Жаңалықтар

Польша әуежайында қазақтың күйі орындалды

ашық дереккөзі

Польша әуежайында қазақтың күйі орындалды

Польша астанасында Қазақстаның Тұңғыш Президенті күніне орай ерекше шара өтті, деп хабарлады «Хабар 24». Фридерик Шопен атындағы әуежайда домбыра, қобыз және жетіген бір уақытта күй ойнады. Жолаушылар ерекше әуенді естіп, қойылымды көру үшін көптеп жиналды. Содан кейін әсем әуезді ән-күймен бірге би билеп, адамдар мәз-мейрам болды. Көрермендер шараны смартфондарына түсіріп, қол шапалақтап, қызықты қойылым үшін ризашылығын білдірді. Ал әуежайдағы тосын концертті Жүргенов атындағы ұлттық өнер академиясының музыканттары қойды. Бұл олардың Қазақстанның Тұңғыш Президенті күніне орай шетелдіктерге жасаған тосынсыйы болды. «Мұндай қойылымды алғаш рет көріп отырмын. Адамдардың бәрі риза. Өйткені Ұлы дала музыкасы Варшаваның орталығында ойналды. Өзім музыкаға жақын адаммын. Сондықтан осында шырқалған ән-күй де, биленген би де өте керемет болды. Үлкен рахмет», - деді Леонид есімді жолаушы. «Маған музыка мен би өте қатты ұнады. Сіздің елдің мәдениеті мен музыкасы әдемі. Қазақстанда болған емеспін. Бірақ ондай мүмкіндік туып жатса, қуана-қуана барамын. Астананың суреттерін көрген едім, шаһар бірден ұнады», - дейді көрермен болған әуежайдың тағы бір жолаушысы Ханна.