Қаланың бас жоспары қаралды

Қаланың бас жоспары қаралды

Қаланың бас жоспары қаралды
ашық дереккөзі
Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметовтың төрағалығымен Тараз қаласының бас жоспарын талқылау жөніндегі кезекті жиын өтті. Негізгі мақсат – тарихи шахардың өзіндің архитектурасы мен сәулеттік келбетін қалыптастыру. Қазіргі таңда Тараз қаласының жалпы аумағы 18787 гектар. Онда 356 мыңнан астам адам тұрады. Облыс орталығында барлығы 1263 көп қабатты үйлер бар десек, оның 151-і бір қабатттан тұратын ескі тамдар. Сондай-ақ, шахарда 43 261 жеке тұрғын үй тіркелген. Кезекті кездесуде осындай мәліметтер келтірген қала әкімінің орынбасары қазіргі таңда шаһар бойынша жеке тұрғын үй құрылысын салу үшін жер кезегінде 69 700 адам тұрғанын жеткізді. Алайда, мұншама азаматқа бере салатын қалада жер жоқ. Мәселені шешудің бірден бір жол ретінде Байзақ және Жамбыл аудандарының бірқатар аумақтарын қалаға қосу жағы ұсынылды. Сонымен қатар, жауапты мамандар Тараз қаласы бас жоспарының алдағы уақыттағы қолданылуын 3 кезеңге бөліп көрсетті. Ол жаңа бас жоспарды құру, қала маңы аумағының жобасын құру және бас жоспарды кешенді түрде жүзеге асыру. Асқар Мырзахметов заң талаптарына сәйкес жер кезегінде тұрған адамдарға 10 соттық жерді облыстың кез келген аумағынан беруге болатынын да баса айтты. Жиында облыс әкімі тарапынан айтылған тағы бір өзекті ұсыныс: қаланың айналасындағы құрылысқа жарамсыз жерлерді жасыл желекті аумаққа айналдырып, қолдан ағаш отырғызып, орман жасау керек. Ол жерлерден болашақта түрлі демалыс орындарын да ашуға болады. Басқосуда қала сыртындағы демалыс орындарын дамыту жағдайы да сөз болды. Ол көпшілік сұранысына орай Талас өзені жағалауын тиімді пайдаланып, осында арнайы демалыс аймағын құру секілді маңызды мәселелер болып отыр. Бетпақ дала табиғи алқабында орналасқан Тараз қаласын Талас Алатауы, Қаратау таулары мен Тектұрмас биігі қоршап тұр. Тараздың айналасында демалыс орындарын ашуға қолайлы көптеген көрікті жерлер, тау шатқалдары, өзен-көлдер болуына қарамастан, қала тұрғындары демалатын жер таппай қиналады. Отырыс барысында жауапты мамандар Тараз қаласы бас жоспарын іске асыру кезеңдері туралы айтты. Бірінші кезеңде жаңа бас жоспар жасалып, қала маңындағы аумақтарды абаттандыру жобасы әзірленеді. Мамандар Байзақ және Жамбыл аудандары аумақтарының облыс орталығына жапсарлас жатқан бөліктерін қосуды ұсынды. Өңір басшысы Асқар Мырзахметов әзірге жаңа бас жоспарға қажеттілік жоқтығын айтты. Бірақ заңның талабы бойынша, кезекте тұрған азаматтарға облыстың кез келген нүктесінен 0,01 гектар жерді беруге болатынын білдірді. Сондай-ақ алдағы уақытта аталған аудандардың аумақтарында түрліше демалыс орындарын ашу жоспарланған. Асқар Исабекұлы жиын қорытындысында көтерілген мәселелер бойынша жүйелі жұмыс жүргізуді жауапты тұлғаларға тапсырды. Аймақта жаңа қабылданған «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы бойынша да 8 бастама айқындалғанын айта кетуіміз керек. Мәселен, облыс орталығындағы Балуан Шолақ-Жібек Жолы, Жібек жолы-Самарқанд, Төле би-әл-Фараби, Абай-Ташкент, Төле би-Аққозиев секілді 5 көшенің қиылысына «ақылды бағдаршамдар» орнатыламақшы. Тараз қаласында бағдаршамдардың бағаналарын ауыстыру жұмыстары қазір қызу жүргізілуде. Жыл соңына дейін барлығы 99 көше қиылысына 335 жаңа қондырғы қойылады. «Аса» шағын ауданындағы 5 ауланы «ақылды жарықтандырумен» қамтамасыз ету, «Е-архитектура» жүйесін қалыптастыру бойынша электронды карта жүйелеу, жолаушылар маршруттарын GPS-навигациялау сайтын жетілдіру «Қауіпсіз Тараз» жобасы аясында қалаға тағы да қосымша бейнебақылау камералары орнату қарастырылуда.