Халықтың 38 пайызы – оңтүстік өңірде
Сарапшылардың пікірінше, бағдарлама арқылы елдің аз қоныстанған аудандарында жұмыс тапшылығын азайтуға болады. Еңбек және халықты әлеуметік қорғау министрлігі соңғы 10 жылдағы ішкі миграцияға талдау жүргізіп, нәтижесінде Түркістан, Жамбыл, Маңғыстау және Алматы облысы тұрғындарының бір бөлігін Шығыс Қазақстан облысы, Солтүстік Қазақстан облысы, Павлодар және Қостанай облысына көшіруді арттыру қажеттігін анықтаған. Айта кету керек, «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасын іске қосқаннан бері 19 мың адам солтүстік өңірге қоныс аударған. Оларға жоба аясында барлығы 5,4 мың қызметтік пәтер мен жатақханадан бөлме берілді. Жұмыс әлі де осы қағидамен жалғаса береді. Бірақ жаңа жұмыспен қамту бағдарламасында тұрғын үй құрылысы қарастырылмаған. Себебі «Нұрлы жол» жобасы жүзеге асады. Зерттеу нәтижесі бойынша, қазірден бастап халықтың орналасуында дисбаланс бар. Халықтың 38 пайызы оңтүстік өңірлерде қоныстанған. Ал Қазақстанның солтүстік аймақтарындағы халық саны 17 пайызды құрайды. Егер мұндай үрдіс жалғаса беретін болса, 2050 жылға таман оңтүстік халқының саны болжам бойынша 5,2 млн адамға жетеді. Бұл – солтүстіктегі тұрғындар санынан 4 есе көп болады деген сөз. Қазіргі уақыттың өзінде оңтүстік облыстарда жаңа туған 100 сәбиге 12 қариядан келеді. Ал солтүстікте 100 сәбиге 53 қарт адамнан келеді. Яғни, әлден-ақ еңбек ресурсы мәселелері туындай бастады. Еліміздің аймақтарында мигранттардың көшіп-қонуы өз облыстарының ішінде ғана жүзеге асады. Бұл – аймақшылдықтың көрінісі. Ал солтүстік аймақ мигранттарының 69 пайызы облыс ішінде көшіп-қонған. Ал оңтүстік аймақ мигранттарында бұл көрсеткіш 68 пайызды құрайды. Халықтың 0,7 пайызы ғана Солтүстік Қазақстанға, 1 пайызы Қостанай облысына және 1 пайызы Павлодар облысына көшкен. Ұлттық экономика министрлігі аймақтық саясат және инфрақұрылымдық даму департаменті директорының орынбасары Санат Тұңғышбековтің пікірінше, мигранттарды солтүстікке көшіру үшін ең жақсы стимул – жұмыс орнын ұсыну. Ал ауыл тұрғындары үшін – жер беру. Елбасы қойған міндеттердің бірі ішкі көші-қон процестерін реттеу және еңбек ресурстарының теңгерімділігін арттыру, халықты біркелкі жайғастыру мақсатында еңбек күші мол аймақтан, еңбек күші жетіспейтін республикамыздың солтүстік өңірлеріне өз еркімен халықты қоныстандыру өте маңызды қадам. Жұмыссыздық, халыққа әлеуметтік қолдау көрсету мәселелері бойынша қиындықтар болуы мүмкін, сондықтан қоныс аударам деушілерге тиісінше көмек көрсетілуі керек. Қазіргі таңда көшіп барғандардың 48-і ауыл шаруашылығымен айналысса, 42 азамат білім саласында, 11 адам жергілікті атқару органдарында, 12 адам қызмет көрсету, 7 адам денсаулық сақтау саласында еңбекпен қамтылған. Ал өңіраралық еңбек нарығын дамытудың шараларына 5780 азамат қатысып, олардың 2019-ы солтүстікке қоныс аударуға ниетті екендіктерін жеткізген. Осы азаматтардың 1008-і еңбекке қабілетті болса, олардың 116 адамы ауыл шаруашылығымен, 98 адам кәсіпкерлікті дамытумен, 794 адам мемлекеттік кәсіпорындарда жұмыс істеуге ниетті. Мәселен, 2015-2017 жылдары 1392 мүшесі бар 347 отбасы солтүстік өңірлерге қоныс аударды. Көшіп барған әрбір жанұяның кемінде бір адамы жұмыспен қамтылып, түрлі салада жемісті жұмыстар атқарып келеді. Ал 2018 жылы 665 отбасы қоныс аударады деп жоспарланған. Бұл отбасылар жаңа қонысқа жетіп, тұрғылықты мекенжайы бойынша