ОРДА – БӨЛЕК, ОЙ – ОРТАҚ

ОРДА – БӨЛЕК, ОЙ – ОРТАҚ

ОРДА – БӨЛЕК, ОЙ – ОРТАҚ
ашық дереккөзі
Тарих толқынында бірнеше ұлтқа бөлініп, бірнеше мемлекет құрған түбі бір түркі халықтары арасындағы қарым-қатынас қай заманда да үзілмеген. Мұның жарқын мысалы, Османлы мұрағаттарында сақталған түрік сұлтандарының Орталық Азия хандарына, Орталық Азия хандарының Османлы сұлтандарына жолдаған хаттары. Биыл Елбасымыздың «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Астана қаласындағы ҚР Ұлттық музейінде және Алматыдағы ҚР Орталық мемлекеттік музейінде ұйымдастырылған «Османлы мемлекеті мен Орта Азия хандықтары қарым-қатынастарының құжаттары» атты көрмеде Османлы мемлекеті мен Орталық Азия хандықтарының қарым-қатынастарын баяндайтын 40 құжат қойылып, көрермендер назарына ұсынылған-ды. Аталған көрмелерде түркі мемлекеттерінің ХVIII ғасырдағы өзара байланыстарын жан-жақты көрсететін құжаттар арасында қазақ мемлекетіне қатысты бірталай экспонаттар болды. Атап айтқанда, қазақ ханы Мұхаммет Қайып хан мен Османлы сұлтанының 1713 жылы жазылған хаттары сияқты маңызды құжаттар Қазақстан халқына тұңғыш рет көрсетілді. Сондай-ақ, Қазақ ханы Қайып Мұхаммедке жолданған сұлтанның хатының көшірмесі (1713 жылғы 21 тамыз); Қазақ ханы Қайып Мұхаммед  жолдаған бөлек сый-сияпат тіркелген 10 дәптердің көшірмесі (1713 жылғы  21 тамыз); Қазақ ханы Қайып Мұхаммедтің елшісі Сейіт Мұхаммедқұл бей тапсырған хат аудармасының көшірмесі (1714 жыл 16 қаңтар); Қазақ ханы Қайып Мұхаммедтің  елшісі Мұхаммед құлдың ауызша сәлемінің қағазға түсірілген нұсқасы (1714 жылғы 16 қаңтар); Қазақ ханы Қайып Мұхаммедтен келген хаттың көшірмесі (хатта Османлы мемлекетінің шынайы досы екендері, әрдайым дұға ететіндері туралы жазылған, 1716 жылғы  14 желтоқсан); М.Лессардың Орта Азия саяхаты туралы «Central Asia No1» деп аталатын рапорты (1883 жыл); Түркістан аймағының Берлинде басылған картасы (1862 жыл) секілді маңызды құжаттар Османлы және Орталық Азия хандықтары арасында тарихи байланыстың қандай болғанын дәлелдесе керек. Сонымен бірге Бұхара, Хиуа және Қоқан хандықтары мен Османлы мемлекетінің қарым-қатынастарын көрсететін басқа хаттар, маңызды деректер мен карталар да түркі халықтарының байырғыдан бастау алған достық қарым-қатынастарынан терең сыр шертеді. Көрме аясында Юнус Эмре атындағы түрік мәдени орталығының директоры міндетін атқарушы Алмагүл Исина Османлы сұлтаны ІІІ Аxметтің қазақтың Қайып ханына жолдаған хатында не жазылғаны туралы қысқаша айтып берген еді. «Әділдік пен діндарлық қасиеттерін бойына сіңірген, достық пен бейбітшілік байрақтарын желбіреткен, Ислам шекараларын қорғаушы, білгір Қазақ ханы Қайып Мұхаммед ханға сәлемім мен жылы лебізімді  білдіремін. Жіберілген хатыңыз таңдаулы елшіңіз Сейітқұл Бахадыр арқылы жеткізілді. Достық лебізіңізбен жазылған хатыңыз оқылды. «Көңіл деген тізілген  сарбаздар секілді бір-бірлерін таныған жағдайда бірігеді және араласады» хадисінде  айтылғандай танысу, рухани және діни бірлесуді қажет етеді. Сіздің хатыңыз да бірлесуімізге негіз болып тұр. Ізгі мақсатпен келген елшіңіз өз мақсатын сәтті аяқтады. Елшіге еліне оралу үшін рұқсат берілді және шапан кигізілді. Қолыңыздағы хат та елші арқылы сізге жөнелтілді», – делінген Османлы сұлтаны ІІІ Аxметтің қазақтың Қайып ханына жолдаған хатында. «Османлы мұрағаттарында мұндай деректер өте көп. Әлемнің 40-тан