Әр әйел сәби сүюге құқылы
Әр әйел сәби сүюге құқылы
Қазақ «Балалы үй – базар» дегенді бекер айтпаған. Себебі бала – өмірдің мәні. Алайда бала сүю бақытына қолы жетпей, шаңырағы шайқалып жатқан отбасы қаншама. Оларда соңғы үміт бар ма? Кейінгі жылдары елімізде қосалқы репродуктивті технологияның дамуы арқасында сәби сүйіп, бақытқа бөленгендердің саны артты. Бұл медицинадағы соны жаңалық.
Бедеулік, белсіздік мәселесі бұрын да болған. Ол кезде отбасы құрған талай жастың жолы амалсыз екіге айырылды. Өйткені репродуктивті технологияның елімізге жаңадан келіп, бағасы шарықтап тұрған кез. Оған екінің бірінің жағдайы жете бермейтін. Ал қазір үмітін үзбеген отбасы соңғы мүмкіндік қалғанша қолдан келген бар амалды жасап бағуда. Жасанды жолмен ұрықтандыру әдісімен Қазақстанда ең алғашқы бала осыдан 22 жыл бұрын, яғни 1996 жылы дүниеге есігін ашты. Қазір ол өзінің отбасын құратындай жасқа жетті десе болады. Содан бергі уақытта бір балаға зар болған 30 мыңдай отбасы ата-ана бақытын сезінсе, соңғы 23 жылда 16 100 бала өмір есігін ашып, бюджеттік бағдарламалардың көмегімен ғана 2010-2017 жылдары Қазақстанда 1800-ден астам бала дүниеге келді. Жалпы, әлем бойынша соңғы 40 жылдың шамасында осындай жолмен 6 миллиондай бала туылды.
Қазақстанда ғана емес, әлемді алаңдатқан мәселе Алматыдағы «Бедеулікті емдеудің заманауи тәсілдері. Қосымша репродуктивті технологиялар: бүгіні мен болашағы» атты X халықаралық конгресте талқыға салынды. Жиынға репродуктивті технологиялар саласының айтулы мамандары – акушер-гинеколог дәрігерлер, ЭКҰ орталықтарының өкілдері, андрологтер, бедеулікті емдеумен айналысатын эндокринологтар, генетиктер мен молекулярлы биологтар қатысып, ойларын ортаға салды. Атап айтқанда, әлемде алғаш рет адам эмбрионы генінің редукциясын орындаған, 2017 жылы әлемдегі ең танымал ғалымдардың қатарына кірген әйгілі ғалым Шухрат Миталипов (АҚШ), профессор Лука Дженероли, КСРО-дағы алғашқы «Түтіктегі бала» (1986) авторы, профессор Елена Калинина, Ресейдің адам репродукциясы қауымдастығының президенті, профессор Владислав Корсак пен Украина репродуктивтік медицина қауымдастығының президенті, профессор Александр Юзько, Беларусьтен Олег Тишкевич, Армениядан Эдуард Амбарцумян, Франциядан Жак де Музон сынды шетелдік професссорлардың айтары көп.
Елімізде 1995 жылдан бері экстракорпоральді ұрықтандыру жолы арқылы талай отбасына қуаныш сыйлауға септігін тигізген биология ғылымдарының кандидаты Салтанат Байқошқарованың ЭКОМЕД клиникасы қолдан ұрықтандыру арқылы 7000 баланы өмірге әкелген. Оның айтуынша, репродукция саласы дамып, адамның ұрпақ өрбіту мәселесі оң жолға қойылған. «Бұл конгресс жылда ұйымдастырылады. Әлемнің ғалымдарын шақырып, жаңалығын естіп, дәрігерлерге жеткіземіз. Бүгінде әлемде экстракорпоральді ұрықтандыруды әдетте бедеулікті емдеу үшін ғана қолданады. Бірақ қазір генетикалық жолмен берілетін ауру көбеюде. Дені сау анадан да науқас бала туатын жайттар жоқ емес. Әлемде 10 мың моногендік ауру болса, ол жер бетіндегі 760 млн халықта кездеседі. Генетикалық талдау жасау – үлкен ғылым. Медицинадағы бұл сала елімізде дамымай отыр. Генетикалық ауру ген арқылы беріледі. Қазір аутизм дертінің көбейіп кетуі де ойландырады», – дейді. Сондай-ақ, С.Байқошқарова: «Қазір экстракорпоральді ұрықтандыру жолымен айналысатын 25 мекеме бар. 2010 жылдан бастап квота беріле бастады. Әуелгіде 100 квота берілсе, былтыр да, биыл да 900 квота бөлінді. Алайда 30 жастағы әйел кезекке тұрса, кезегі жеткенше 35-ке келеді. Ол кезде аналық ұрықтардың сапасы да, көлемі де азаяды. Сондықтан кем дегенде мемлекеттен 17-20 мың квота бөліну керек. Министр Е.Біртанов бұл әлеуметтік сақтандыру жүйесі енгеннен кейін әр әйелге қолжетімді болады деп қуантты» деген жаңалығымен бөлісті.
