Жаңалықтар

Марста NASA-ның Күн батареяларымен жұмыс істейтін аппараты іске қосылды

ашық дереккөзі

Марста NASA-ның Күн батареяларымен жұмыс істейтін аппараты іске қосылды

АҚШ-тың Ұлттық әуеде ұшу және ғарыш кеңістігін зерттеу басқармасы (NASA) InSight аппараты Марсқа қонды. Аппарат күн батареялары ашылып, Қызыл ғаламшардың бетінде Күн сәулесінен заряд ала бастағаны туралы Жерге белгі жіберді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» NASA-ға сілтеме жасап. Аппарат 26 қараша күні Марсқа қонып, алғашқы суреттерін жіберіп үлгерген. «InSight командасы бүгін алаңсыз ұйықтай алады. Күн батареялары ашылып, қуат ала бастады. Ертең InSight ғаламшар бетін зерттеуге кіріседі», - дейді NASA өкілі, осы жобаның менеджері Том Хоффман. Ғарыш аппараты Күн батареяларының ені 2,2 метр. Марс Күннен Жерге қарағанда алыста орналасқандықтан, оның бетінде Күн сәулесі Жердегіден әлсіз. Бірақ аппарат ғаламшарды зерттеуі үшін аспан ашық күндері 600-700 Ватт шамасында энергия алуының өзі жеткілікті. Панельдерді шаң жауып қалса да, 200-300 Ватт шамасында энергия беруге қауқарлы. Алдағы күндері фотоаппарат бекітілген механикалық манипулятор іске қосылып, Марстың топырағының суреттерін жібереді. Соған қарай NASA инженерлері зерттеу жүргізілетін аймақты анықтайды. Ал арнайы бұрғы «марсты» 5 метр тереңдікке дейін қазу мүмкіндігін береді. InSight зонды Марсқа жету үшін 458 миллион километр ұшқан. Үстіміздегі жылдың мамырында Калифорниядан ұшқан аппарат Марстағы Элизиум таулы қыратына қонды. NASA-ның ақпаратына сүйенсек, аппарат екі жыл бойы Қызыл ғаламшарды зерттейді.