АЛТАЙ – МӘДЕНИ МҰРАЛАР МЕКЕНІ
АЛТАЙ – МӘДЕНИ МҰРАЛАР МЕКЕНІ
Жуырда С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінде Археология және Алтайдың мәдени мұрасы мұражайы мен университеттің тарихи мұражайы ашылды. Мұражайдың салтанатты ашылуына археолог ғалым Зейнолла Самашев пен Астанадағы Ұлттық мұражайдың директоры Жәкен Таймағамбетов қатысты.
Аталған мұражай Елбасымыз Н.Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында айтылған тарихымыз бен мәдениетімізге қатысты жеті бағыттың бірі – қола дәуіріндегі қазақ халқының ежелгі металлургиясы мен өнерінің дамуын қамтымақ. Елбасы аң стилі, жылқыны қолға үйрету, алтын адамға байланысты барлық жәдігерлерді жинастырып, музей ашу туралы тапсырма берген еді. Осы орайда университет басшысы Мұхтар Төлегенұлы оқу орны базасында осындай «Алтайдың археологиясы және мәдени мұрасы» атты мұражайды ашқандығын айтады. Жиында сөз алған белгілі ғалым Жәкен Таймағамбетов университет студенттері мен оқытушыларын осынау бірегей мұражайдың ашылуымен құттықтап, жылы лебізін білдірді. «Әріптестерімнің туған өлкесінің тарихына үлкен мән беруі мені ерекше қуанышқа бөлейді. Мұражай әзірге кішкентай ғана болғанымен, өте жинақы, мұнда археологияның барлық кезеңдері қамтылған», – деді ғалым. Археолог ғалым З.Самашев қазақ даласы, оның ішінде кенді Алтай өңірі ежелгі металлургия мен тау-кен өндірісінің орталығы болғанын ерекше атап айтты. Кезінде археолог С.Черников те Шығыс Қазақстан аймағын бүкіл Еуразия кеңістігіндегі қола құю өнері аса дамыған өңір ретінде сипаттап, ерекше атап айтқан. Жалпы, осынау мұражайды ашу үшін университет ұжымы жылдан астам уақыт дайындалған.