КӨШ: Оңтүстіктен – Солтүстікке

КӨШ: Оңтүстіктен – Солтүстікке

КӨШ: Оңтүстіктен – Солтүстікке
ашық дереккөзі
Ел үкіметі 2013 жылы қабылдаған «Жұмыспен қамту – 2020 жол картасы» бағдарламасында жұмыс күшіне тапшы аймақтарға халқы тығыз орналасқан өңірлерден еңбекке қабілетті отбасыларды көшіру туралы егжей-тегжейлі айтылған. Әр облыс осы бағдарлама негізінде жоспар құрып, өзінше атсалысуда. Нәтижесінде оңтүстіктен солтүстікке көш түзегендердің саны артып келеді. Бұл бағдарлама Елбасы Н.Назарбаевтың Қазақстан халқына арнаған «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» Жолдауынан бастау алып отыр. Жолдауда «басы артық жұмыс күші бар өңірлерден басқа жерлерге, сондай-ақ, ауылдардан қалаларға жұмыс күшін ұтымдылықпен тартуға қолдау көрсету керектігі» айтылған еді. Сондай-ақ, Мемлекет басшысы  жаңадан ашылған жұмыс орындарының саны – бұрынғыша Үкімет пен әкімдер қызметінің тиімділігін бағалаудың негізгі критерийінің бірі болатынын ескертті. Осы орайда, Үкімет Елбасы тапсырмасы бойынша «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасын» іске асыруға кірісті. Еліміздің Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақ­стан облыстарынан келген делегацияның қатысуымен Мақтарал мен Сарыағаш аудандарында жұмыссыздарға арналған «Өңіраралық бос жұмыс орындары жәрмеңкесінің» ұйымдастырылуы да бағдарлама шеңберінде жүзеге асуда. Солтүстік Қазақстан облысы оңтүстіктен қоныс аударатын 300 отбасын қабылдауға дайын екенін жеткізген.  Ол үшін 600 баспана, 1 мыңға жуық жұмыс орны мен  35 мың гектар егістік жер  әзірленген. Ал Шығыс Қазақстан облысының Риддер және Шемонайха аудандарына көшіп келетін 150  отбасына тұрғын үй берілетін болды. Жалпы, бүгінде шығыс өңірінде бос жұмыс орны 2 мың 105-ке жетіп отыр. Сондай-ақ, Қостанай облысы былтыр оңтүстіктен қоныс аударатын 30 отбасын қабылдауға ниетті болса, ал Павлодар облысы 100 отбасы үшін 473 бос жұмыс орнын ұсынды. Солтүстік Қазақстан облысы ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Алтынбек Абдоллаевтың айтуынша, бүкіл Қазақстан бойынша ең үлкен егістік жері бар өңір еңбек күшінен тапшылық көруде. Сол себепті 300 мыңнан астам тұрғыны бар Мақтарал ауданынан жұмыс іздеген азаматтарды солтүстікке тартқысы келеді. «Біздің ұсыныстарымыз ұнап, жұмыс істеу үшін солтүстікке көшетіндерге үй, жер беріліп, кәсібі, шаруашылығы әрі қарай дамуы үшін түрлі көмектер көрсетіледі. Сондай-ақ, педагогикалық, техникалық, тағы басқа да мамандықтар бойынша бос орындар көп. Оңтүстік Қазақстан облысынан 200-дей отбасы көшіп барды. Бүгінде олар өздерінің отбасылық кәсібін дамытып, қанаттарын кеңге жайып отыр», – деді А.Абдоллаев. Сондай-ақ, «Серпін» бағдарламасы бойынша солтүстік өңірлердің жоғары оқу орындарында грантпен оқу мүмкіндігі қарастырылған. Осы орайда, бұған дейін бағдарлама аясында 5627 жас солтүстіктегі оқу орындарында білім алып келгенін айта кеткен жөн. Яғни, «Серпін» бағдарламасымен оңтүстіктен солтүстікке көшкендерге 79 мың теңге беріледі. Биылдың өзінде бұл бағдарламаға республикалық бюджеттен 45 млрд теңге, жергілікті бюджеттерден 40 млрд теңге қарастырылған. Яғни, 85 млрд теңге осы бағдарламаны жүзеге асыруға бөлінген. Айта кетейік, бұның алдында хабарланғандай, оңтүстік өңірлерден солтүстік облыстарға көшуге ниетті адамдарды ынталандырудың жаңа бағыттары енгізілді. Біріншіден, қоныс аударғандардың шығындары 35 АЕК көлемінде өтелетін болады, яғни отбасының әрбір мүшесіне 79 мың теңге сомасында беріледі. Сонымен қатар бір жыл бойы көшіп барған отбасының баспананы жалдауға жұмсайтын шығындары субсидияланады. Жыл сайын өңірлер мен жұмыс берушілердің еңбек ресурстарына сұранысын ескере отырып, ішкі көші-қон квотасы белгіленеді. Аталған көшті ынталандыру тетігі ретінде, бастапқы бейімделу және жол мен жүк тасу шығынын өтеу құралдарынан тұратын, қазіргі таңдағы әлеуметтік пакетті қолдану жалғасын табады. Осы жылы 2,7 мың азаматтың қоныс аударуына субсидия төлеу мақсат етілген.

