Елбасы тапсырмасы Түркістанда талқыланды

Елбасы тапсырмасы Түркістанда талқыланды

Елбасы тапсырмасы Түркістанда талқыланды
ашық дереккөзі
Түркістан қаласы ­­– облыс орталығына айналғалы келелі ой мен кесімді пікірлерді ортаға салған ірі халықаралық шараларды жүзеге асырып келеді. Бұл жолы түрколог-ғалымдар мен зерделі зерттеушілер Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қырғызстанда өткен Түркі кеңесінің VI саммитінде ұсынған «Түркі әлемінің киелі жерлері» мен «Түркі әлемінің 100 тұлғасын» анықтау мақсатында алғаш рет бас қосты.  width= «Киелі Түркістан және Түркі әлемінің рухани жаңғыруы» аталған ғылыми-теориялық конференцияны Халықаралық Түркі академиясы мен Түркістан облысы әкімдігімен бірлесе ұйымдастырды. Қолдау көрсеткен Түркі кеңесі мен Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті. Жиын басталмас бұрын келушілер назарына Түркі академиясы жарыққа шығарған кітаптар көрмесі ұсынылды. Онда түркітілдес халықтардың тілі мен тарихына, мәдениеті мен әдебиетіне қатысты 100 құнды еңбек қойылған. Академия президенті Дархан Қыдырәлі пленарлық мәжілістің кіріспе сөзінде Түркістанға ерекше тартумен келгенін жеткізе отырып, бұл жинақтардың барлығы Түркістан кітапханасына тарту етілетінін айтып өтті. Сондай-ақ Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы қазақ елінде ғана емес, түркі дүниесінде де зор серпін тудырғанын, сол себептен биылғы саммитте Президент маңызды мақаланы түркі әлемінде насихаттауды Түркі академиясына тапсырғанына тоқталды. Осыған сәйкес, конференцияда түркі әлемінің киелі жерлері мен тұғырлы тұлғаларын анықтау үшін ұсыныстар тыңдалатынына, сондай-ақ түркі тілдері мен жазуының қазіргі таңдағы мәселелері қарастырылатынына басымдық берді. Ағымдағы жылы атқарылған шараларды қорытындылап, алдағы жоспарлардың бекітілетінін де тілге тиек етті.  width= – Биыл жауһар жырларына киелі Түркістанды арқау еткен Мағжан Жұмабаевтың туғанына – 125 жыл, түркі әлеміне ортақ жазушы Шыңғыс Айтматовқа – 90 жыл, түркі жазуының алғаш рет табылып, оқылғанына 125 жыл толып отыр. Осы айтулы шараның барлығын жыл басында ЮНЕСКО-да және Париж қаласында атап өткен болатынбыз. Жылдың жабылуына орай Түркістанда жиналуымыздың да символикалық мәні зор, –  деді Дархан Қуандықұлы. Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев АҚШ, Түркия, Үндістан, Ресей, Өзбекстан, Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстаннан, Тәжікстан және басқа ТМД елдерінен келген делегаттарға көне шаһардың Елбасы назарындағы қала екенін айта келе, облыс орталығына мемлекет тарапынан айрықша көңіл бөлініп отырғанын әңгімеледі. – Түркістанның халықаралық маңызын арттыру үшін бірқатар жұмыстар атқарылады. Соның ішінде рухани орталықтар мен мәдениет ошақтарын салу көзделген. Атап айтқанда, Түркі әлемі орталығы, Ұлы дала елі және Қазақ хандары мен билері орталығы, Ясауи мұражайы бой көтереді. Елбасымыз Түркістанды түркі дүниесінің мәдени, рухани орталығына айналдыруды тапсырды. Ендігі үлкен салмақ сіздер мен біздерде, Түркістанды сол деңгейге жеткізу баршамыздың міндетіміз. Сондықтан түркілік танымды ту етіп, түркілік рухта қызмет атқарып жүрген ғалымдар мен БАҚ өкілдерін арнайы шақырып, пікірлесу үшін бір ортаға жинап отырмыз. Өз ойларыңызды білдіріп, ұсыныстарыңызды жазбаша түрде жеткізсеңіздер, жақын арада Түркі академиясымен бірге жүзеге асыратын боламыз.  