Карл Молдахметұлы Байпақов

Карл Молдахметұлы Байпақов

Карл Молдахметұлы Байпақов
ашық дереккөзі
Дүние-жалған 23 қараша күні Қазақ археологиясының бетке ұстар азаматы, тарих ғылымдарының докторы, академик Карл Молдахметұлы Байпақов қайтыс болды. Қаралы жиынға отбасы мүшелерімен қатар, әріптес-достары, қоғам және мемлекет қайраткерлері, БАҚ өкілдері мен шәкірттері қатысты. Карл Молдахметұлы Байпақов 1940 жылы Алматы облысы, Талғар қаласында дүниеге келген. Тарих ғылымдарының докторы, профессор, Қазақ­стан Ғылым Академиясының академигі (2003) және ҚР Әлеуметтік ғылым академиясының академигі (1996), Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым және техника қайраткері (1998). Ленинград (1964, қазіргі Санкт-Петербург) мемлекеттік университетін бітірген. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев көрнекті археолог-ғалым, академик Карл Байпақовтың өмірден өтуіне байланысты оның туған-туысқандары мен жақындарына қайғыларына ортақтасып, көңіл айтты. «Карл Молдахметұлы көп жылдар бойы Ұлы Жібек жолының бойындағы көне қалашықтардың орнын зерттеп, тарихи маңызы зор әрі құнды ғылыми еңбектер жазды. Сондай-ақ, ол Ұлттық ғылым академиясының Археология институтына басшылық жасап, елімізде археологиялық зерттеулерді ұйымдастыру жолында ауқымды жұмыс атқарды. Ғалымның жемісті еңбегі әр жылдары Ш.Уәлиханов және Әл-Фараби атындағы мемлекеттік сыйлықтармен, сондай-ақ, өзге де жоғары дәрежелі марапаттармен атап өтілді. Қазақстандықтар туған елі мен халқының игілігі жолында аянбай қызмет етіп, өзіндік өшпес із қалдырған ғалымның есімі мен сіңірген еңбегін ешқашан ұмытпайды деп сенемін», – делінген жеделхатта.

Ғалым болу үшін мінез керек

Ғалымдарды қай қоғам, қай мемлекет болсын алақандарында ұстап, көкке көтеріп отырған. Оларға ерекше жағдай жасап, сый көрсете білген. Өйткені ғалымдардың орны ерекше. Ғалым болу екінің бірінің қолынан келмейтін дүние. Ол үшін – қасиет, мінез, дарын, орта керек. Арабтарда «Ғалымның дүние салуы – әлемнің күйреуімен бірдей» деген мақал бар. Ғалымның қоғамдағы орнын осындай терең сөзбен айшықтауға болады. Карл Молдахметұлы сондай жандардың көшін бастайтын. Ол – көрнекті ғұлама ғалым. Оның ғылым жолы Ленинградтан басталған. Сонда жүріп классикалық-археологиялық мектептен өткен. Біздің аға буын, үлкен тұлға Кемал Ақышев Карлға тікелей жетекші болды. Біз оқуға түскен кезде Еуропаның центристік ықпалы өте күшті еді. Ол ғылыми әдебиетке де сіңіп кеткен дүние болды. Оның үстіне «орыстар болмаса, қазақтың көзі ашылмайтын еді» деген үгіт-насихаттар жер-жерде жүргізіліп жатты. Сонда Карл: «көшпелі қоғамда қала болған, қоныстар болған, кенттер болған» – деп, кандидаттық жұмысын бекітіп, зерттей бастады. Жетісудан бастап, Оңтүстік өлкелерді кезді. Ол жұмысын «Оңтүстік Қазақстан мен Жетісудың ортағасырлық қала мәдениеті (VI-XVIII ғасырлар)» деген тақырыпта Мәскеуде қорғады. Содан кейін концептуалдық үлкен ғылыми бағытты тұжырымдады. Ол бағытта Қазақстанның 4 тарапы кеңінен қамтылды. Сөйте жүріп, Карл Молдахметұлы қала мәдениеті дала өркениетінің ажырамас бөлігі екенін дәлелдеп шықты. Бұл – үлкен ерлік. Одан кейін Карл осы ғылыми бағытты үлкен мақсат ретінде қарады. Сондықтан зор нәтижелерге жетті. Түркістанның 1500 жыл тойын өткізуде Карлдың үлесі зор. Сонан кейін Тараздың 2000 жылдығын өткіздік. Ол кезде негізгі баяндамашы Карл Молдахметұлы болды. Тарих – күрес. Алматының 1000 жылдығы да үлкен талас тудырды. Сонда Карл өзінің мінезін көрсетіп, нағыз қазақтың ғалымы ретінде бас көтерді. Кейбіреулер Алматы қаласының тарихын беріден бастап, «Верный қаласының 150 жылдық тойын өткізуіміз керек», – деп дабыл қағып, түрлі шараларды ұсынып жатты. Сол кезде Карл маған «мен бастаймын, сен қоста» деп, Халықаралық үлкен ғалымдардың конференциясын өткіздік. Өйткені археологиялық деректер Алматының 1000 жылдық тарихын дәлелдеп бере алатынына сенімді едік. Мен де араб, парсы жазбаларын алға тартып, тарихи датаны белгілеттік. Оның сана сезімі өте жоғары болатын. Өзінің Молдахметұлы Байпақтегі екенін ешқашан да ұмытқан жоқ. Екеуміз 53 жыл бірге жүрдік, бірге өстік. Менен артық оны ешкім білмейтін шығар. Қазақ тарихы, археологиясы, мәдениеті, руханияты орны толмас қазаға ұшырады. Арда азаматынан айырылды. Ең жақын досымды жоғалттым. Қазаның арты қайырлы болсын, Карл Молдахметұлының жатқан жері жайлы болсын!