Қазақстан Репродуктивті медицина қауымдастығының президенті, профессор Вячеслав Локшин елімізде бедеулік жиілігі орташа алғанда 15 пайызды құрайтынын айтты. «Статистика жыл сайын 150-160 мың жұптың арасында неке қиылатындығын көрсетеді. Осы орайда жылына 20 мыңдай отбасында отау құрған соң бір жылдан кейін бала сүю мәселесі қозғала бастайды. Әлемдік ахуалға көз салсақ, бұл қалыпты жағдай. Бұл кезеңде ешқандай жедел қадамдарға барудың қажеттігі туа қоймайды. Әйелімен бірге ер-азаматтар да қаралып, ем қабылдай бастайды. Бірақ осы отбасылардың тең жартысына кәдуілгі ем-дом көмектесе бермейді. Нәтижесінде арнаулы технологиялардың көмегіне жүгінуге тура келеді. Әлемде осы әдіспен дүниеге келген сәбидің өзі 40 жасқа келді. ЭКҰ тиімділігі ерлі-зайыптылардың жасына ғана емес, бедеуліктің қандай түріне ұшырағанына да тәуелді. Қазір бұл көрсеткіш 40 пайызды құрайды. Ал балалы болу нәтижесі 30 пайыз, яғни әрбір үшінші бағдарлама дүниеге дені сау баланың келуімен аяқталады», – деді Қазақстан Репродуктивті медицина қауымдастығының президенті.
Бүгінгі таңда әлемге белгілі әдістердің барлығы Қазақстанда бар. Мамандардың айтуынша, елімізде барлық баласыз жұптарды алғанда бедеулік әйелдің 40 пайызында, еркектерде 30 пайызында кездеседі, қалған 30 пайыз жағдайда кінәрат екеуінен де болады. Жалпы, бедеуліктің үлесі екі жақта бірдей, яғни 50х50 екен. Сол сияқты ЭКҰ бағасы қолжетімді емес. Әрбір бағдарламаға 800 мың немесе 1 млн теңге көлемінде қаржы төлеу қажет.
Конгреске әлемде алғаш рет адам эмбрионынан патологиялық генді алып тастаған әйгілі АҚШ ғалымы Шухрат Миталипов қатысты. 20 жыл бұрын Қазақстаннан АҚШ-қа көшіп кеткен ол әлемде осы сала бойынша зерттеу жүргізген 10 ғалымның тізімінде. «Генетикалық жолмен тұқым қуалайтын қауіпті ауруларды жасуша деңгейінде өзгертіп, сау ұрпақты өмірге әкелуді іске асырдық. Алғаш болып Англияда қолдандық. Қазір сол әдіспен туған бала да бар. Ғылымға енгізген бұл төңкеріс арқылы болашақта түрлі ауытқумен туатын балалар санын азайтуға болады», – дейді әйгілі профессор.
P.S. Экстракорпоральді ұрықтандыру (ЭКҰ) әдісімен дүниеге келгендер табиғи жолмен ата-ана бола алады. Ең алғаш қолдан ұрықтандыру арқылы өмірге келген Браун есімді ағылшынның екі ұлы бар, ал ЭКҰ-мен туған ресейлік азамат 1 ұл, 1 қыз тәрбиелеп отыр. Дегенмен Қазақстанда бала сүю мүмкіндігінен айырылғандар қатары жыл сайын 20 мың отбасыға көбейіп келеді. Ал бұл – тек Қазақстан емес, әлем халқына төнген қауіп. Елімізде биыл 7000 адамға қолдан ұрықтандыру жасалған. Оның басым бөлігі сәби сүйгісі келген шетелдіктер. Себебі ақылы түрде ЭКҰ жасату жерлестеріміз үшін қымбат болғанымен, шетел азаматтары үшін қолжетімді.