Тарихтың тереңінен тағылым
Тарихтың тереңінен тағылым
Елбасының «Мемлекет пен ұлт құрыштан құйылып, қатып қалған дүние емес, үнемі дамып отыратын тірі ағза іспетті. Ол өмір сүру үшін заман ағымына саналы түрде бейімделуге қабілетті болуы керек» деген «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында асқақ рух, соны серпін берген тағылымды сөзі әрбір қазақстандықтың, «Мәңгілік ел» жастарының күнделікті көкейінде жүретін қанатты сөзіне айналуы тиіс деп ойлаймын. Патриотизм ортақ тарих пен мәдениеттен, тіл, ұлттық құндылықтар, отбасынан бастау алады. Белсенді жасампаз патриотизм елдің жетістіктерімен, біздің дәуірдің қаһармандарының нақты істерімен қуатталып отыруы тиіс.
Тәуелсіз дәуірдегі Қазақстан жаһандық бәсекеге қабілеттілікке қол жеткізуге бағытталған барша тиімді тұстар мен мүмкіншіліктерді пайдаланып, ұлттық кодын сақтай отырып, рухани жаңғыруға бел буды. Оның басты мақсаты – Ұлт жоспарын орындау аясында әлемнің ең озық 30 елінің қатарына қосылу болып табылады.
Н.Ә. Назарбаев бүгінгі таңда жеке адам ғана емес, тұтас халықтың өзі бәсекелестік қабілетін арттырса ғана табысқа жетуге мүмкіндік алатынын баса айтып, болашақта ұлттың табысты болуы оның табиғи байлығымен емес, адамдарының бәсекелестік қабілетімен айқындалатынын баяндайды. Тарихтан сабақ ала отырып, тереңіне үңілген болжаудың, дағдарысқа душар болған қоғамды алға жетелеудің, өркендеуге апаратын жолдар мен іс-әрекет жүйесін табудың күрделілігі мен өзектілігін көрсеткен Елбасының салиқалы саясаты Қазақстанды гүлденудің жолына салып, үлкен мүмкіндіктерге жол ашты. Қазақстан өз егемендігінің алғашқы жылдары саясат саласындағы стратегиялық мақсатқа негізделген президенттік республика құруға басымдық берді. Саяси, экономикалық реформаларда егеменді еліміз бірқатар жақсы нәтижелерге қол жеткізгені баршаға мәлім. Ол адами құндылықтар, жастарды тәрбиелеу, олардың бойына патриоттық рухты сіңіре білу жұмысында рухани салаға басымдық берудің қажеттілігін алға қойып отыр.
Ал идеология мәселесіне келер болсақ, Қазақстан халқына арнаған кестелі сөз, кесек ойлары көрініс тапқан «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты тұғырнамасында Президент елес идеологияларға ермей, заманға сай амал етуге үндейді: «Өкінішке қарай, тарихта тұтас ұлттардың ешқашан орындалмайтын елес идеологияларға шырмалып, ақыры су түбіне кеткені туралы мысалдар аз емес. Өткен ғасырдың басты үш идеологиясы – коммунизм, фашизм және либерализм біздің көз алдымызда күйреді. Бүгінде радикалды идеологиялар ғасыры келмеске кетті. Енді айқын, түсінікті және болашаққа жіті көз тіккен бағдарлар керек. Адамның да, тұтас ұлттың да нақты мақсатқа жетуін көздейтін осындай бағдарлар ғана дамудың көгіне темірқазық бола алады. Ең бастысы, олар елдің мүмкіндіктері мен шама-шарқын мұқият ескеруге тиіс».
Елбасы Н.Ә. Назарбаев 1993 жылы Ордабасыда Төле би, Қазыбек би, Әйтеке би тәрізді дана билерімізді еске алу кезінде: «Біз мына дүниенің ең қуатты қозғаушы күші – мүдде екенін, негізгі тарихи қадамдарымыздың сол мүдде ортақтастығы қағидасына сай жасалу керектігін де ерте ұғынып, ерте жүзеге асыра алдық. Бұл ақиқат қағиданы да санамызға сіңірген осы билеріміз еді», – деп атап өтті. Тарихтың тереңінен тағылым алған Елбасы Қазақстанның басты мүддесі сыртқа саясаттағы әріптестік пен ішкі саясаттағы тұрақтылық екеніне тоқталды. Мемлекеттің өркендеуі жолындағы баянды қазынасы да осы екі мүдде екені анық. Заман көшінде Қазақстан өзінің саяси жолын таңдап алды. Әлемдік қауымдастық алдында бұл жол Қазақстан жолы деген атпен белгілі.
Қазақстан бүгінде әлемге өндірісі жедел дамып келе жатқан, ішкі саясатында тұрақтылыққа қол жеткізген, бейбіт идеялардың елі болып танылуда. Кәрі құрлық елдері Астананы Азия мен Еуропа арасындағы алтын көпір деп санайды. Мұның бәрін Елбасының әлемдік қауымдастық алдындағы толағай табыстары мен жарқын жеңістері деп білеміз.
«Цифрлы Қазақстан», «Үш тілде білім беру», «Мәдени және конфессияаралық келісім» сияқты бағдарламалар – ұлтымызды, яғни барша қазақстандықтарды ХХІ ғасырдың талаптарына даярлаудың қамы», – деп ашып көрсетеді ел басшысы. Шындығында, бәсекеге қабілеттілік саясат пен экономикада, білім, ғылымда, технологияда, яғни барлық салада болуы тиіс.
Қазақстан аумақтық тұтастық пен тиіспеушілік кепілдігіне ие болды, сыртқы саяси-экономикалық саясатта «ТМД», «Азия-Тынық мұхит аймағы», «Азия», «Еуропа», «Америка» бағыттары даму үстінде, қалыптасқан шекаралардың бұзылмауы жөнінде іргелес мемлекеттермен ресми келісім-шартқа қол жетті, беделді халықаралық ұйымдар мен бизнес алпауыттары елімізбен санасып отыр. Тәуелсіздік жылдарында қол жеткізген барша толағай табыстарымыз – қазақстандық қоғамда бірлік пен келісімді нығайтуға бағытталған дәйекті саясаттың нәтижесі.
Елбасы – Қарулы Күштердің Жоғарғы Бас Қолбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев: «Біздің Тәуелсіздігіміздің тірегі – халықтың игі істері, ал білегі – оның Қарулы Күштері» деп ерекше атап, бөлекше бағалағанындай, біздің армия қазақстандық қоғамның басты құндылықтары – бостандық, тәуелсіздік, бейбітшілік пен тұрақтылықтың күзетінде тұр. Елбасымыз Қарулы Күштерді дамыту мен қазақстандық әскери қызметкерлердің өмір сүру сапасын жақсарту ісіне ерекше көңіл бөлуде. Соның нәтижесінде мәртебелі де маңызды міндет ретінде әскери кәсіптің беделі күннен-күнге артып келеді. Бұл міндетті орындауда еліміздің әр аймағында Жоғарғы Бас Қолбасшының үкілі үмітін ақтап, мемлекеттің абыройын сақтап жүрген әскери саладағы қызметкерлердің орны бөлек. Осы орайда Отанға қалтқысыз қызмет етіп, еліміздің тыныштығы мен баянды бақыты жолында жанын аямаған, Отан шебінде тұрған барша әскерилеріміздің мызғымас мемлекетті қалыптастырудағы үлесі зор деп білемін.
Асқар Мұстабеков,
Радиоэлектроника және байланыс
әскери-инженерлiк институтының бастығы,
полковник