Жаңалықтар

Тұңғыш президент күні – жалпыхалықтық мереке

ашық дереккөзі

Тұңғыш президент күні – жалпыхалықтық мереке

«Ұлттық мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптама орталығы» АҚ ұжымы «1 желтоқсан – Тұңғыш Президент күні» деген атпен дөңгелек үстел өткізді. Жиында орталықтың президенті Ә.Ибраев тәуелсіз Қазақстанның іргетасын қалаудағы Елбасымыздың ерен еңбегін ерекше атап өтті. Дөңгелек үстелге жиналған орталық қызметкерлері әрі қарай өз ойларын ортаға салды. Қоғаммен байланыс бөлімінің жетекшісі Н.Жұмақан Президент Н.Назарбаевтың «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Қазақстан халқына Жолдауына кеңінен тоқталды. «Биылғы Жолдаудағы басымдықтардың ішінде алдағы 5 жылда білім, ғылым, денсаулық сақтау салаларына жұмсалатын қаражат көлемін жалпы ішкі өнімнің 10%-ға дейін жеткізу мәселесіне айрықша назар аударылғандығын баса айтуымыз керек. Қазақстанның осы уақытқа дейінгі білім саласына ЖІӨ-нің 2,98%-ын жұмсап келгенін ескеретін болсақ, оның 10 пайызға артуы білім мен ғылым саласына үлкен серпіліс туғызатыны анық», – деп ойын қорытты. Аталған бөлімнің бас маманы Б.Құлынбаева Елбасының әлемдік аренадағы сыртқы саясаттағы алар орнын саралады. Алыс-жақын шетелдермен бейбіт қарым-қатынас орнату – Елбасының көпвекторлы саясатының бір бөлшегі десек қателеспеспіз. Ағымдағы жылы Президент Н.Назарбаевтың АҚШ президенті Дональд Трамппен кездесуі екіжақты стратегиялық әріптестікті кеңейтті. Одан бөлек, Қазақстанның саяси және экономикалық серіктесі – Еуропалық Кеңес елдерімен кәсіпкерлікті дамыту және инвестиция тарту бойынша әріптестік нығайды. Сонымен бірге Елбасының бітімгерлік және бірігу жайындағы бастамалары әлемдік жиындарда қашанда қолдау тауып келеді. Әлем елдері Елбасын ғаламдық ядроға қарсы қозғалыстың көшбасшысы ретінде де танитынын айта кетуіміз керек. Ақпараттық ресурстарды қалыптастыру департаментінің бас маманы Ж.Бүркітбаев Мемлекет басшысының «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласына талдау жасап, Елбасының қазақ халқының ғана емес, түркі елдерінің тарихи, мәдени мұрағатын жинақтауға бастамашы болып отырғандығы ерекше атап өтті. Құқықтық және кадрлық жұмыс департаментінің бас маманы Н.Келімсейіт «Тәуелсіздік идеяларының маңызы және ұлттық бірегейлік» тақырыбында баяндама жасап, ұлттық бірегейліктің негізгі белгілерін сақтау, құрметтеу және оны атадан балаға мұраға қалдырудың маңыздылығына тоқталды. Елбасының тәуелсіз Қазақстанды құру жолындағы еңбектері әлі талай зерттеліп, жазылатын болады. Жасаған еңбектері Тұңғыш президент күні ғана емес, жыл бойы саралана бермек.  

«ҰМҒТСО» АҚ

Қоғаммен байланыс бөлімі бас маманы

Арайлым Жолдасбекқызы