Халықтың 38 пайызы –  оңтүстік өңірде

Сарапшылардың пікірінше, бағдарлама арқылы елдің аз қоныстанған аудандарында жұмыс тапшылығын азайтуға болады. Еңбек және халықты әлеуметік қорғау министрлігі соңғы 10 жылдағы ішкі миграцияға талдау жүргізіп, нәтижесінде Түркістан, Жамбыл,  Маңғыстау және Алматы облысы тұрғындарының бір бөлігін Шығыс Қазақстан облысы, Солтүстік Қазақстан облысы, Павлодар және Қостанай облысына көшіруді арттыру қажеттігін анықтаған. Айта кету керек, «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасын іске қосқаннан бері 19 мың адам солтүстік өңірге қоныс аударған. Оларға жоба аясында барлығы 5,4 мың қызметтік пәтер мен жатақханадан бөлме берілді. Жұмыс әлі де осы қағидамен жалғаса береді. Бірақ жаңа жұмыспен қамту бағдарламасында тұрғын үй құрылысы қарастырылмаған. Себебі «Нұрлы жол» жобасы жүзеге асады. Зерттеу нәтижесі бойынша, қазірден бастап халықтың орналасуында дисбаланс бар. Халықтың 38 пайызы оңтүстік өңірлерде қоныстанған. Ал Қазақстанның солтүстік аймақтарындағы халық саны 17 пайызды құрайды. Егер мұндай үрдіс жалғаса беретін болса, 2050 жылға таман оңтүстік халқының саны болжам бойынша 5,2 млн адамға жетеді. Бұл – солтүстіктегі тұрғындар санынан 4 есе көп болады деген сөз. Қазіргі уақыттың өзінде оңтүстік облыстарда жаңа туған 100 сәбиге 12 қариядан келеді. Ал солтүстікте 100 сәбиге 53 қарт адамнан келеді. Яғни, әлден-ақ еңбек ресурсы мәселелері туындай бастады. Еліміздің аймақтарында мигранттардың көшіп-қонуы өз облыстарының ішінде ғана жүзеге асады. Бұл – аймақшылдықтың көрінісі. Ал солтүстік аймақ мигранттарының 69 пайызы облыс ішінде көшіп-қонған. Ал оңтүстік аймақ мигранттарында бұл көрсеткіш 68 пайызды құрайды. Халықтың 0,7 пайызы ғана Солтүстік Қазақстанға, 1 пайызы Қостанай облысына және 1 пайызы Павлодар облысына көшкен. Ұлттық экономика министрлігі аймақтық саясат және инфрақұрылымдық даму департаменті директорының орынбасары Санат Тұңғышбековтің пікірінше, мигранттарды солтүстікке көшіру үшін ең жақсы стимул – жұмыс орнын ұсыну. Ал ауыл тұрғындары үшін – жер беру. Елбасы қойған міндеттердің бірі ішкі көші-қон процестерін реттеу және еңбек ресурстарының теңгерімділігін арттыру, халықты біркелкі жайғастыру мақсатында еңбек күші мол аймақтан, еңбек күші жетіспейтін республикамыздың солтүстік өңірлеріне өз еркімен халықты қоныстандыру өте маңызды қадам. Жұмыссыздық, халыққа әлеуметтік қолдау көрсету мәселелері бойынша қиындықтар болуы мүмкін, сондықтан қоныс аударам деушілерге тиісінше көмек көрсетілуі керек. Қазіргі таңда көшіп барғандардың  48-і ауыл шаруашылығымен айналысса, 42 азамат білім саласында, 11 адам жергілікті атқару органдарында, 12 адам қызмет көрсету, 7 адам денсаулық сақтау саласында еңбекпен қамтылған. Ал өңіраралық еңбек нарығын дамытудың шараларына  5780 азамат қатысып, олардың 2019-ы солтүстікке қоныс аударуға ниетті екендіктерін жеткізген.  Осы азаматтардың 1008-і еңбекке қабілетті болса, олардың 116 адамы ауыл шаруашылығымен, 98 адам кәсіпкерлікті дамытумен, 794 адам мемлекеттік кәсіпорындарда жұмыс істеуге ниетті. Мәселен, 2015-2017 жылдары 1392 мүшесі бар 347 отбасы солтүстік өңірлерге қоныс аударды. Көшіп барған әрбір жанұяның кемінде бір адамы жұмыспен қамтылып, түрлі салада жемісті жұмыстар атқарып келеді. Ал 2018 жылы 665 отбасы қоныс аударады деп жоспарланған. Бұл отбасылар жаңа қонысқа жетіп, тұрғылықты мекенжайы бойынша тіркелген соң, жол шығынын жергілікті атқару органдары, яғни жұмыспен қамту орталығы қайтарады. Азаматтарды қоныстандыру, жұмыс берушілердің еңбек ресурстарына қажеттілігі есепке алынуымен, еңбекке орналасуы бойынша мемлекеттік қолдау беру, көшуіне субсидия төлеу, сондай-ақ, тұрғын үй мәселесіне жәрдем көрсетумен жүзеге асырылады.  