6 Желтоқсан, 01:00 116 0 Ішкі саясат Аяулым САЛЫҚЖАНОВА

Көп көлік эстакадамен жүйіткиді

Алматыда теміржол бойымен эстакада арқылы Назарбаев даңғылын Жансүгіров көшесіне дейін үңгілеу жұмыстары аяқталды. Қала әкімі Бауыржан Байбек «солтүстік-оңтүстік» бағыты бойынша Сейфуллин даңғылының жүктемесін азайтатын жаңа жолайрығын көрді.

Техникалық жағынан күрделі жобаны жүзеге асыру үшін 7,4 млрд теңге жұмсалды. Құрылыс екі жылға созылып, 500 адам қосымша жұмыспен қамтылды. Енді бұл жолмен тәулігіне 48 мың көлік жүре алады. Эстакаданың тірек қондырғылары мен қабырғаларын тұрғызу үшін 7 мың текше метр бетон және 4 мың тоннадан астам металл құрастырылымы пайдаланылды.

Қала әкімі Бауыржан Байбек жаяу жүргінші инфрақұрылымын құру және қоғамдық көлікті дамытумен қатар қалада көлік жүргізушілердің жағдайын жақсарту да қолға алынғанын айтты. Ол үшін жолайрықтары салынып, жолдар жөнделуде. Біржақты қозғалыс енгізілуде. Адамдардың мобильділігі артып, бизнестің логистикалық шығыны төмендеп келеді. «Президентіміздің саясаты арқасында Алматы тұрақты дамып, экономикалық жағынан өсіп келеді. Соңғы он жыл ішінде 30 жол­айрығы ашылды, жаңа үйлер салынуда, қаланың тарихи орталығы жаңарды. Бизнес өркен жаюда. Міне, мұнда сіздердің үлестеріңіз айтарлықтай, атқарылған істердің барлығы жұмысшылар еңбегінің нәтижесі», – деді Бауыржан Байбек.

Айта кетерлігі, 30 қараша күні ұзындығы 800 метр болатын эстакадамен жүргізушілердің алғашқы легі өтіп көрді.

Соңғы жаңалықтар