белгісі – сөз байлығы» (Ә.Хайдаров) екені рас, сөйтсе де тіл байлығы – ой байлығының да өлшемі екенін, тілдің бай тарихы – халықтың бай тарихын паш ететіндігін немесе халық пен тіл егіз ұғым екендігін, иә болмаса тіл кұдіреті – халық құдіретін айғақтайтындығын дәлелдеп уақыт алып жатудың өзі бос әурешілік, бұлар тіпті дәлелдеуді қажет етпейтін әлдеқашан аксиомаға айналып кеткен шындықтар!

* * *

 Өлеңнің жаны сұлулық қой. Бұл атам заманнан айтылып келе жатқан ақиқат. Ал оны қайталамасқа құдіретіңіз қайсы. Сұлулық өлеңнің ғана емес, өмірдің де мәңгілік сәні. Өлең сол өмірдің үзіліп түскен мөлдір тамшысы, бөлшегі.

* * *

Сөз байлығы өткендегі және бүгінгі халық тарихының қасиетті рухани қазынасы, оның өткені мен бүгінгісін бүге-шігесіне шейін, тіпті болашағын да айқын көрсетіп отыратын сиқырлы айнасы екендігіне күмән келтірген кісінің өзі күмәнді екеніне несіне таласып жатамыз... Сондай-ақ, «қай халықтың да жаны мен тәні – тілінде. Тілден тілдің кеңдігі болғанымен, кемдігі болмайды» деген азаматтык ойлы пікірге де толық қосылуға болады.

* * *

 Жазушы көз көргендерін сол қалпында бейнелеп қана қоймайды. Өмірден алатыны, өз жанынан қосатыны анық. Былайша қарағанда шығарма жазушының идеалы мен анти-идеалының көрінісі. Өйткені жазушы ең алдымен күрескер азамат. Алдаспаны – қаламы мен парықты сөз. Жазушы жаны сүйген құбылысты мадақтап, жиренгенін мансұқ етеді. Оның бұл ойы шығармада бүркеулі жататыны анық. Өйткені әдебиет жалаң публицистика емес, онда идея образға айналып кетеді.

* * *

Кітапқа деген көзқарас әдебиетке, тілге деген көзқараспен тікелей байланысты. Өйткені әдебиет тіл арқылы жасалады да, ал тіл сол әдебиет арқылы дамып отырады. Демек, әдебиетке деген сүйіспеншілік ана тілге деген ұлы махаббатпен ұласып жатқан сабақтас ұғымдар. Бірі жоқ жерде екіншісінің болуы мүмкін емес. Ал екеуіне деген сүйіспеншілік азаматтықтың басты факторы боп саналады.

* * *

Бір сәт ойланып көріңізші, шынында да, тіршілік атаулы тілден басталмай ма?! Тілсіз жерде тіршіліктің мәні де, сәні де жоқ екендігін дәлелдеп жатудың өзі артық. Олай болса, тіл – тіршіліктің тірегі екендігі ешқандай да дәлелдеуді қажет етпейтін ұлы аксиома! Жердің сәні ел болса, елдің сәні өз тіліне деген шынайы сүйіспеншіліктен көрінетіндігіне «көзі ашық, көкірегі ояу» адам таласа қоймас. Сол сиякты тілге деген немқұрайдылық айналып келгенде, болашаққа деген немқұрайдылық...

* * *

 Әдебиет халықтың рухани асыл қазынасы болғанмен, оны жасаушы – сол халықтың арасынан шыққан дарынды да қайраткер азаматтары. Сондықтан да жеке адамдар жасаған әдебиет дүниесін мыңдар, миллиондар оқиды. Сондағы ұлағатты ойлардан өмірлік өнеге, үлгі алады. Міне, әдебиеттің құдіреті, оның әлеуметтік зор тәрбиелік мәні осында жатыр.

* * *

Әдебиет – көркем сөз философиясы. Шын мәніндегі келісті шығармалардағы образдардың ішкі астарының философиялық ойлармен көктелетіні тегін емес. Әдебиетте таразының бір басы эстетикалық дүмпу, дабыл. Сүйсінту ғана емес, шошыту, жылату ғана емес, күлдіру, қуанту.

* * *

Әдебиет «жүректен қозғайтын, әдептен озбайтын» (Абай) сөз өнері. Демек, әдебиет – әдеп туралы әдемі сөз болса, сол сөз өнерінің иесі жазушыға деген әдепті көзқарас жалпы әдебиетті өсіретіні мәлім. Өйткені сөздің түзу болуы сөйлеушіге ғана байланысты емес, тыңдаушыға да байланысты. Сондықтан да әдебиеттің жетістігі мен кемшілігін оның өзінен ғана іздемей, оған деген көзқарастан да іздеген жөн сияқты.

