Тілге құрмет – Тәуелсіздікке құрмет
Тілге құрмет – Тәуелсіздікке құрмет
«Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында Елбасы: «Дала фольклоры мен музыкасының мың жылы. Бұл жоба аясында бізге «Дала фольклорының антологиясын» жасау керек. Мұнда Ұлы дала мұрагерлерінің өткен мыңжылдықтағы халық ауыз әдебиетінің таңдаулы үлгілері – ертегілері, аңыз-әфсаналары, қиссалары мен эпостары жинақталады.
...Ұлы даланың фольклоры мен әуендері заманауи цифрлық форматта «жаңа тыныс» алуға тиіс. Бұл жобаларды жүзеге асыру үшін көшпенділердің бай мұрасын жүйелеуге қабілетті ғана емес, сондай-ақ, оның өзектілігін арттыра алатын отандық және шетелдік кәсіби мамандарды тарту маңызды.
Біздің мәдениетіміздің негізгі сюжеттерінде, кейіпкерлері мен сарындарында шекара болмайды, сол себепті оны жүйелі зерттеп, бүкіл Орталық Еуразия кеңістігі мен барша әлемде дәріптеуге тиіспіз» деп жазды. Бұл байыпты мақсат қоғамда бірден қызу талқыға түсті, халықтың рухын бір серпілтті.
Расында, «Қазақ тілі – бай тіл. Оралымды, ырғақты теңеу-бейнелеулері ерте туған тіл» (Ғ.Мүсірепов). Поэзияда Абай, Ілияс, прозада Мұхтар сияқты алыптарды туғызған тіл. Қазақтың әдеби тілі, басқа халықтардың да әдеби тілі сияқты, мәдениетті ілгері бастаушы қуатты құрал. Әдеби тіл мен әдебиетіміздің басы сонау көшпелі қазақтың халық ауыз әдебиетінен бастау алады. Аузынан жыр төгілген, жырында тәрбие мен Отанға деген сүйіспеншілік, ерлік, елдік мәселелері көтерілген ұлағатты халық. Сөз құдіретін ерекше бағалаған жұрт. Сондықтан осындай ата-бабадан тараған ұрпақтың тілді, сөзді, тарих пен әдебиетті әспеттей бағалауы заңды құбылыс.
Тәуелсіз елдің жастары, жасөспірімдері мен балаларының ойы, сөзі, діні мен ділі де тәуелсіз. Осыдан 27 жыл бұрын қазақ жұрты жалтақтап, айтқысы келгенін айта алмай өзгенің қас-қабағына қараумен өмір сүрсе, бүгінде бейбіт елде тату-тәтті өмір кешуде. Кезіндегі Қайрат пен Ләззат сынды елінің шынайы патриоттары бола білген батыр аға-әпкелеріміздің қазіргі ізбасарлары төл тарихты, ана тілін, жыр жауһар мен қара сөзге бай әдебиетін бойларына еміне сіңірген. Тіпті, қазір қазақ қана емес, қазақтан пана тапқан өзге ұлт өкілдері де қазақ тілін ана тілім деп түсінеді, сыйлайды, құрметтейді. Осының барлығы Тәуелсіздіктің жемісі! Өткен күзде Алматыда ұйымдастырылған «Тұлпар мініп, ту алған» бәйгесінде «Алпамыс батыр» жырын жатқа оқыған оқушыларды көріп, жиналған жұрттың өскелең ұрпақ өнеріне мәз болып тарқасқаны – елдің елдігі мен бірлігінің айқын айғағы.
Осы жарысқа қатысып, қазақша жыр шумақтарын нәшін келтіре әдемі оқып, финалға жеткен Михаил Шут пен жүлделі орынның біріне ие болған Ким Арнур жұртшылықтың назарын бірден аударған. ҚР Тұңғыш Президенті күні қарсаңында Отанымыз бір, ойы озық осы оқушылармен әңгімелесуді жөн көрдік.
Михаил Шут, №187 мектептің 8 «ә» сынып оқушысы:
– 26 жыл бойы мектепте қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ беріп келемін. Қазақ тілі мен әдебиетін оқу үшін балаға ең бірінші тілге деген шексіз сүйіспеншілік керектігін түсіндім. Әсіресе, Шут Михаилдың өзіне тән ерекшелігін айтқым келеді. Біріншіден, ол сыныпта өңкей қазақтың қара домалақ балаларымен оқиды. Қазақ тілінде таза сөйлейді. Оның бойында жауапкершілік пен табандылық, еңбекқорлық қасиеттері бар. Сол еңбекқорлығының арқасында тілді еш қиындықсыз түсініп, үйреніп алды.
Әдебиетке деген қызығушылығы 5-сыныптан кейін оянды. Көп шығармаларды екі тілде де оқи береді. Сондықтан ол білімді әрі жан-жақты оқушы. Кез келген тақырыпта еркін әңгіме айтып, эссе жазып бере алады. Әсіресе, осы «Тұлпар мініп, ту алған» байқауына жазған «Кітап оқып жүрміз бе?» деген эссесін ерекше атап өтсем болады. Қазақ тілінде таза әрі әдеби нақышқа келтіріп, әдемі жазып беріпті. Жастайынан қазақ тіліне қызығушылық танытып, қазақ сыныбына келуінің өзі сүйсіндірмей ме?! Болашақта еліміздің дамуына өз үлесін қосатын азаматтардың бірі болатынына сенімдімін. Оны тілге деген құрметінен-ақ байқауға болады. Ақыл тоқтатқан жасқа келсе де, тілді білмей күңкілдеп жүрген отандастарымызға үлгі болатын бала нақ осы Михаил!
Арнур Ким, № 144 мектептің 6 «б» сынып оқушысы:
– Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен 23 жыл бойы сабақ беріп келемін. Арнур өте еңбекқор әрі сабырлы бала. Ол қайсар екенін танытып, алдына қойған мақсаттарына жетуде. Анасының, ұстазының үмітін ақтауға әрдайым талпынатын оқушы. Достарының арасында сыйлы. Спортпен белсенді шұғылданады және де Мұқағали Мақатаевтың өлеңдерін оқығанды жақсы көреді. 2018 жылдың ақпан айында М.Мақатаевқа арналған республикалық сайыста 1-орынға ие болған балаларымыздың бірі.
Тағы бір қуантатыны, мектебімізде Арнурдан басқа мемлекеттік тілде сөйлейтін, сөйлеуге ұмтылатын оқушылар бар. Олар: 8-сынып оқушысы Александра Хан, 3-сынып оқушысы Никита Столбунов, 5-сынып оқушысы Анастасия Пасова және тағы басқалары. Осы оқушыларға қарап, тілге құрмет – елге құрмет екендігін анық түсінемін. Қазақ тілі мен әдебиетін сүйетін оқушылар көбейе берсе екен деп тілеймін. Себебі тіл мен әдебиет қойнауында ұлтқа деген шексіз махаббат жатыр.