width= Президент тапсырған «Түркі әлемінің киелі жерлері», «Түркі әлемінің 100 есімі» жобасын жүзеге асыруға толық мүмкіндік бар. Түркі әлемінің орталығы – Түркістан барлық игі бастамаларды қолдауға әрқашан дайын, – деді. Келелі кеңеске ғалымдармен бірге дипломаттар, бауырлас елдердің елшіліктерінің жауапты қызметкерлері, халықаралық ұйымдардың өкілдері де келді. Түркі кеңесінің алғашқы Бас хатшысы Халил Акынжы мырза Түркі кеңесінің шеңберінде өтіп отырған жиынның маңыздылығына мән берді. Киелі жерлердің өз атмосферасы, оны сақтау мен танытудың ерек мәдениеті болатынын еске салды. Сондай-ақ түркі әлемінің тарихы мақтан тұтар тұлғаларға бай екенін айтып, Білге қаған, Махмұд Қашқари, Әлішер Науаи, Қожа Ахмет Ясауидің түркі халықтары арасында алатын орны мен еңбектеріне тоқталды. «Өткен ғасырда Түркия мемлекетінің негізін қалап, түркі халықтарына қамқорлық танытқан Ататүрік пен ХХІ ғасырда түркі ынтымақтастығын күшейтіп, тұтастығын сақтауға күш салған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевты түркі әлемінің тұғырлы тұлғалары деп санаймын» деді. Сондай-ақ түркі халықтары өзге елдермен жан-жақты байланыс құра отырып, озық мәдениет үлгілерін пайдаланып, іске асырудан ешқашан бас тартпағанын баяндады. Қандай мәдени алмасулар болмасын, ұлттық болмысы мен рухани құндылықтарын жоғалтпай, сақтап келе жатқанын мақтаныш етті. Көне түркі тарихи-мәдени ескерткіші Орхон-Енисей жазбаларының өзара байланысты күшейтудегі атқарған рөлі туралы мысал келтіріп, Қазақстанның латын әліпбиіне көшуі де түркі интеграциясына үлкен қызмет ететініне сенім білдірді. «Жалпы, қалай айтсақ та ешқандай қаріп тілдің толық мүмкіндігін ашып жеткізе алмайды. Қаріпті көбейте беру жазуды үйренуді еш жеңілдетпейді. Сондықтан тіл ғалымдары елге қолайлы әрі оңай пайдаланатын әліппені қолдануға мүмкіндік жасауы керек» деген ойымен де бөлісті. Бұдан кейін «Түркі әлемінің тұлғасы», «Түркі әлемінің киелі жерлері», «Түркі тілдері және жазуы» деген үш сексия өз жұмысын бастады. Онда түркі әлемнің тұғырлы тұлғаларын қалай анықтаймыз, олардың өлшемдері мен крийтерилері қалай болады? деген сұрақтар талқыланды. Олардың есімдерін жариялау, жобаны жүзеге асырудың тетіктері ойласылды. Өйткені «ең алдымен 100 тұлғаның қатарына кімдер енетінін анықтап алу керек. Ғалым, ойшылдардан бастаймыз ба? Әлде ақындар мен ұлы қолбасшыларды кіргіземіз бе? Бұлардың барлығын кезең-кезеңімен және критериясымен айқындап, түркі әлемін біріктіретін жобаға айналдыру қажет. Бүгінгі жиын осы мақсатқа жұмылған жасалған алғашқы қадам» деді ұйымдастырушылар. Екінші сессияда «Түркі дүниесінің киелі жерлері» жобасын іске асыру  мерзімі мен тәртібін бекіту және өзге де мәселелер бойынша ғалымдардың тың ұсыныстары қаралды. Айтылған ұсыныс-пікірлердің нәтижесінде түркі әлемінің киелі жерлері картасы жасалатын болды. Үшінші сексия түркі тілі, түркі әдебиеті, түркі тілдес елдердің латын графикасына  көшуі туралы мәселелер көтерілді. 