астам еліне қатысты дерек сақталған. Қазіргі кезде Османлы архивінде 95 млн құжат пен түрлі деректер жазылған 400 мың дәптер бар. Күн сайын бұл мұрағатқа әлемнің түкпір-түкпірінен 200-ден астам зерттеуші келіп, зерттеу жұмыстарын жүргізіп отыр. Осы тұрғыда, қазақстандық бауырларымыз да келіп, өз тарихтарына қатысты деректерін іздеуге болады. Біздің есігіміз әрқашан айқара ашық» – дейді Түркия республикасының Премьер-министріне қарасты мұрағаттар басқармасының бас директоры, доктор, профессор Уғұр Үнал. III Ахмет 1673 жылы Османлы елордасы Станбұлда атақты сұлтан IV Мехмет шаңырағында дүниеге келген. 1736 жылы 1 маусымда 62 жасында дүниеден өткен. Сүйегі Станбұлдағы Жаңа Уәли мешітіне қойылған. Қырым ханына Ресейге қарсы соғыста көмектесіп, Османлы – Ресей соғысында орыстарды жеңіп, Азау теңізін тартып алған. Одан кейінгі еуропалықтармен соғыста жеңіліс тапқан ол, әскери салада,  өнер, ғылым, мәдениет және т.б. салаларда османлылардың Еуропадан артта қалғанына көзі жетіп, аталған салаларда өз елін дамыту үшін реформалар жасаған. Ал Османлы патшасымен хат жазысқан қазақ ханы Қайып Мұхаммедке  келер болсақ, зерттеушілер оның қазақ хандығының Тәуке ханнан кейінгі билеушісі – 1715-1718 жылдары билік құрған хан – Хысырауұлы Қайып екенін айтады.  Алайда оның хандық құрған кездегі ішкі және сыртқы саяси қызметі туралы деректер тапшы. Қайып хан туралы алғашқы мәліметтер П.И. Рычков, Н.П. Рычков, И.П. Фальк, И.Г. Андреев еңбектерінде кездеседі. Олардың бірінің еңбегінде «Батыр сұлтанның ұлы Қайып Хиуада бірнеше жылдан бері хан болғаны, Хиуалық Қайып хан қазақ билеушілерінен, ол мұрагерлік жолмен емес, хиуалықтардың қабылдауымен хандық құрғаны» айтылса, енді бірі «Хиуалық Қайып ханның әкесі Батыр сұлтан Кіші жүзде айрықша ұлысқа ие» деп, оның Кіші жүздегі Әбілқайыр, Нұралы хандармен арадағы өзара байланысын сөз етеді. Тағы бірі Батыр, Қайып хандардың 1750 жылы Орынборға елшілік жібергенін баяндайды. Сондай-ақ, Қайыптың қалмаққа қарсы күреске әскерлерімен қатысқандығы және оны бір кезде Нәдір шахқа елші қылып жіберген Кіші жүз ханы Әбілқайыр екені айтылады. Қайып хан тірі кезде ол туралы жазған Н.П. Рычков, И.Г. Андреев  Қайып ханның беделі Кіші жүз ханы Нұралымен және Орта жүз ханы Уәлимен тең дәрежеде болып, олардан тәуелсіз билік құрғаны жайында деректер қалдырған. Жалпы алғанда, Османлы сұлтаны мен Орта Азия мемлекеттерінің хандары арасындағы дипломатиялық байланыстар – туысқан түркі халықтары тарихын жаңаша жазып, дұрыс пайымдауға зор пайдасын тигізері хақ. P.S. Қазан төңкерісінен бұрынғы дәуірде ғылым іздеп, ел аралаған кейбір қазақтың оқығандарының өмірбаяндарынан Станбұлға қатысты деректерді кездестіруге болады. Мәселен, ХХ ғасырдың бас кезіндегі қазақтың тұлғалы ақыны, жазушы-философ Шәкәрім Құдайбердіұлының өмірбаянында «1905-1906 жылдар шамасында Станбұл кітапханасында он үш күн отырып, түрлі деректермен танысқан» деген мәлімет бар. Демек, Шәкәрім сол кезде Османлы елінің орталық кітапханасында қазақ еліне қатысты құжаттар барын білген деп топшылауға болады. Бүгінде тәуелсіздік шарапатымен өзінің шынайы тарихын жазуға бет бұрған Қазақстан үшін Түркия мұрағаттарындағы қазақ мемлекетіне қатысты мәліметтерді оқып, талдаудың маңызы зор. Және ынтымағы жарасқан Қазақстан мен Түркия арасындағы бүгінгі жоғары деңгейдегі қарым-қатынас оған толық мүмкіндік беретіні анық.