Электронды қызметтің  ерен жетістіктері

Электронды қызметтің  ерен жетістіктері

Электронды қызметтің  ерен жетістіктері
ашық дереккөзі
Мемлекет басшысы 2017 жылғы 31 қаңтардағы Қазақстан халқына жолдауында цифрландыру арқауы болып табылатын Үшінші жаңғыру туралы, цифрлық технологияны қолдану арқылы құрылатын жаңа индустрияларды өркендету қажеттілігін, және «коммуникацияның дамуы мен оптикалық-талшықты инфрақұрылымға жаппай қолжетімділікті қамтамасыз ету керек. Цифрлық индустрияны дамыту басқа барлық салаларға серпін береді» деп жариялаған болатын. Осы бағдарламамен мемлекеттік органдардың қызметтерін цифрландыру бойынша алға өршіл мақсаттар қойылды. Мақсаттарды іске асыру үшін бейімделген заңнама, кәсіпті, білім мен ғылымды қолдау шаралары, кәсіпті жүргізу рәсімдерін жеңілдету, мемлекетпен өзара әрекеттесу кезіндегі шығындарды қысқарту бойынша бірқатар шаралар жүзеге асты. Соның ең басты әрі ірі жобаларының бірі – электрондық үкімет. Оның құрылғанына 14 жылдан асты. Алғаш 2004 жылы ҚР Президенті Н.Назарбаевтың бастамасымен қолға алынған жоба жыл сайын дамып келеді. 2017 жылы электрондық үкіметтің инфрақұрылымы арқылы 34 миллионнан астам қызмет көрсетілген. Ал портал іске қосылғаннан бері көрсетілген қызметтердің жалпы саны 200 миллионнан асты. Электрондық үкіметте 2017 жылы сұранысы жоғары болған қызметтер қатарында  мекенжай анықтамасы  22,4 млн рет; жылжымайтын мүлiктiң болмауы (болуы) туралы 5,2 млн; жылжымайтын мүліктің техникалық сипаттамалары туралы 5,5 млн; баланы балабақша кезегіне қоюға 92,9 мың; некені тіркеуге  79,3 мың; бала туылуын тіркеуге 18,4 мың өтініш берілген. Сонымен қатар, қазақстандықтар eGov.kz  порталында онлайн түрде салықтар мен айыппұлдар және т.б. онлайн төлем жасаудың жеңілдігін бағалауда. 2017 жылы электрондық үкіметтің төлем шлюзі арқылы 17 миллиард теңгеден астам сомаға төлемдер жасалған. Сондай-ақ, соңғы 3 жылда азаматтар жасаған транзакциялар да екі есеге артқан.  2014 жылы 639,7 мың транзакция, ал 2017 жылы 1,9 млн транзакция жасалды.  Ал төлемдердің жалпы сомасы сервис іске қосылған сәттен бері 46 миллиард теңгеден асты. Электрондық-цифрлық қолтаңбаның берілуі де жыл сайын артып келеді. 2017 жылы елімізде ЭЦҚ 6,4 млн рет беріліп,  1,5 млн-нан астам адам цифрлық қолтаңбаны жеке куәліктеріне тіркеген. Электронды үкімет порталы қызмет көрсете бастағаннан бері көптеген мемлекеттік қызметтер ашықтық жүйесіне көшті. Орын алған жемқорлық, тамыр-таныстық арқылы қызмет көрсету қысқартылды. Жалпы, әр саланы цифрландыру – ел дамуының, саясат ашықтығының көрсеткіші. Уақытты тиімді пайдаланудың ең басты құралы ретінде де осы электронды және онлайн көрсетілетін қызмет түрлерін айта аламыз. Бұл – аз жылдағы мемлекет жеткен үлкен жетістік. Мемлекеттік қызметтер халық тұтынатын басты қызмет болғандықтан, оның халыққа қолжетімді, тез әрі жылдам  атқарылуы басты міндеттердің бірі. Ал оның түгелдей цифрлануы мемлекет пен халықтың бір-біріне деген сенімін арттыратыны сөзсіз. «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы негізінде іске асып жатқан Электронды үкіметтің де көздейтіні осы.