Жаңалықтар

Шынайылықтың бәсі безбенделсе...

ашық дереккөзі

Шынайылықтың бәсі безбенделсе...

ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев «Сөз бостандығы бойынша Қазақстан әлем елдері ішінде неліктен 160-шы орында тұр?» деген сұраққа жауап берді. «Біз бұл бағытта әлі де жұмыс істеп, үйрену керектігін жасырып отырған жоқпыз. Бұл – қалыпты эволюциялық процесс. Қазақстан – демократияны қалыптастырып келе жатқан мемлекет. Тәуелсіздіктің үш он жылдығында біз жоспарлы түрде демократиялық институттардың іргесін қалап, сонымен қатар радикалдық сценарийлерден бойымызды аулақ салғымыз келеді. Рейтинг туралы айтар болсам, сөз бостандығы туралы рейтинг шынайы (объективті) емес деп есептеймін. Оның әдістемесінде долбар көп», – деді Дәурен Абаев «Хабар» арнасындағы «Ашық диалог» бағдарламасында. Министр өз сөзі дәлелді болуы үшін бірнеше мысал келтірді. «Мәселен, ол рейтингте Мексика Қазақстаннан 12 позицияға жоғары. Бірақ, екі мыңыншы жылдан бері ол елде қателеспесем 140-қа тарта журналист өлтіріліп, тағы 20-сы із-түзсіз жоғалып кеткен. Ойланып қараңыз, қай елде сыни мақаланы жазуға үрейленер едіңіз – Қазақстанда ма, әлде бізден рейтингте 12 позицияға жоғары елде ме? Бұл тізімде 42-ші орында – Ботсвана тұр. Ол елде Үкімет БАҚ-тың архивін құртып, мемлекеттік аппараттың барлық ақпараты құпия түрде ұсталады. Ал ол ақпаратқа қол жеткізу жолындағы кез келген әрекет заңмен қудаланады. Бұл мысалдарды мен біреулерге теңесу немесе біздің артықшылықтарымызды көрсету үшін емес, рейтингтің субъективтілігі мен оның есебін көрсету үшін айтып отырмын», – деді министр. Дәурен Абаев сонымен қатар, «БАҚ туралы» заңға енгізілген өзгерістер туралы да пікір білдірді. «Біз бұл тақырыпты ЕЫҚҰ өкілдерімен де, халықаралық ұйымдармен де бірнеше рет талқылаған едік. Мен бірнеше рет көптеген нормалар журналистердің жұмысын жеңілдетуге бағытталғанын атап өттім. 200-ге тарта өзгерістің ішінде тек бірнешеуі ғана пікірталас тудырған болатын. Жалпы, бұл – қазіргі таңда жаһандық тренд. Мәселен, өткен жылы Германия Парламенті жалған ақпарат таратқаны үшін жауапкершілікті күшейту туралы заң қабылдады. Көптеген сындар ол кезде де айтылды. Бірақ заң қабылданды. Сондағы жазаның қандай болатынын білесіз бе? Жалған ақпарат таратқан жеке адам үшін айыппұл мөлшерін 5 млн еуроға дейін көбейткен. Заңды тұлғалар мұндай қылмысы үшін 50 млн еуроға дейін төлейді. Ал 50 млн еуролық айыппұл кез келген редакцияны банкрот ете алады», – деді министр.