Жаңалықтар

Ақ мақтаны мол еткен

ашық дереккөзі

Ақ мақтаны мол еткен

Бұдан  жиырма жылдай уақыт бұрын еліміздің оңтүстік өңірінің Мырзашөл аймағы деп аталатын, халқы ең тығыз орналасқан үш ауданы (Жетісай, Мақтарал, Асықата) Мақтарал ауданына біріктіріліп, аудан орталығы болып Жетісай қаласы белгіленген еді. Ал биылғы жылдың 10 шілдедегі облыстық мәслихаттың кезектен тыс 27-сессиясында Мақтарал ауданы мен одан бөлініп шыққан Жетісай ауданының аумағы қайта белгіленді. Сессия отырысында Жетісай ауданының аумағы – 104 мың 602 гектар, халқы – 172 903 адам, аудан орталығы – Жетісай қаласы болып, Мақтарал ауданының аумағы – 80 мың 767 гектар, халқы – 131 781 адам, аудан орталығы – Мырзакент кенті болып бекітілді. Бұл аймақтың тарихы да күрделі. Олай болатын себебі – Мақтарал, Киров, Жетісай аудандары 1963 жылдың 26 қаңтарында Өзбекстанның  Сырдария облысының құрамына беріліп, арада сегіз жыл өткеннен кейін, тек 1971 жылы ғана өзінің тарихи отанына  қайтадан келіп қосылды. Ұлы Мұхтар Әуезовтің бұл аймақ туралы кезінде: «Ильич, Киров, Мақтарал, Шардара аудандары мәні-жөні бөлек, шөлді шүлен еткен, жоқты бар, болымсызды мол еткен, біріне бірі сай ырыс өлкелері» деп айтуы да тегіннен тегін емес сияқты. Түркістан облысының Түлкібас, Сайрам, Қазығұрт, Бәйдібек аудандары жал-құйрығы жарасып, жарысып өскен тел құлындай, бір-біріне қарайласып өскен тетелес аға-інідей 1928 жылы араға ай, апта салып бірінен кейін бірі құрыла бастаған. Бұл аудандар өзінің 90 жылдық мерейтойларын осы күзгі жиын-теріммен орайластырып, қал-қадерінше атап өтіп жатты. Осындай жиын-терімге орайласып келген тағы бір атаулы оқиға, ақ мақтаның отаны саналатын Мақтарал ауданының 90 жылдығына арналды. Мақтарал ауданының 90 жылдық мерекесіне арналған салтанатты шараның шымылдығы – «Мақтаралым – мерейлі мекенім» атты музыкалық театрландырылған қойылыммен ашылды. Ғасырға бергісіз уақытта тарихи кезеңдерді өткерген ауданның айтулы күніне жергілікті тұрғындармен қатар Өзбекстан Республикасының Сырдария облысынан ат арытып келген делегаттары да қатысты. «Ақ алтын» мәдениет үйінде өткен мерекенің ашылу рәсімінде Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев еңбекқор мақтаралдықтарға деген ізгі тілегін жеткізді. – Облысымыздың басқа аудандары сияқты мақталы Мақтаралдың да тарихы өте бай, – деді ол. – Алғашында Мырзашөл атауымен белгілі болған бұл мекеннің ерекшелігі – жерінің жомарттығында. Мақтаралдықтардың ерен еңбегі мен ақылы – шөл даланы гүлді, жазиралы жәннәт мекенге айналдырды. Мырзашөл даласын суландырудағы негізгі мақсат – мақта алқабын молайту еді. Алғаш рет ауданда мақта шаруашылықтары құрылып жатқанда Түркістан жер шаруашылығы халық комиссары қызметін атқарып жүрген ұлт мақтанышы Сұлтанбек Қожанов каналды қазушылармен болған кездесуінде мақтаның аса қымбат шикізат екенін, болашақта ақ алтын күллі Түркістан өлкесінің байлығы болатынын айтқан екен. Міне, Елбасымыздың тікелей қолдауымен Түркістан облысының жаңа дәуірі басталып келеді. Облысымыздың қиыр оңтүстігінде орналасқан, ақ алтынның ордасы – мақталы Мақтарал ауданының мерекесі бәрімізге ортақ. Мақсат – той тойлау емес, бір ғасырға жуық уақыт аралығындағы оқиғаларды ой елегінен өткізу. Елдің бірлігін нығайтып, игі іске жұмылдыру, – деді Жансейіт Қансейітұлы. Бұдан кейін мәртебелі меймандар мен шетелдік қонақтар, аудан жұртшылығы Мырзакент кентінің орталық алаңындағы күзгі жиын-терім науқанын қорытындылауға арналған «Алтын күз – 2018» іс-шарасын тамашалады. Биыл мақтаралдық диқандар 60 926,3 гектар жерге егістік ексе, оның 38 593,2 гектары мақта дақылына тиесілі. Аудан бойынша бүгінге дейін 96 мың 600 тонна «ақ алтын» жиналған. Биыл қазақ мақтасына 100 жыл толып отыр. Осы атаулы датаны есте қалдыру мақсатында мақтаралдық дихандар Атакент кентіндегі «Қазақ мақта шаруашылығы» ғылыми зерттеу институтында «Қазақ мақтасының 100 жылдығына» арналған халықаралық ғылыми-теориялық конференция ұйымдастырды. Ақ мақтаны аялап өсіріп, одан өнім алып, жылма-жыл жетілдіріп келе жатқан мақтаралдық дихандар бұл жиында да жан-жақты құрметке лайық екендіктерін танытты.

«Түркістан-ақпарат»