6 Желтоқсан, 01:07 231 0 Қоғам Аяулым САЛЫҚЖАНОВА

«Үркерлі айдың бәрі қыс»

Сырттай қарасақ, қазақ халқы соншама ғылым мен білімді, түрлі өнерді үндемей-ақ игере білген сияқты көрінеді. Себебі ескіден қалған байырғы ойлар мен жорамалдар орайын тауып дәл келіп жатады. Тағы дәлел керек десеңіз, соншама ғасыр бие ұстап, қымыз, саумал ішіп жүрген қазақтардың ұлттық сусынын ести сала немістер улата-шулата, жаңалық ашқандай өздеріне иемденіп алды. Бір жылдары Абайдың өлеңдерін жатқа оқып, айтқан ойларымен түгелдей келісіп, оны билікке қарсы қолданып, ресейліктер интернетті шулатты. Аспанға қарап, ертеңгі ауа-райын, алдағы қыс-жаздың қандай боларын дәл болжаған халық кемеңгер емей немене?!

Аспантану – бүгінгі тілмен айтқанда, ерекше ғылым. Бұрынғы ата-бабаларымыз аспандағы 24 жұлдыздық амал өзгерісін, яғни табиғат құбылысын – жауын-шашын уақытын дәлме-дәл айта алған. Жайлау мен қыстау, көктеу мен күздеу арасындағы көші-қонды көк аспандағы көп жұлдызға қарап білген. Тіпті, әрбір жұлдыздың аты мен затын, қозғалысын да жақсы меңгеріпті. Осының бәрі қазақтың сан мыңдаған жыл бойы қалыптасқан аспантану танымының жемісі. Белгілі этнограф-ғалым Болат Бопай: «Қазақтың ішінде ертеде, баяғы замандардан бастап қуыс қамысты аспанға қаратып, сығалап, сонымен жұлдыздардың орнын бақылайтын аспан есепшілері болған. Олар жұлдызға қазақша ат қойып, жақсы таныған. Жетіқарақшы, Үркер, Таңшолпан, Есекқырған, Сары жұлдыз, Қызыл жұлдыз, Сүмбіле, Таразыны білді. 24 амалдық жұлдыз туралы 300-ге жуық мақал-мәтел бар. Мысалы, «Таразы туса, таң салқын, Сүмбіле туса, су салқын», – дейді.

Сүмбіле жұлдызы туған шақтан бастап, өзен-көлдердің суы ептеп салқындай бастайды. Бұл жұлдыз тамыз айының 22-сінен қыркүйектің 21-іне қарай жарқырай түседі. Бұған дейін де ол өз орнында тұрған, тек соншалықты анық көрінбейді. Көшпелі өмір салтын ұстанған ата-бабаларымыз ауа райын өздерінше болжап отырған. Ұшқан құстың, жүгірген аңның белгілерімен қатар, аспан денелерін де мұқият зерттеген. Қазақта «Сүмбіле туса су суыр» деген сөз бар.

Жалпы, дүниежүзі халықтарының кейбірі Күнге көбірек мінәжат етсе, ал енді бірінің Айға құлшылығы көбірек болып келеді. О.Сүлейменовтің пайымынша, күнге құлшылық, әсіресе, солтүстік белдеуде орналасқан халықтарға көбірек тән болуы керек, өйткені олар үшін күннің қажеті ыстық белдеулерде тұратын халықтарға қарағанда маңыздырақ. Ал қазақ мәдениетінде Ай да, Күн де өз орнымен қасиеттелген.

Көшпенділердің өмірінде сакралды аспан денесі – Ай өте маңызды рөл атқарған. Көшпелі халықтарда бастапқыда ұзақтығы он айлық Ай күнтізбесі болған. Қазақтардың пайымында, алдымен жіңішке орақ түрінде ғана пайда болатын Ай 7 күннің ішінде жартыға толысып өседі. Келесі шерігінде (7 күн) Ай толысып, шеңбер, дөңгелекке айналады. Бұны қазақ «он бесінде толған айдай» дейді. Ай өскенде сол жағына қарай толысып өседі. Ал енді келесі кезеңде Ай біртіндеп оң жағынан бастап кетіліп, 7 күннің ішінде тағы да жартыланады – жарты Айға айналады. Осы кетілу әрі қарай жалғасып, қалған 7 күннің ішінде толық мүжіліп бітеді. Мөлшермен алғанда 28 күндік бір айдың алғашқы 14 күнінде Ай туады, өсіп-өнеді, жетіледі, толысады. Ендігі қалған 14 күннің ішінде, бейнелеп айтқанда, Айдың біртіндеп кему, мүжілу, тозу, жоғалып біту үдерісі жүреді. Сондықтан да Ай – біздің ата-бабаларымыздың мифологиялық дүниетанымында, түсінігінде жаратылу мен  пайда болудың, өсіп-өнудің, толысудың, одан біртіндеп кемудің, азаюдың, түбінде құрып бітудің нақты нышаны, аспандағы көрінісі.

