Жаңалықтар

Өндіріс облыстың дамуына сеп болмақ

ашық дереккөзі

Өндіріс облыстың дамуына сеп болмақ

Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметов «Қазақмыс корпорациясы» басқару кеңесінің бас директоры  Бақтияр Қрықпышев пен «Қазақмыс барлау» серіктестігінің  бас директоры Ғалым Нұржановты қабылдады. Кездесу барысында тараптар бірқатар іскерлік мәселелерді талқыға салды.  Қазақмыстың  Шу ауданында орналасқан  Шатыркөл кен орны бар. Бұл кен орны бойынша екі жақты жасалған келісімшарт 2025 жылға дейін жарамды. Айта кетейік, Шатыркөл кен орнынан өткен жылы қоршаған ортаға эмиссия, жерді пайдалану, мүлік және өзге де төлем-салықтары есебінен облыс бюджетіне 183 миллион теңге түскен. Дегенмен, өндіріс базасы  Қарағанды облысындағы «Балқаштүстімет» өндірістік бірлестігіне қарайтындықтан, бірқатар түсімдер басқа облыстың қазынасын толтыруда. Кездесу барысында Бақтияр Әбдірахманұлы  Шатыркөлден келісім шарт бойынша жер қорын пайдалану үшін  26 гектар жер мәселесін шешіп беруді сұрады. Өз кезегінде Асқар Исабекұлы корпорация сұранысын қанағаттандыруға қарсы еместігін айтып, бірақ бірқатар талаптардың бар екендігін  жеткізді. Өңір басшысы облыс бюджетін толықтыру – ортақ игілік екенін айта келе жер қойнауын пайдаланушылардың филиал ретінде облысқа тіркеліп, салық түсімдерін жергілікті қазынаға аудару қажеттігін  айтты.  Ал, ол мүмкін болмаған жағдайда өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына тұрақты түрде үлес қосуға шақырды. Филиал ашудың тиімсіздігін алға тартқан Бақтияр Қрықпышев екінші ұсынысқа қарсы еместігін білдіріп, корпорация қаржысына келер жылы облыстың 80 жылдық мерейтойына тарту ретінде бір әлеуметтік нысан салып беруге келісті. Өңірдің өркендеуі жолындағы бұл қаржылай қолдау алдағы  жылдары да өз жалғасын табады. Ол үшін арнайы меморандумға қол қойылмақ. Өзге де жұмыс жоспарларымен бөліскен корпорацияның басшылық өкілдері алдағы уақытта да кез келген жағдайда бірлесіп жұмыс істеуге дайын екендіктерін жеткізді. Айта кетейік, Жамбыл облысында орналасқан Шатыркөл мыс кен орны 1949 жылы ашылған. Кен аумағында каледон, герцин интрузиялары дамыған. Кентас өрісі өте ұсақ қатпаршаларға жиырыла жарықтармен тілкемденіп, уатылған тау жыныстары ығысып орын ауыстырған күмбез пішінді қатпарда орналасқан. Кеннің қалыптасуына себепші болған, көбінесе ендік бағытта созылған жарықтар шығыс және солтүстік-шығысқа қарай 40-90 градус бұрышпен еңістенген. Кентасты белдемдер гидротермалдық өзгерістерге шалынған биотитті граниттерде, өндірістік кендер Негізгі және Батыс аталатын кентасты белдемдерде орналасқан. Қалыңдығы 1-7 м, жүздеген м тереңдікке кеткен кен денелері кварцты-карбонатты тау жыныстарынан, минералданған граниттен тұрады. Тотығу белдемінің тереңдігі 20-50 м. Басты кентас минералдарына: халькопирит, молибденит, пирит, магнетит, т.б. жатады. Пайдалы құраушылары: мыс және молибден. Кентас жақсы байытылады. Тотыққан кентастан мыс, сульфитті кендерден жекеленген мыс пен молибден концентраттарын алуға болады. Шатыркөл мыс кен орны ірі кен орындарының қатарына жатады. Ал Мойынқұм ауданының өткен дәуірде ауылшаруашылығы дамыған аймақ ретінде аты шықса, бүгінгі күні өндіріс саласында қарқын алған аудан ретінде танылып келеді. Құмды аймақтың жер қойнауы табиғи байлыққа толы болғандықтан, аудан экономикасының негізгі тірегі сол байлықты тиімді игеріп отырған өнеркәсіп саласы екені де жасырын емес. Мемлекет басшысының елімізге инвестиция тарту мәселелерін әрдайым көтеріп келеді.  Нақтылы кезеңде ауданда үдемелі индустриалды-инновациялық даму бағдарламасы аясында жалпы құны 55,5 миллиард теңгені құрайтын 8 жоба аймақтық кәсіпкерлік картасына енгізілді. Қазіргі таңда аталған жобалардың барлығы да жемісті еңбек етуде.