Елбасы тапсырмасы Түркістанда талқыланды
Елбасы тапсырмасы Түркістанда талқыланды
Түркістан қаласы – облыс орталығына айналғалы келелі ой мен кесімді пікірлерді ортаға салған ірі халықаралық шараларды жүзеге асырып келеді. Бұл жолы түрколог-ғалымдар мен зерделі зерттеушілер Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қырғызстанда өткен Түркі кеңесінің VI саммитінде ұсынған «Түркі әлемінің киелі жерлері» мен «Түркі әлемінің 100 тұлғасын» анықтау мақсатында алғаш рет бас қосты.
– Биыл жауһар жырларына киелі Түркістанды арқау еткен Мағжан Жұмабаевтың туғанына – 125 жыл, түркі әлеміне ортақ жазушы Шыңғыс Айтматовқа – 90 жыл, түркі жазуының алғаш рет табылып, оқылғанына 125 жыл толып отыр. Осы айтулы шараның барлығын жыл басында ЮНЕСКО-да және Париж қаласында атап өткен болатынбыз. Жылдың жабылуына орай Түркістанда жиналуымыздың да символикалық мәні зор, – деді Дархан Қуандықұлы.
Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев АҚШ, Түркия, Үндістан, Ресей, Өзбекстан, Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстаннан, Тәжікстан және басқа ТМД елдерінен келген делегаттарға көне шаһардың Елбасы назарындағы қала екенін айта келе, облыс орталығына мемлекет тарапынан айрықша көңіл бөлініп отырғанын әңгімеледі.
– Түркістанның халықаралық маңызын арттыру үшін бірқатар жұмыстар атқарылады. Соның ішінде рухани орталықтар мен мәдениет ошақтарын салу көзделген. Атап айтқанда, Түркі әлемі орталығы, Ұлы дала елі және Қазақ хандары мен билері орталығы, Ясауи мұражайы бой көтереді. Елбасымыз Түркістанды түркі дүниесінің мәдени, рухани орталығына айналдыруды тапсырды. Ендігі үлкен салмақ сіздер мен біздерде, Түркістанды сол деңгейге жеткізу баршамыздың міндетіміз. Сондықтан түркілік танымды ту етіп, түркілік рухта қызмет атқарып жүрген ғалымдар мен БАҚ өкілдерін арнайы шақырып, пікірлесу үшін бір ортаға жинап отырмыз. Өз ойларыңызды білдіріп, ұсыныстарыңызды жазбаша түрде жеткізсеңіздер, жақын арада Түркі академиясымен бірге жүзеге асыратын боламыз.