Қазақ Айдың 28 күндік бір айналымын адам өмірімен салыстырған. Адам баласы да жоқтан бар болып жаратылады, туады, өсіп-өнеді, толысады, бұдан соң қартаю басталып, қай жағынан болсын біртіндеп кемиді, мүжіледі... ең аяғында мәңгілікке аттанады.

Жаңа туған Айға қарап, қазақтар сол  айдың ауа-райын болжаған. Егер айдың орағы тік орналасса немесе соған жақын жатса, яғни тігінен туса, бұл қалпы айдың өзіне жайсыз, ал шаруаға жайлы деген. Ал ай шалқасынан жатып туса, онда өзіне жайлы, шаруаға жайсыз деп есептеген. Ай шалқайып туса, күн суытады. Ай еңкейіп туса, қыс – жылы, жаз – ыстық болады. Ай мүйізге ұқсап шаншылып туса, қыс желді, суық. Ал жазы аңызақ желді болады. Ай дөңгеленіп туса, қыс аязды болады. Аспандағы бұлттар ақ шарбы болып баяу қалқыса, күн жақсы болады. Айдың мүйізі үшкір болса, ауа-райы жақсы болады, ал мүйіздері шалқақ болса күн бұзылады деп есептеген.

Көне қазақтар аспандағы Күн мен Айдан басқа бес үлкен планета-жұлдыздарды жақсы білген. Олар: Есекқырған, (Юпитер), Кіші Шолпан (Меркурий), Шолпан (Венера), Қоңырқай жұлдыз (Сатурн), Қызыл жұлдыз (Марс).

«Қазақ арасындағы аңыз бойынша, Жетіқарақшы жұлдызы жеті қарақшының рухы, олар өлген соң жеті жұлдызға айналған. Тағы бір аңызда жеті қарақшы күні бойы ұрлық жасайды да, түн бола өздерінің күндізгі жасаған күнәларына қайғырады. Жеті қарақшы өлгеннен кейін жеті жұлдыз болып кетіпті. Жеті ұрының тұтқынында Үркердің қызы бар», – деп жазады Ш.Уәлиханов.

Қазақтардың күнтізбелік танымында Үркер жұлдызы маңызды орын алған. Г.Н. Потаниннің қазақтардың арасынан жазып алған  аңызы бойынша: « ...бұрынырақта Үркер он екі жұлдыздан тұрған, сол себепті, ол кезде көктем, жаз мезгілі болмаған, мәңгі қыс қана болатын. Жануарлар қалай болғанда да Үркерді тауып, оны жоюды ойлаған. Жылқы қуып жүріп, Үркердің төрт жұлдызын ұстайды да, таптап тастайды, түйе екеуін тарпиды, ал алтауы сиырдың тұяғымен жаншылады. Алайда сиыр тұяғының айыр болғандығынан және сиырдың ұқыпсыздығынан алты жұлдыз аман қалады, сондықтан, ендігі жерде қыс алты айға созылатын болған. Бұған ашуланған жануарлар сиырдан жұлдыздарды неге аман жібергенін сұрағанда, сиыр: «Ыстықта пысынап жүргенше, суықта сықырлап жүрген жақсы», – депті.

Сондықтан да сиыр суықтан қорықпаса керек деп санайтын қазақтар әлі күнге аз емес. Бірақ суықтан қорықса, сиыр қорықсын.

Қазақтарда Үркерге байланысты ырымдар мен ауа райын дәл топшылаулар өте көп. Ол бойынша:  «Үркерлі айдың бәрі қыс», «Үркер жерге түспей жер қызбайды», «Үркер жерге түсерде қой қырқылады», «Үркер туса сорпа ас болады», «Үркер көтерілгенде шөп те көтеріледі, бидай бас тартады» және тағы басқалары. Ал егер «Үркер суға түссе (яғни, көл не өзен бар жерге батса) қыс қатты болады, егер құрғақ жерге түссе, қыс жайлы болады...» деген. Сондай-ақ, Үркер жерден көтеріле бастағанда жауын-шашын болады, жел тұрады, егер жауын-шашын мол болса, мал өседі, егер аз болса, құрғақшылық болып, жем-шөп аз болады деп сенген.

Қазақта ауа-райы, табиғат құбылыстарына қатысты көптеген ырымдар болған. «Жұлдыз шақшиып тұр екен, ертең аяз болады», «Жұлдыз жыпылықтап кетіпті, боран болады» деген де жорамалдар бар.

Ол жорамалдар әзір де бар. Жастар біле бермесе де, үлкен ата-әжелер аспанға қарап уақытты не ертеңгі ауа-райын дәл тауып отырады. Бұның барлығы қазақтың астрономия ғылымынан алыс болмағанын көрсетеді. Ен далада адасып, жұлдызға қарай бет түзеп, жол тапқандар туралы әңгімелер де жетерлік әдебиетімізде. Сондықтан аталған жорамалдарды халқымыздың аспан денелерін терең зерттеп, дұрыс тапқан пайымдары деп қабылдауымыз қажет.

Соңғы жаңалықтар