Бүгін – Тұңғыш Президент күні

Бүгін – Тұңғыш Президент күні

Бүгін – Тұңғыш Президент күні
ашық дереккөзі
Егемендіктің елең-алаңындағы 1991 жылдың әрбір күні ұлт тарихындағы аса маңызды парақтармен қатталғаны белгілі. Әсіресе 1991 жылдың желтоқсан айы қазақ үшін тарихи сәттерді бастан кешті. Соның ішінде үлкен өзгеріске бастаған қадам ретінде 1 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Президентін сайлау күнін айтуға әбден болады.  Бұл күн - қазақ халқының алғаш рет еркін білдіріп, өз билігін өзі таңдап, дербестігін демократиялық сайлау арқылы мақұлдаған күн. Дәл осы күні Қазақстан тарихында тұңғыш рет нағыз демократияға сәйкесетін бүкілхалықтық сайлау өтті, халық өзінің де мемлекеттің де болашағын Президентке сеніп тапсыра алатынын алғаш рет сезінді. Осылайша, 1991 жылдың 1 желтоқсанында Қазақстанның мемлекеттік тарихында жаңа қоғамдық-саяси кезеңге қадам жасалды. Сайлау нәтижесі де Қазақстанның Тәуелсіздікті жариялауын күн тәртібінің кезекті маңызды мәселесі ретінде шығарды. Яғни, Тәуелсіздік тарихындағы ең шешуші қадамның бірі - Тұңғыш Президент сайлауы еді. Тарихи сайлау бір күнде, бір ғана сәтте бола салған жоқ. Алдымен 1991 жылдың 16 қазанында Жоғарғы Кеңес «Қазақ ССР Президентін сайлау туралы» заңды қабылдады. Осы заңмен бірге 1991 жылдың 1 желтоқсанын Қазақ ССР Президентін сайлау күні ретіндей белгілеген қаулы да шықты. Осылайша Қазақстан тарихында тұңғыш рет Республика басшысын жалпыға бірдей, тең және төте сайлау құқығы негізінде жасырын дауыс беру арқылы таңдауға жағдай жасалды. Ал 1 желтоқсан күні - ел тарихындағы тұңғыш жалпыхалықтық сайлауда Нұрсұлтан Назарбаевқа сайлауға қатысқан халықтың 98,78 пайызы дауыс беріп, Мемлекет басшысы ретінде таңдалды. 5-желтоқсан күні Орталық сайлау комиссиясы сайлаудың соңғы қорытындысын жария етті. Ол бойынша республикадағы 21 сайлау округіндегі сайлаушылар тізіміне 9 961 242 азамат енгізілген. Олардың ішінде сайлауға 8 788 726 адам немесе 88,23% дауыс беруге қатысты. Сайлау нәтижесі бойынша Н.Назарбаевты қолдап сайлаушылардың 8 681 276-і дауыс берген, бұл дауыс беруге қатысушылардың 98,78% пайызын құрады. Осылайша, Нұрсұлтан Назарбаев барша халық сайлаған Қазақстанның Президенті мандатын тұңғыш рет иеленді. Тұңғыш Президенттің қызметіне ресми кірісуі мен Елбасының ант беру рәсімі 1991 жылдың 10 желтоқсанында өтті. Ал осыдан 6 күн өткенде Қазақстан Республикасы әлемге өз Тәуелсіздігін жариялады.