Латын қарпіне көшу - уақыт сұранысы
Латын қарпіне көшу - уақыт сұранысы
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев латын қарпіне көшу мәселесін талай жылдардан бері көтеріп келе жатқаны белгілі. Қазіргі уақытта елімізде жаңа қаріпке көшуге дайындық жұмыстары жүргізілуде. Маңызды шаралардан Жамбыл облысы да кенде қалып жатқан жоқ.
ХХІ ғасырда латын қарпінің десі басым, бәсі жоғары болып тұр. Ғылым мен техника жаңалықтары, формулалар, түрлі технологиядағы шартты таңбалар латын әліпбиіндегі әріптермен белгіленеді. Осыны ескерген Қазақ мемлекеті де замана көшінен қалмауға бел буғаны белгілі.
Қазір, жаңа әліпби ерекшеліктері ел ішінде, аудан ауылдарда талқыға түсіп жатыр. Соның бірі, «Жаңа емле ережесіндегі дәстүр мен жаңашылдық» тақырыбындағы семинар Жамбыл облысының Меркі ауданында ұйымдастырылды.
Мәдениет және спорт министрлігінің «Тіл-Қазына» ұлттық орталығының ұйымдастыруымен өткен жиынның мақсаты – латын графикасындағы қазақ әліпбиіне көшу кезеңдерінде жүргізіліп жатқан жұмыстармен танысып, әліпбиге қатысты көпшілік көкейінде жүрген сұрақтары бойынша ақпарат беру.Сондай-ақ, емле ережелерінің мазмұны мен құрылымын түсіндіру, ондағы басты жаңалықтармен бөлісіп, қауым арасында ғылыми-танымдық көзқарас қалыптастыру мәселелері талқыланды. Соның нәтижесінде халықтың әліпби реформасын оң қабылдауын қамтамасыз етіп, көпшілікпен ғылыми-практикалық байланыс орнату бойынша жұмыстар жүргізілуде.
Ғылыми сараптамадан өткізілген емле ережелерінің жобасы 2018 жылғы 27 қыркүйекте қазақ тілі әліпбиін латын графикасына көшіру жөніндегі ұлттық комиссия қарауына ұсынылды. Ұсынылған жоба 2025 жылы аяқталып, мемлекетіміз толықтай латын әліпбиіне көшеді.
Латын графикасына көшу ізденіс пен қажырлы еңбекті талап етеді. Бірақ, бұл бастама еліміздің алдыңғы қатардан көрінуіне үлкен үлес қоспақ.
Сонымен қатар, Жамбыл облыстық тіл басқармасының ұйымдастыруымен Тараз мемлекеттік университетінде «Латын жаңғыруы –жаңа әліпби» атты семинар-тренинг өтті. Осыған дейін латын әліпбиінің мәні мен мағынасын халыққа түсіндіру мақсатында тілбасқармасы мамандары аудандарды аралап келген болатын. Шара оқу ордасында қортындыланды.
Онда «Тіл-қазына» ұлттық-тәжірибелік орталығының Орфография бөлімі басшысы Құралай Күдерина қазақ тілі емлесінің негізгі ережесінің жобасын түсіндірді. Сонымен қатар, жаңа әліпби құрамында жоқ әріптерді жазу емлесі талқыланса. Жиналғандарға латын негізді қазақ әліпбиін тарату акциясы өткізілді. Бүгінде латын әліпбиіне өту қазіргі жастар үшін жаңа заманауи технологияны игерудің бірден-бір жолы. Семинарға ішкі істер, банк, құқық қорғау саласы өкілдері және студенттер қатысты. Іс-шара соңында «Тәжірибелік психология» қоғамдық бірлестігі психологиялық тренинг өткізді.
«Латын жаңғыруы – жаңа әліпби». Осындай атпен Жамбыл облыстық тіл басқармасының мамандары Шу, Қордай, Мойынқұм, Т.Рысқұлов, Сарысу, Талас аудандарын аралап семинар-тренинг өткізді. Онда жоғары оқу ордалараның филология жән журналистика кафедраларының ұстаздары дәріс оқыды.
Қазіргі кезеңде білім саласындағы жаңа реформаның жүзеге асырылуы, яғни жаңартылған білім мазмұны латын әліпбиіне көшуде өз үлесін қосатын болады. Ал, латын әліпбиіне өту қазіргі жастар үшін жаңа заманауи технологияны игерудің бірден-бір жолы. Семинарға әр ауданда қызмет ететін ішкі істер, банк, ХҚКО мамандары мен медицина қызметкерлері қатысты. Басқосуда спикерлер латын әліпбиінің маңызды тұстарын атап өтті. Латын қаріпіне ауысу туралы ой-пікірлер 1926 жылдардан бастап бастау алғаны баршамызға белгілі. Қазақ тіл білімі тарихында 1929 жылы қазақ жазуы ресми түрде латын әліпбиіне ауыстырылған.
Сонымен қатар, 1929-1940 жылдар аралығында латын әліпбиі қолданыста болған еді. Ендігі жерде қазақ тілі әліпбиін латын графикасына көшіру - уақыт сұранысы болып отыр. Іс - шара соңында республикалық «Тәжірибелік психология» қоғамдық бірлестігі психологиялық тренинг өткізді.