1926 жылғы Баку конгресінен басталған түркі тілі, түркі әдебиеті, транскрипция, түркі тілдес елдердің латын графикасына көшуінің өзекті мәселелері, тәжірибелері қарастырылды. Секцияларда Түркі кеңесінің тұңғыш Бас хатшысы Халил Акынжы, Үндістандағы Орталық Азия мен тарихы мен түркі тарихының тәуелсіз зерттеушісі, профессор Мансура Хайдар, Халықаралық Түркі академиясының аға сарапшысы Кадыралы Конкобаев, Ресей әлеуметтік ғылымдар академиясының  академигі, тарих ғылымдарының докторы, профессор Виктор Бутанаев, тарих ғылымдарының кандидаты Артем Порсин, Назарбаев университеті, Висконсин Мэдисон университенің (АҚШ) профессоры, доктор Юлай Шамилоғлу, Л.Гумилев атындағы ЕҰУ-нің профессоры, филология ғылымдарының докторы Мекемтас Мырзахметов, Педагогика ғылымдарының докторы, Қазақстан география мектебінің басшысы Ұлжалғас Есназарова, Р.Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының директоры, профессор Әбсаттар қажы Дербісәлі, Түркиядағы Қыршехир университетінің доценті, Орталық Азия маманы Күршад Зорлу, Әзербайжан Ғылымдар академиясының профессоры Рамиз Аскеров, ҚР ҰҒА академигі Өмірзақ Айтбаев, Өзбекстан Республикасы Министрлер кабинеті жанындағы Ұлтаралық байланыстар және шетелдік мемлекеттермен достық байланыс комитетінің қызметкері Бахтиер Каримов, Тәжік ұлттық университетінің ғылыми қызметкері Рахмоил Сафаров, Қоғамдық даму министрінің кеңесшісі, саясаттанушы Айдос Сарым және тағы басқа тарихшылар мен ғалымдар, профессорлар мен туркологтар кеңес құрды. Назарбаев университеті, Висконсин Мэдисон университенің (АҚШ) профессоры, доктор Юлай Шамилоғлу «түркі халықтарына ортақ басылымдар мен газеттер шығарып, ортақ құндылықтарды насихаттау керек» деген ойын ортаға салды. Қыршехир университетінің доценті, Орталық Азия маманы Күршад Зорлу «Мұстафа Кемал Ататүрік және түркі әлемі» туралы баяндама жасап, Нұрсұлтан Назарбаевтың Ататүрікке деген ерекше құрметі мен өз естеліктерінде Түркия Республикасының құрылу тарихына айрықша мән бергендігі үшін алғыс айтты. Қазақстан Президентін түбі бір туыстас елдер «Түркі әлемінің Көшбасшысы» деп бағалайтынын тағы бір мәрте мәлім етті. Академия президенті Дархан Қыдырәлі «Орта Азияның әдеби тілін шағатай тілі деп келдік. Менің пікірімше, бұл Түркістанның әдеби тілі. Көптеген ғалымдар да бұған қосылады. Сондықтан Орталық Азия халықтарының түсінісіп отырған тілі Түркістанның әдеби тілі деп атауымыз керек» деген ұсыныс жасады. Сессия соңынан арнайы комиссия мен жұмыс топтары құрылып, оның бірі Түркістанда орналасатын болып шешілді. Түс ауа пленарлық мәжіліс қайта жалғасып, Ш.Айтматов атындағы Тіл және әдебиет институтының директоры, Қырғыз Ұлттық ғылымдар академиясының академигі Абдылдажан Акматалиев сөз сөйлеп, түркология ғылымының жаңа дәуірі басталғанын айтып өтті. – Бұған дейін түркология мәселесінде ғалымдар әртүрлі көзқарас ұстанып, өз бетінше жұмыс істеп келді. Енді түркі әлемінің рухани, мәдени орталығы Түркістанда бір жүйеде жұмыс істейміз деп ойлаймыз. Түркі дүниесі өзінің ұлы тұлғаларын мақтаныш тұтады. Әзербайжан Низамимен, Өзбекстан Науаимен, Қарақалпақстан Бердақпен, Қазақстан Абайымен қадірлі. Ал ХХ ғасырда Шыңғыс Айтматов түркі халықтарына кең танылды, қазақ ақын-жазушыларымен шығармашылық байланыста болды. Зейнолла Қабдолов, Зәки