Өңірді дамытудың бір тетігі – көгілдір отынмен қамту

Өңірді дамытудың бір тетігі – көгілдір отынмен қамту

Өңірді дамытудың бір тетігі – көгілдір отынмен қамту
ашық дереккөзі
Елімізде «Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасы» сәтті жүзеге асуда. Бірыңғай бағдарламаға «Өңірлерді дамыту», «Моноқалаларды дамыту», «Ақ бұлақ», «Тұрғын үй коммуналдық шаруашылығын жаңғырту», «Қолжетімді тұрғын үй – 2020» бағдарламаларының ережелері, сондай-ақ, шағын қалаларды дамыту бағдарламасының жобасы біріктірілді. Бағдарлама шеңберінде 4 нысаналы индикаторға, 12 нәтиже көрсеткіштеріне қол жеткізу және 100 іс-шараны орындау көзделген. Бағдарламаны іске асыруға 2015-2017 жылдары 1,2 трлн теңге бөлінсе, оның игерілуі 1,17 трлн теңгені немесе 99,1 пайызды құрады. 2018 жылға 194,3 млрд теңге бөлінсе, 8 айда 75,6 млрд теңге игерілді. «Өткен жылы жаңа Мемлекеттік жоспарлау жүйесі бекітілді, оған сәйкес барлық үкіметтік бағдарламаларды мемлекеттік бағдарламалар мәртебесінде бекіту қажет. Осыған байланысты қолданыстағы Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі үкіметтік бағдарламасының міндеттерін, нысаналы индикаторларын, нәтижелер көрсеткіштерін және іс-шараларын өзектілендіре отырып, Мемлекеттік бағдарлама ретінде қайта форматтау бойынша жұмыс жүргізілді», – деп атап өтті Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов. «Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасының» бір бөлігі газ құбырын жүргізуге бағытталған. «Сарыарқа» магистральдік газ құбырының құрылысы басталып, бүгінде тамырына қан жүгірген. ҚР Энергетика министрі Қанат Бозымбаев Үкімет отырысында «Қызылорда – Жезқазған – Қарағанды – Теміртау – Астана» бағыты бойынша өтетін «Сарыарқа» газ құбырының құрылысына қатысты Президент тапсырмасы қалай орындалып жатқаны туралы айтып берді. Алдын ала бұл мәселе министрлікте өткен жиналыста талқыланған болатын. Селекторлық режимде оған Қызылорда, Қарағанды, Ақмола облыстарының және Астана қаласының әкімдіктері, мемлекеттік органдары, сондай-ақ, «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ қатысты. Жиналыста газдандыру жобасын жүзеге асыру бойынша Жол картасы құпталып, жұмыс тобы құрылған болатын. «Біз ЖСҚ жасау мен бекітуді қамтамасыз етуге және Қызылорда – Жезқазған – Қарағанды – Теміртау – Астана бағыты бойынша газ құбыры магистралін төсеуге арналған жерді бөлу туралы келісім жасадық. Жауапты орындаушылар: ҚР Энергетика министрлігі, ИДМ, Қызылорда, Қарағанды және Ақмола облыстарының әкімдіктері мен «ҚазТрансГаз», – деді Қанат Бозымбаев. Министр халықаралық қаржылық институттардың қаражаттарын жұмылдыру арқылы жобаны қаржыландыру кестесін анықтау керектігін атап өтті. Жобаны жүзеге асыруға қажетті еншілес ұйымды құру немесе белгілеумен «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ айналысатын болады. Магистральдік газ құбырын салуға кірісу және алғашқы торапты дәнекерлеу шарасы шілдеде өтті. Магистральдік газ құбырын толтыру және газдың тұтынушыларға жеткізілуін қамтамасыз ету мақсатында Қарағанды, Ақмола облыстарының және Астана қаласының әкімдіктеріне газ тарату желілерінің құрылысын және жобалауын жылдамдату және 2019 жылдың шілдесіне белгіленіп отырған магистральдік газ құбырының аяқталу мерзіміне сәйкестендіру қажет. Елбасы 2018 жылдың 5 наурызындағы Қазақстан халқына Жолдауында бір, бір жарым жыл ішінде «Қызылорда – Жезқазған – Қарағанды – Теміртау – Астана» бағыты бойынша өтетін «Сарыарқа» магистральдік газ құбырының құрылысы жобасын жүзеге асыруды тапсырған болатын. Газ құбыры трассасының ұзындығы Астанаға дейін 1100 шақырымнан асады, құбырдың 80 пайызы Қарағанды облысы аумағы арқылы өтеді, бұл – 820 шақырым. ҚР Энергетика вице-министрі Сәбит Нұрлыбайдың айтуынша, бүгінгі таңда еліміздің 17 өңірінің 11-і табиғи газбен қамтамасыз етілуде. «2017 жылы 102 млрд киловатт/сағат электр энергиясын өндірдік. Соның ішінде газ-электр стансаларының үлесі 20,2 пайызды құрайды. Ал біздің жоспарлық индикатор бойынша осы күнгі көрсеткішке 2020 жылы жетуіміз керек. Яғни, біз үш жыл ертерек орындап отырмыз. Мемлекет басшысының тапсырмасымен 1,5 жыл ішінде біз «Сарыарқа» магистральдік газ құбырының құрылысын іске асыруымыз қажет. Жоба жүргізетін «АстанаГаз КМГ» АҚ тендер өткізіп, мердігер анықталды», – деді. Осы желтоқсанда «Сарықарқа» магистралдық газ құбырының жұмыстары басталады. Келесі жылдың желтоқсанында магистральдің өзі салынып бітеді деп жоспарланып отыр. Бұл – құрылыстың бірінші кезеңі. Бірінші кезеңде Қызылорда облысынан бастап Астанаға дейін магистральдік газ құбыры салынады.