Солтүстікке қоныс аударған оңтүстік азаматтарына жеңілдіктер мен қаржылай көмек ұсынылады. Нақтырақ айтсақ, республикалық бюджеттен бағдарламаға қатысушыларға және оның әрбір отбасы мүшесіне бір реттік жәрдемақы төленеді. Оның мөлшері – 35 айлық есептік көрсеткіш, бұл 84 175 теңгеге тең. Сонымен қатар, коммуналдық төлемдерді және жалға алынған баспананың ақысын төлеу үшін 12 ай бойы ақшалай көмек көрсетіледі. Қалалық жерге қоныс аударғандарға 48 100 теңге төленсе, отбасы мүшелерінің саны екеуден төртеуге дейін болса – 60125 теңге, ал 5 немесе одан да көп болса 72 150 теңге төлеу қарастырылған. Ауылдық жерге қоныс аударғандарға бір жыл бойында ай сайын 36 075 теңге беріліп отырады. Отбасы мүшелерінің саны екеуден төртеуге дейін болса 43 290 теңге, 5 не одан да көп болса – 50 505 теңге материалдық көмек көрсетіледі.  Ал баспана сатып алғысы келетіндер осы қаражаттың бір жылдық ақысын бірден алып, үй сатып ала алады. Мұндағы талап – отбасындағы кем дегенде бір адам жұмыспен қамтылуы керек. Бұл үшін жұмысты жергілікті билік, яғни елді мекендердегі жұмыспен қамту бөлімдеріне мамандығы бойынша жұмыс тауып беруін сұрап, өтініш жазу қажет. Ал демографиялық болжам бойынша, 2050 жылға қарай оңтүстік өңірлерде халық саны 5 миллион 300 мың адамға дейін жетіп, жұмыссыздық мәселесі күрделене түсуі мүмкін. Керісінше, солтүстік өңірлерде тұрғындар саны 900 мыңға кеміп, жұмыс күшінің жетіспеушілігі үлкен түйткілге айналу қаупі басым. Алайда күнгейден теріскейге көшкен отандастарымыз құрылыс, білім беру, ауыл шаруашылығы және медицина салаларында еңбек етіп, еліміздің дамуына қал-қадірінше өз үлесін қосып келеді. Бір айта кетерлігі, оңтүстіктен солтүстікке қоныстанған отбасының көбі көкөніс, жеміс-жидек егіп, жергілікті тұрғындарға диқандықтың қыр-сырын да үйретіп жүр. Елбасы өз Жолдауында бүкіл әлем төртінші ғылыми-техникалық революцияға өткенін атап көрсетті. Қазір жаңа жұмыс орындары ашылып жатыр. Енді барлық жұмыс берушілер мамандарға жоғары талап қояды. Өткен жылы жұмыс берушілерден жалпы 100 мыңнан аса жаңа бос орын бойынша хабарландыру ілінді. Онда ұсынылған қызметке сай келмеген талапкерлер де кезікті. Себебі мектеп бітіргеннен кейін ешқандай мамандық иесі бола алмаған жастар көп. Жұмыс берушілердің тапсырмасына сәйкес, кейбір азаматтар білім алды. Сондықтан жаңа бағдарламаның негізгі мақсаты – азаматтардың өз бетінше жұмысқа орналасуы, оларға қолдау көрсету, өздерінің кәсібін ашу үшін несие алуға қолдау көрсету. P.S. Бұл – ішкі миграция төңірегіндегі қолға алынған жайттар. Ал биыл елге 12 мыңға жуық қазақ қоныс аударды. Жалпы, тәуелсіздік алғалы бері 1 миллионнан астам қандас оралған. Қазір әлемнің 43 мемлекетінде 5 миллионнан астам қазақ тұрады. Көпшілігі Қазақстанмен шекаралас елдерде. Отанына келгендердің көбі Алматы мен Түркістан Маңғыстау, облыстары мен Астанада қоныс тепкен. Көп ұзамай елде тұратын отандастарға қолдау көрсетудің ерекше бағдарламасы қолға алынбақ. Әзірге жоба әзірлену үстінде. Сондай-ақ, атажұртқа оралғысы келетіндер үшін арнайы қоңырау шалу орталығы да ашылмақ.