Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен VIII Азаматтық форум басталды
Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен VIII Азаматтық форум басталды
Елордадағы Тәуелсіздік сарайында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен VIII Азаматтық форум жұмысын бастады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Бұл Елбасының саясатын қолдайтын, еліміздің жарқын болашағына сенетін азаматтардың форумы десек те болады. Мұндай кездесулер халықты, азаматтарды қанаттандырып, олардың қызметіндегі жоба-жоспарларын табысты жүзеге асыруға зор септігін тигізеді деп ойлаймын. Президенттің бастамаларын лайықты іске асыруда Қазақстанның азаматтық секторының рөлі аса маңызды», - деді форум жұмысын ашқан Қоғамдық даму министрі Дархан Кәлетаев.
Сонымен қатар ол Елбасы «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында қазақстандықтар жүргізіліп жатқан реформалардың мәнін және олардың отанымызды өркендеу жолындағы маңызын жете түсінуі тиістігін, реформаларды табысты жүзеге асыру үшін қоғамымыздың ортақ мақсатқа жұмылуы аса маңызды екендігін атап өткенін еске салды.
«Бүгінгі өткізіліп отырған форум дәл осы мақсатты көздейді. Сондықтан бұл форумның маңызы да, мазмұны да ерекше»,- деді министр.
Екі күндік шараға үкіметтік емес ұйымдардың, мемлекеттік және халықаралық ұйымдардың, бизнес қауымдастықтың 850-ден астам өкілі, сондай-ақ қоғам қайраткерлері қатысуда. Форум аясында 2018 жылдан 2025 жылға дейінгі Азаматтық қоғамды дамыту тұжырымдамасы ұсынылмақ.
Айта кетейік, Азаматтық форум әлеуметтік бастамалардың ең үздік тәжірибелерін ұсынып, азаматтық қоғамның қазіргі бейнесін көрсету үшін екі жылда бір рет өткізіледі. Форумның сегізінші отырысының аясында семинарлар мен шеберлік сабақтар, дөңгелек үстел отырыстары, пікірталас алаңдары, министрліктер және ведомство басшыларымен салалық кездесулер форматында 35 тақырыптық сессия болады. Форум барысында азаматтық қоғам институттарының біріге қызмет ету мәселелері, мемлекеттік мекемелер мен үкіметтік емес ұйымдар арасындағы құқықтық қарым-қатынас базасын дамыту бойынша ұсыныстар талқыланады.
Айта кетейік, VІІІ Азаматтық форум жұмысы кеше басталып, онда Қоғамдық даму министрі Дархан Кәлетаев Қазақстанның донорлық тұрғыдағы ұстанымы туралы айтып берді.
Сондай-ақ ҚР Президенті Әкімшілігі Ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі Аида Балаева азаматтық сектордың келешегі туралы әңгіме өрбітті.