Музейдегі мәнді көрме

Музейдегі мәнді көрме

Музейдегі мәнді көрме
ашық дереккөзі
ҚР Мемлекеттік орталық музейінде «Ирактың ортақ аспаны астында: қазақстандық және польшалық бітімгершілер» көрмесі ашылды. Көрме Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің, Польша Республикасының Алматы қаласы Бас Консулдығының және ҚазБат Әскери әрекеттер мен бітімгершілік миссиялар (операциялар) ардагерлері одағының  қолдауымен өтті. Аталмыш шараның ашылу салтанатына директордың ғылыми жұмыс жөніндегі орынбасары Ғалия Теміртон, Польша Республикасының Алматы қаласындағы Бас консулы Радослав Грук, Қазақстан Республикасы Қарулы  күштерінің десанттық-шабуыл әскерлерінің қолбасшысы Қайдар Қарақұлов, Ирактың бітімгершілік  миссиясының ардагері, резервтегі подполковник Гжегож Брыш мырзалар қатысты. Әңгіме барысында халықаралық маңызы бар көрмелер жастарды патриоттыққа тәрбиелеуге, сондай-ақ, Қазақстан мен Польша арасындағы ынтымақтастыққа үлкен үлес қосатыны атап өтілді. Сонымен қатар Қазақстандық бітімгершілік батальоны (ҚазБат) Президент Н.Назарбаевтың жарлығымен 2000 жылы құрылғаны туралы, ҚазБат офицерлері мен келісімшарттағы сержанттар алдында тұрған міндеттер жөнінде де айтылды. Ирактағы «Орталық Оңтүстік» көпұлтты дивизиясы  құрамына поляк әскери контингентінің басшылығымен 2003-2008 жылдар аралығында қазақстандық инженерлік-саперлік тобының батальоны кіргені, Иракта бейбітшілік орнату үшін поляк жауынгерлері қазақстандық әскери қызметкерлермен алты жыл бірлесе күрескен еді. ҚазБат инженерлік-саперлік тобының міндеттеріне жарылыс қаупі бар заттарды табу, сақтау және жару кірді. Ирактағы миссия басталғаннан ҚазБат мүшелері 4 миллионнан астам жарылғыш заттарды жойып, 6718 текше метр су тазартқан. Жиналғандар «Ирактың ортақ аспаны астында: қазақстандық және польшалық бітімгершілер» көрмесін ұйымдастырушы, Ирак жерінде қайтыс болған бауыры, 3-инженерлік-саперлік бөлімшесінің 29 жасар капитаны Қайрат Құдабаев жайлы естеліктерімен бөліскен Мира Құдабаева-Мустафинаның сөзін зор ықыласпен тыңдады (Қазақстандық батыр қайтыс болғаннан кейін 1-дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталған). Бір атап өтерлігі, көрмеге қойылған көптеген фотосуреттерді Қайрат Құдабаевтың өзі түсірген және олар көпшілік назарына алғаш рет ұсынылды. Осы жылдың желтоқсанында аталған көрме Астанадағы Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Әскери-тарихи музейінде ашылады. Ал жылжымалы көрме өз жұмысын Екінші дүниежүзілік соғыс музейінде жалғастырмақ  (Гданьск қаласы, Польша Республикасы). Іс-шарада Әскери әрекеттер мен бітімгершілік миссиялар (операциялар) ардагерлері одағының төрайымы Мира Құдабаева-Мустафина және VI отряд командирі  полковник  Қайсар Зейдалиев Польша Республикасының Алматы қаласындағы Бас Консулы  Радослав Грук мырзаға және Польша Республикасының Иракта бітімгершілік миссиясы аяқталғаннан бері алғаш рет қазақстандық әріптестерімен кездескен үш бітімгерші-ардагерін осы кездесу үшін арнайы жасалған «Парызына адалдығы үшін» мерейтойлық медалімен марапаттады.  

Т. Козуб,

Г. Қыдыралиева,

ҚР Мемлекеттік орталық

музейінің қызметкерлері