Болат Ешмұхамбетұлы,

шығыстанушы,

тарих ғылымдарының докторы

Оның деңгейіндегі ғалымдар сирек

Карл Молдахметұлы 1940 жылы тарихшылар отбасында дүниеге келген. Әкесі Молдахмет Байпақов, шешесі Л.Баландина Қазақ педагогика институтының алғашқы түлектерінің бірі. Бұл кісілер 1939 жылы оқуды бітіріп, Талғар қаласындағы ауылшаруашылығы техникумында жұмыс істейді. Молдахмет Байпақовтың үстінен сол кезеңде бір кісілер «байдың баласы» деп арыз жазып, аспирантурадан шеттеткен. Молдахметтің ағасы Манап Байпақов болса, 1938 жылы халық жауы атанып, ату жазасына кесіліпті. Карл Байпақовтың отбасы осындай қиын кезеңді басынан өткерді. 1941 жылы Молдахмет Байпақов соғысқа аттанып, Украина жерінде 1943 жылы танкіде жанып кетіпті. 2013 жылы ғана ол кісінің қай жерде жерленгені табылды. Мінекей, Карл Молдахметұлы балалық шағын осылай еске алатын. Ғылымға келуі де оңай болған жоқ. Талғардағы №1 мектепті бітіргеннен кейін, А.А. Жданов атындағы сол кездегі Ленинград мемлекеттік университеті тарих факультетінің археология бөліміне оқуға түседі. 1966 жылы сол кездегі Шоқан Уәлиханов атындағы тарих, археология және этнология институтында аспирантураны бітіріп шығады. Сол кезден бастап археологияда жаңа бағыт пайда бола бастады. Оған дейін, ол бағытты шетелдік ғалымдар тиіп-қашып зерттеп жүрді. Ал Карл Молдахметұлы өмірінің соңғы күніне дейін, 55 жыл бойы «Қазақ жерінде мәдениеттің қанша түрі болды», «Қала мәдениеті болды ма?» деген тақырыптарға терең бойлады. Өйткені бізді орыс ғалымдары болсын, Еуропа ғалымдары болсын «көшпенділер» деп атап, бізде тұрақ болмаған, мәдениет болмаған деген пікір қалыптастырды. Карл Байпақов өз шәкірттерімен бірге Қазақстанның оңтүстігіндегі, оңтүстік шығысындағы, кейіннен Алтын Орда қалаларын зерттеп, қала мәдениетінің орталығы бізде болғанын дәлелдеді. Орта ғасырда 4 алып мемлекет болған болса, соның бірі біздің ‒ Түркі қағанаттары. «Жүйрік аттар ‒ жыртқыш аңдар патшылығы» деп бізді атаса, Индияны «Пәлсапалар патшалығы», сол кездегі Персияны «Ғылымның дамыған мемлекеті» деп, «Адамдар патшалығы» деп Қытайды атаған. Көшіп жүрген елдердің мекені болмаса, тұрағы болмаса, олар дипломатиялық қарым-қатынасты қалай жасайды? Ол кезеңде көшпелілер Парсы, Қытай, Грекия, тіпті, Рим мемлекетімен байланыста болған. 568 жылы Дизабол деген түркі қағаны қазіргі Тараз қаласында Византия мемлекетінің елшілігін қабылдаған. Ол қаладан Византия мемлекетінің тиындары да табылды. Елшілік қабылдау деген сол мемлекеттің шекарасы болғандығын, оның экономикалық, саяси, мәдени, рухани дамығанының көрінісі. Тағы да мынау Талғардан шыққан болат теңгелердің сонау Сириядан табылуы бізде «отырықшы мәдениет болмаған» дегенді түбегейлі өзгертті. Осылардың басы-қасында Карл Молдахметұлы талмай, тынбай еңбек етті. Ол кісі 40-қа жуық ғылым кандидаттары мен докторларын тәрбиеледі. 17 монография, 800-ге жуық ғылыми мақала жазды. Осындай ұстаздың жанында жүріп, шәкірт болғаныма қуанамын. Соңғы 4 жылда ол ЮНЕСКО-ның халықаралық мәдениет және дін орталығын басқарды. 1991 жылдан бастап 2010 жылға дейін Әлкей Марғұлан атындағы Археология институтында директор қызметін атқарды. Өткен жылы ғана 4 томдық «Ортағасырлардағы Қазақстан урбанизациясы» монографиясы үшін ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанған еді. Карл Байпақов археологтардың ішінде бұл жетістікке жеткен екінші жан. 2003 жылы Қазақстан Республикасының Ғылым Академиясының академигі атанды. Ғалым 2016 жылы Алматы қаласының нақты жасын анықтады. Бірнеше жылдар бойы Алма-Арасан шатқалын зерттеді. Ол жерден өте көп керамика, сонымен қатар 16 теңге табылды. Олардың әрқайсысы 1271 жылы жасалған, «Болат Алматы» жазуы болды. Жалпы, Карл Молдахметұлының кәсібилік шеңбері өте кең. Нақты айтатын болсақ, болат дәуірі кезеңінен бастап, орта ғасырдағы Қазақ хандығы кезеңімен аяқталады. Ол күллі әлемге көшпенділер өркениетінде қала мәдениетінің айшықты көрінісі бар екендігін дәлелдеді. Ол менің ұстазым, біз 1986 жылдан бастап бірге жұмыс істедік. Оның деңгейіндегі ғалымдар өте сирек. Жаны жәннатта болсын!  

Арнабай НҰРЖАНОВ,

Ә.Х. Марғұлан атындағы

Археология институтының

бас ғылыми қызметкері

Дайындаған

Арман ҚАЛМҰХАНМЕТҰЛЫ