Ұлт игілігі - ұлы дала құндылығы

Ұлт игілігі - ұлы дала құндылығы

Ұлт игілігі - ұлы дала құндылығы
ашық дереккөзі
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың  «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласын ұлттың игілігіне айналдыру қажет. Ондағы айтылған әрбір тармақ іс жүзіне асырылуы керек. «Нұр Отан» партиясы Жамбыл облыстық филиалы жанындағы «Мирас» аймақтық кеңес мүшелері бас қосып, мақала төңірегінде пайымды пікір білдіріп, орамды ойларын ортаға салды. Сондай-ақ, ата-бабаларымыздың сан ғасырлық мұрасын келешек ұрпақтың санасына сіңдіру, зиялы ұлт қалыптастыру турасында ұтымды ұсыныстар айтты.Тарих арқылы, болашаққа бағдар жасап, бай тарихымыздан тағлым алуға  үндейтін мақаланың мәні тереңде. Дархан даланы қоныс еткен қазақ халқының қай өңірін алып қарасаң да, тұнған шежіре. Тек сол рухани құндылықтарымызды,  мықты далалық өркениетіміздің бар екенін әлемге танытуға бастар жол бұл мақала. Қасиетті, дана, парасатты ұлттың ұрпағына қалдырар мұрасы мол екенін ешкім жоққа шығара алмайды. Тасын түртсең, тарихтан сыр шертер киелі өлке Таразда да мақтанышпен айтатын, көрсететін дүниелер, мәдени құндылықтар жетерлік. Қолда бар асыл мұраны өскелең ұрпаққа танытып, қолға алу жағы кемшін түсіп отырғаны жасырын емес. Жоғымызды түгендейтін кез келді. «Мирастықтар» ендігі жерде Елбасының ұлы еңбегінен туындайтын мақсат-міндеттерді назарға ала отырып, игі істерді бастауға кірісетін уақыт жеткендігін айтады Кеңес отырысында осы секілді бірталай ұтымды ұсыныстар айтылды. Және мұндай ұлттық құндылықтарымызды ұлықтауды көздейтін бастамашыл ойлар сөз жүзінде қалып қоймай, іс жүзіне асырылса, талай тұщымды тірліктердің куәсі болар едік деген пікір білдірілді. Сонымен қатар, Жамбыл облысында билер кеңесі құрылады.  Бұл бастама «Ардагерлер ұйымы» Орталық кеңесінің «Дәнекер» пилоттық жобасы негізінде жергілікті сотпен бірлесіп жүзеге асырылмақ. Осы мәселеге орай, «Ардагерлер орталығында» жиын өтіп, Астанадан арнайы келген осы саланың жігін шағып, майын ішкен мамандар  бітімгершілік кезінде қолданатын медиация заңының ерекшеліктерімен таныстырды. Билер кеңесін құру бізге бүгін келген жаңалық емес. Бұл көшпелі қазақ халқының дала дәстүрінің жалғасы. Билер соты тарих қойнауында қалса да, оның беделі мен мәртебесі маңыздылығын жоймақ емес. Ал қазіргі қоғамда осы игі дәстүрді қайта жаңғырту қажеттілігі туындап отыр. Болмашы нәрсеге ренжісіп, сотқа дейін баратын жағдайлар көбейіп барады. Статистикаға сүйенсек, соңғы 10 жылдың көлемінде сотқа 4 млн-ға жуық арыз түскен. Тағы бір дерек: отау құрғандардың жылына 38 пайызы ажырасып кететіндері елді алаңдатуда. Мұның салдары айтпаса да түсінікті. Толық емес отбасы, тірі жетімдер көбейеді.  Ал билер кеңесі істі сотқа дейін жеткізбей, тараптарды татуластыруға күш салмақ. Заманында билер шешіміне хан да қарсылық көрсетпеген.  Ел ішінде беделі салмақты, аузы дуалы қариялар дау-дамайды реттеп, ағайын арасындағы ауызбіршілікті сақтауға өз үлестерін қосуға ниетті. Облыстық билер кеңесінің құрамы 7, ал аудандардағы билер кеңесі 5 адамнан жасақталмақ. Өспейтін елдің баласы – өнбейтін дауды қуады. Ел ішінде дау көбейсе, ел сыртында дау көбеймек, дейді қатысушылар.  Билер кеңесі облыс бойынша Мойынқұм, Талас пен Байзақта ашылып, елге қызмет көрсетуде. Ал жақында Шу ауданында татуласу орталығы ашылмақ. Елбасының жарияланған «Ұлы даланың жеті қыры» қоғамдық санаға серпіліс әкеліп, қызу талқыға түсуде. Кезекті жиын Тараз  қалалық әкімдігінде өтті. Оған ардагерлер кеңесінің өкілдері,  тарихшылар мен зиялы қауым қатысты. «Ұлы даланың жеті қыры»   екі бөлімнен тұрады. Біріншісі- «Ұлт тарихындағы кеңістік пен уақыт». Онда Елбасы жеті құндылықтың  мән-мағынасын ашып түсіндіреді. Әсіресе, текті жануар жылқыға кеңірек тоқталыпты. Сондай-ақ, қазақтың тылсым табиғаты назардан тыс қалмады. Осылайша жаһандық тарихтағы өз рөлімізді дұрыс пайымдауға шақырады дейді жиылғандар. Ал мақаланың екінші бөлімі нақты 6 тапсырманы жүктеді. Оның қатарында ежелгі дәуірден қазіргі заманға дейінгі кезеңді қамтитын «Архив-2025» атты жеті жылдық бағдарламасын жасау сынды тарихи әрі маңызды міндет екендігін алға тартты.