тіркелген соң, жол шығынын жергілікті атқару органдары, яғни жұмыспен қамту орталығы қайтарады. Азаматтарды қоныстандыру, жұмыс берушілердің еңбек ресурстарына қажеттілігі есепке алынуымен, еңбекке орналасуы бойынша мемлекеттік қолдау беру, көшуіне субсидия төлеу, сондай-ақ, тұрғын үй мәселесіне жәрдем көрсетумен жүзеге асырылады. Солтүстікке қоныс аударған оңтүстік азаматтарына жеңілдіктер мен қаржылай көмек ұсынылады. Нақтырақ айтсақ, республикалық бюджеттен бағдарламаға қатысушыларға және оның әрбір отбасы мүшесіне бір реттік жәрдемақы төленеді. Оның мөлшері – 35 айлық есептік көрсеткіш, бұл 84 175 теңгеге тең. Сонымен қатар, коммуналдық төлемдерді және жалға алынған баспананың ақысын төлеу үшін 12 ай бойы ақшалай көмек көрсетіледі. Қалалық жерге қоныс аударғандарға 48 100 теңге төленсе, отбасы мүшелерінің саны екеуден төртеуге дейін болса – 60125 теңге, ал 5 немесе одан да көп болса 72 150 теңге төлеу қарастырылған. Ауылдық жерге қоныс аударғандарға бір жыл бойында ай сайын 36 075 теңге беріліп отырады. Отбасы мүшелерінің саны екеуден төртеуге дейін болса 43 290 теңге, 5 не одан да көп болса – 50 505 теңге материалдық көмек көрсетіледі. Ал баспана сатып алғысы келетіндер осы қаражаттың бір жылдық ақысын бірден алып, үй сатып ала алады. Мұндағы талап – отбасындағы кем дегенде бір адам жұмыспен қамтылуы керек. Бұл үшін жұмысты жергілікті билік, яғни елді мекендердегі жұмыспен қамту бөлімдеріне мамандығы бойынша жұмыс тауып беруін сұрап, өтініш жазу қажет. Ал демографиялық болжам бойынша, 2050 жылға қарай оңтүстік өңірлерде халық саны 5 миллион 300 мың адамға дейін жетіп, жұмыссыздық мәселесі күрделене түсуі мүмкін. Керісінше, солтүстік өңірлерде тұрғындар саны 900 мыңға кеміп, жұмыс күшінің жетіспеушілігі үлкен түйткілге айналу қаупі басым. Алайда күнгейден теріскейге көшкен отандастарымыз құрылыс, білім беру, ауыл шаруашылығы және медицина салаларында еңбек етіп, еліміздің дамуына қал-қадірінше өз үлесін қосып келеді. Бір айта кетерлігі, оңтүстіктен солтүстікке қоныстанған отбасының көбі көкөніс, жеміс-жидек егіп, жергілікті тұрғындарға диқандықтың қыр-сырын да үйретіп жүр. Елбасы өз Жолдауында бүкіл әлем төртінші ғылыми-техникалық революцияға өткенін атап көрсетті. Қазір жаңа жұмыс орындары ашылып жатыр. Енді барлық жұмыс берушілер мамандарға жоғары талап қояды. Өткен жылы жұмыс берушілерден жалпы 100 мыңнан аса жаңа бос орын бойынша хабарландыру ілінді. Онда ұсынылған қызметке сай келмеген талапкерлер де кезікті. Себебі мектеп бітіргеннен кейін ешқандай мамандық иесі бола алмаған жастар көп. Жұмыс берушілердің тапсырмасына сәйкес, кейбір азаматтар білім алды. Сондықтан жаңа бағдарламаның негізгі мақсаты – азаматтардың өз бетінше жұмысқа орналасуы, оларға қолдау көрсету, өздерінің кәсібін ашу үшін несие алуға қолдау көрсету. P.S. Бұл – ішкі миграция төңірегіндегі қолға алынған жайттар. Ал биыл елге 12 мыңға жуық қазақ қоныс аударды. Жалпы, тәуелсіздік алғалы бері 1 миллионнан астам қандас оралған. Қазір әлемнің 43 мемлекетінде 5 миллионнан астам қазақ тұрады. Көпшілігі Қазақстанмен шекаралас елдерде. Отанына келгендердің көбі Алматы мен Түркістан Маңғыстау, облыстары мен Астанада қоныс тепкен. Көп ұзамай елде тұратын отандастарға қолдау көрсетудің ерекше бағдарламасы қолға алынбақ. Әзірге жоба әзірлену үстінде. Сондай-ақ, атажұртқа оралғысы келетіндер үшін арнайы қоңырау шалу орталығы да ашылмақ.