Ұлы халықтың мұрагері екеніміз – ақиқат

Ұлы халықтың мұрагері екеніміз – ақиқат

Ұлы халықтың  мұрагері екеніміз – ақиқат
ашық дереккөзі
Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы Түркияда білім алып жүрген қазақстандық студенттер арасында талқыланды. Анкарадағы студенттермен белгілі саясаттанушы, тарихшы ғалым Берік Әбдіғалиұлы кездескен болатын. Кездесу барысында журналистика, тарих, компьютер инженериясы, дінтану сияқты түрлі мамандықтарда магистратура мен докторантурада оқып жүрген студенттер Президент Н.Назарбаевтың мақаласын жылы қабылдағанын, ондағы мақсат-міндеттердің маңыздылығын атап өтті. Мәселен, Кония қаласынан келген филолог Елдос Сүлеймен «Архив-2025» жобасына көп үміт артатынын, әлемде Қазақстанға қатысты ашылмай жатқан деректің көп екендігіне назар аудартты. Ал домбырашы Ержан Арқабай ортақ мәдениет пен музыканың, әдебиет пен философияның түркі әлемі үшін маңызын алға тартты. Оның өзі де Анкарада домбыра курсын ашқан. Баба мұрасына қызығушылар саны күн санап артып келеді екен. Өз кезегінде, Берік Әбдіғали Елбасы мақаласы халықтың рухын көтергенін атап өтті. «Бабаларымыздың атты әлемде алғаш қолға үйреткені бізге мақтаныш сезімін сыйлайды. Бұрын да білетінбіз, бірақ оны Елбасының айтқаны бөлек. Өйткені бізге шын мәнінде мақтаныш сезімі жетіспей жүр. Ол сезім – жұртты рухтандырады. Рух дегеніміз – ұлттық код, қазақша айтқанда – тектілік. Тек кетпейді, өзін іздейді. Біз өкінішке қарай, соншама жыл бодандықта болып азат рухымызды түсіріп алдық. Өзімізді көштен кейін қалғандай сезінетін комплекс, кембағалдық сана пайда болды. Сондықтан да біз дұрыс мақтана білмей жүрміз. Осыдан арылудың жолы Елбасы мақаласында анық көрсетілген», – дейді Берік Әбдіғали. Оның айтуынша, мемлекеттік сананы көтеріп, рухты биіктететін тарихтағы есімі ұлы тұлғалар, батырлар мен ерлік дастандары. Сондықтан ұлтты біріктіретін тұлғалардың ерліктері, хандарымыздың қайраткерлігі, даналардың даралығы ұрпаққа көбірек насихатталуы шарт. «Қазақ халқы ғасырлар бойы жаншылып келген батырлық рухын қалпына келтіре алмай жатыр. Ұлттың ұлттық коды аштықтан, репрессия мен қудалаудан бәсеңсіп қалды. Сондықтан Ұлттық рухымызды тірілтуге, мемлекеттік санамыз бен ұлттық тұтастығымызды қалыптастыруға, кеудесін мақтаныш кернеген халық болуымызға, тұтас тарихи сана-сезімді қалыптастыруға Елбасы мақаласының маңызы зор. Осы мақала аясында ғалымдарға үлкен жүк артылып отыр. Арғы тегімізді зерттеп, ұлы халықтың мұрагері екенімізді дәлелдеу, деректерді ғылыми айналымға енгізу ғалымдардың жұмысы», – деді Берік Әбдіғали.