***

 Талант пен мінез! Осы екі қасиетті сөзден келіп өнер мен өнеге туындайды. Амал не, сақи да бақи да табиғат жоғарыдағы екеуін де бір адамның бойына бере бермеген ғой. Бірін тапсаң, екіншісін таба алмай жатасың. Бізде қайсібір жағдайда таланттың тарпаң келетініне пендешілікпен осқырына қарайтын мінез бар. Мәдениеті, әдебиеті, тарихы бай елдер талантты ұлдарын қалайда құрметтей білгенін, білетінін ұмытпаған жөн сияқты.

Сын жанры туралы

Сын туралы сөз – алдымен әдебиет туралы сөз болу керек. «Сынның дәрежесі – жалпы әдебиеттік білімнің дәрежесін көрсетеді». Бұл – А.С. Пушкиннің концепциясы. Бұл пікір бүгінде аксиомаға айналып кеткен. Сын – әдебиеттану ғылымының іргетасы. Әдебиет – адамтану ғылымы десек, сын әдебиеттану ғылымының философиясы. Ежелгі бір Шығыс аңызының соңында «өсек айтқанның жолын кес, сын айтқанның, шын айтқанның қолын шеш» деген ұлағатты түйін бар екен. Ойға көп нәрсені алдыратын және ойландыратын түйін.

* * *

Сыншы таланты – аса сирек талант. Сыншылық екінің бірінің қолынан келе бермейтін қиын өнер екендігін кезінде сынның корифейі Белинскийдің жақсылап айтып кеткендігін білеміз. Сондықтан да сынды кез келген білімі тайыз, білігі төмен, теориялық даярлығы жоқ, сын эстетикасынан, тарихынан хабары шамалы жандардың ермегіне айландырмау – сын абыройын қорғау болып табылады.

* * *

Сын жұрағатқа балық үлестіргендей жұрттың бәріне бірдей жалған абырой-атақ үлестіретін немесе шүлен тарататын, сыбаға, сый-сияпат ұсынатын жанр емес. Керек десеңіз, сын әлдекімдер жеңіл ойлайтынындай, әлдекімді мағынасыз мақтау немесе жөнсіз даңғаза даттау да емес. Сын – белгілі бір шығарманы болмаса күрделі бір әлеуметтік я әдебиеттік проблеманы тағылымы мол талдаудың, сара жолмен саралаудың үлгісін көрсететін, сонымен бірге бардың парқын, жоқтың нарқын анықтап беретін сөз өнерінің тұрпаты бөлек, тұғыры биік өзгеше бір түрі.

***

 Ешкім де шешесінен сыншы болып тумауы мүмкін, ал соған қарамастан ең қажет маман сыншы тәрбиелеу, сыншы атмосфера қалыптастыру, сынға жан-жақты қамқорлық жасау, жасты да, жасамысты да әділ сынды әдеппен қабылдауға үйрету, нысанаға дөп тиген ниеті түзу сын пікірлерді қажет жерінде қолдау мен қорғау – өсер әдебиеттің өскелең мүддесін көздеу ғана емес, өсер елдің өскелең өнегесін де танытса керек! Олай болса сынға деген шын мәніндегі шынайы қамқорлық шындыққа деген шырқау биік сүйіспеншілік сезімнің символы.

***

Шындықты айту, шындықты шырқырап отырып қорғау шынына келсек сыншыларға ғана емес, бәрімізге де ортақ азаматтық міндет! Шындықтың мүддесін – адалдықтың ақ мүддесін қорғау бәріміздің де адамгершілік парызымыз!

***

Сын – есеп айырысудың, өш алудың, кек қайтарудың құралы емес, сын тәрбиенің ең жоғары түрін көрсететін этикалық және эстетикалық тәрбие құралы.

***

 Жазушы мен сыншы шындықты жазып қана емес, күнделікті өмірде айтып та қорғауға тиіс. Өйткені тіл дегеніміз ойдың көрінісі болса, сөз дегеніміз де әрекет. «Жазушы шындықтың шырақшысы, ақиқаттың апостолы» (Т.Манн) деген сөзде терең мағына жатыр. Демек, ақиқатты айтқан адам айыпты емес, оны көріп тұрып көзін жұмып, айналып өткен адам айыпты!  

Дайындаған Жаңабек ШАҒАТАЙ