Ахметов, Шерхан Мұртаза, Сейдахмет Бердіқұлов, Қалтай Мұхамеджановпен тығыз араласты. Өзбек, әзербайжан оқырмандары да жоғары бағалайды. Жақында үш томдық Айтматов энцилопедиясын шығардық. Өз еліміздің мұрағатындағы материалдарды негізге алдық. Әр республикада айтматовтанушылар бар. Жазушы туралы басқа елдерде де материалдар жарияланды. Осы дүниелерді жинақтап, реттесек бұдан да көп мағлұмат берер едік. Түркі халықтарының энциклопедиясын, антологияларын да қолға алу керек, – деді. Бұдан соң Түркі академиясы мен Түркістан облысы әкімдігі арасында ғылыми және іскерлік байланысты нығайту бағытында өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Ортақ келісімге сәйкес Түркістанда түркі академиясының ең алғашқы зерттеу орталығы ашылатын болды. Онда түркі дүниесінің ойшылдары мен ағартушыларының, ғалымдарының еңбектері қойылып, ғылыми жетістіктері көрсетіледі. Академияның Түркістандағы жұмыстарын үйлестіріп, түркі әлеміндегі киелі жерлер мен тұғырлы тұлғаларды анықтауға күш салады. Академия мен Түркістан облысы бірігіп түркология ғылымы мен түркі әлеміне қатысты кітаптарды да жарыққа шығарады.  Сонымен қатар, Өзбекстан республикасы арасында да келісім жасалды. Бағдарлама барысында көне түркі жазуының алғаш оқылғанына 125 жыл толуына орай, жазуды алғаш оқыған ғалымның атындағы сыйлықтар тапсырылды. Туркология саласына ғалым әрі саясаткер ретінде еңбек сіңірген Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаевқа осы Вильгелм Томсен медалы салтанатты түрде тапсырылды. Өңір басшысымен бірге Рамиз Аскеров, Абдылдажан Акматалиев, Бахтиёр Каримов, Виктор Бутанаев аталған медальмен марапатталды. Түркі академиясының күміс медалін академия президенті Дархан Қыдырәлі Қырғызстанның халық ақыны Акбар Рыскуловтың өңіріне тақты. Түркі тілдес халықтардың бірлігін, білім, ғылым, мәдениет саласындағы жетістіктерін насихаттап жүрген БАҚ өкілдеріне TWESCO-ның  Исмаил  Гаспыралы атындағы медиа сыйлығына «Баспасөз», «Телеарна» және «Ақпарат агенттігі және интернет» аталымдары бойынша «Әуелі Отан» (Önce Vatan) газетінің коллумнисі Кемал Саллы мен «Хабар» агенттігі АҚ және «Кабар» Қырғызстан ұлттық ақпарат агенттігі лайық деп табылды. Сонымен қатар, түркі дүниесіне  қатысты  жаңалықтар мен елеулі оқиғаларды ұдайы насихаттап, түркітілдес елдердің ақпарат саласындағы байланыстарын  нығайтуға үлес қосып жүрген  журналистерге TWESCO-ның Алғыс хаттары табыс етілді. Олардың қатарында Әзербайжандағы Turkistan.info газетінің бас редакторы Агил Жамал, TRT-Астана каналының жетекшісі Авшар Абдулхамид, Өзбекстандағы Anadolu Ajansı агенттігінің журналисі Бақтияр Әбдікәрімов, Түркітілдес журналистер қорының президенті Нәзия Жоямерген бар. Түркістан облысы әкімдігі де өз кезегінде айтулы ғалымдар мен зерттеушілерге сый-сияпат көрсетті. Халықаралық ғылыми-теориялық конференцияға қатысқан қазақстандық және шетелдік делегаттар Түркістан облысының қасиетті орындарын аралап, Қ.А.Ясауи кесенесіне зиярат жасады. Тарихшылар мен ғалымдар және филологтар «рухани және ғылыми салаларға қолдау көрсету жалғасын тапса, Түркістанның болашағы жарқын болады» дей келе, жоғары деңгейде өткен конференцияны ұйымдастырушыларға ризашылықтарын білдірді.