ЖАРЫСА ЖАЗАТЫНБЫЗ...
ЖАРЫСА ЖАЗАТЫНБЫЗ...
1984 жыл. Жайдары жаз айы. Бес жыл көзді ашып-жұмғанша зыр етіп өте шықты. Бәріміздің Алматыда қалу арманымыз. Бірақ, бұл мүмкін емес. Тіпті, оңтүстік облыстардағы аудандық газеттерге де орналасу қиынның қиыны. Өйткені орын жоқ.
Орталық партия комитеті солтүстік, батыс облыстарға жолдамаларды ұсынып отыр. Бір-бірімізден күніне жүз мәрте сұрайтын шығармыз: «Сен қай жаққа барасың?». Сонымен, не керек, Нұртөре екеумізге Павлодарға, Асқар Ахметов пен Әлімжан Жарылқағановқа Целиноград облысына жолдама тиді. Негізі Еркіннің жолы еді. Өйткені ол Павлодар облыстық газетінде өндірістік тәжірибеден өткен. Өзінің айтуынша «жұмыс істеуге болатын облыс». Бірақ, Еркін елге, туған жеріне қайтатын болды да, Павлодар облыстық газетіне жолдама маған бұйырды. Мұны естіген ауылдағы Айсұлу әпкем шыр-пыр болып жүр: «Ит өлген жерде нең бар, Ғалым-ау. Оның үстіне ол жақта күн суық. Ауылға келсең іні-қарындастарыңа да қарайласар едің». Анам қайтыс болғаннан кейін Айсұлу әпкем шеше орнына шеше болып қалған еді. Жездем Молдалы көкем де жанашыр, артық сөзі жоқ, қолы ашық адам болатын. Бір хабарласқанында «Павлодар жаққа бара жатыр екенсің ғой. Қанша дегенмен солтүстік облыс емес пе, жылы киініп жүр, суық тигізіп алма» деп алаңдаушылық танытумен бірге қаражат салып жібергенін қалай ғана ұмытарсың?
Шыны керек, Павлодар айрықша аймақ. Қазағынан басқа ұлты басым. Сондықтан болса керек, алғашқы жылдары қиын болғаны рас. Жақын туыс жоқ. Таныс жоқ. Баспана жоқ. Тіпті, түн ортасында борандатып, көрпе-жастығымызды арқалап, пәтерден пәтерге көшкен кезіміз де болды. Сынап көрейік деді ме екен, сексен бестің қысы тіпті қатты болды. Бір-екі шақырым шамасындағы редакцияға жетудің өзі мұң. Өйткені, ұйтқи соққан боран көз аштырмайды. Амал жоқ, жол-жөнекей дүкендерге кіріп жылынып аласың. Бірақ қандай қиындық болса да жасымадық. Оның бір себебі – «Қызыл ту» газеті ұжымының бізді құшақ жая қарсы алғаны болса керек. Айтжан Бәделханов, Қажымұрат Смағұлов, Мұхамеджан Дәуренбеков... Бұл ағаларымыз, жатқан жерлері жайлы болсын, келместің кемесіне мініп, мәңгілік мекендерге аттанған қазір.
Сол кездерден сыр шертетін фотосуреттің бірін «Сарыарқа самалы» газетінің редакторы Нұрбол Жайықбаев ініміз «Фейсбук» арқылы жақында ғана жария еткен екен. Оған көп-көп рахмет! Асыл ағаларымыз өмірден озғанымен, өшпестей мұра қалдырып кетті. Бәрі де қарымды қаламгер, өз ісінің білгір маманы еді. Ең бастысы еңбекқор болатын. Ол кезде компьютер жоқ, жазу машинкасы бар. Машбюрода Ләззат Кешубаева бастаған қыз-келіншектердің қолдары қолдарына жұқпайды. Өте жылдам. Олардың тіпті мойын бұруға уақыты болмайтын еді. Өйткені еңбекқор ағаларымыз машбюродағы папкалардың «қарнын қампайтып», материалдарға толтырып қоюшы еді. «Әжетханаға баруға мұрша жоқ» деп әдемі Ләззат жүреді шыр-пыр болып.
Облыстық газеттің өркендеуіне Төлеубек Қоңыров, Бақыт Баймұратов, Нәсіполла Есімов, Тұрсынбай Ибадуллин, Әжібек Жүсіпов, Өскенбай Тастемханов, Ғалымбек Жұматов және тағы да басқа ағаларымыз бен апаларымыз өлшеусіз үлес қосты.
Мен үшін де, Нұртөре үшін де облыстық газет үлкен мектеп болғанын мойындауымыз керек. Үлкендерден үйрендік, тәрбиесін көрдік, қиындыққа төтеп беруге төселдік.
Әлі есімде, Нұртөре екеуміз жарыса жазатынбыз. Тіпті, кейде бір нөмірде бірнеше мақаламыз шығатын еді. Мұны байқап қалған облыстық партия комитеті газет басшыларына ескерту жасап, кейбір мақалаларымызды, амалдың жоқтығынан, псевдониммен бергеніміз бар. Сол уақытта облыстық газетте жақсы бір үйренетін үрдіс болды, қызметкерлердің тапқан қаламақысы туралы ақпарат ай сайын арнайы тақтаға ілінеді. Бұл – жазылмаған заң. Кім қанша тапты, қанша мақаласы шықты, лездемеде қандай баға алды, бәрі тайға таңба басқандай көрсетілетін. Жасыратыны жоқ, бұл да адамды ынталандырудың бір түрі ғой. Сол тізімде кейде мен, кейде Нұртөре бірінші болатын. Екеуміз бірінші орынды берген емеспіз. Кейде Өскенбай Тастемханов бізге иық тірестіріп қалатын. Өйткені ол кісі спорт тақырыбына жазатын, сондықтан мақаласы нөмір сайын жарық көреді. Қаламақымыз айлығымыздан асып түсетін. Осыны қалам ұстаған қазіргі жас журналистерге айтсаң, сенбейді.
Сол уақытта біздің бойымызда қалыптасқан тағы бір жақсы қасиет бар, ол – жұмысқа деген жоғары жауапкершілік. Газет басшыларынан күн сайын тапсырма аласың. «Жұмыс уақыты бітті, орындай алмаймын» деп айта алмайсың. Күн жүресің, түн жүресің. Апта сайын келетін кезекшілігің тағы бар. Партия съездері мен конференциялары кезінде үй бетін көрмейміз. Өйткені телетайптан өзгертулер мен түзетулер түсе береді, түсе береді... Уақытпен санаспайды. Күндіз бе, түн бе, бәрібір. Сол түзетулерді енгізуің керек. Шаршайсың, шалдығасың. Бірақ, қате жіберуге, қателесуге хақың жоқ. Осындай жүктемеге қарамастан берілген тапсырманы, түнімен ұйықтамасақ та, тап-тұйнақтай орындап, мақала таңертеңгі тоғызда редактордың үстелінің үстінде жатушы еді. Қазіргі жас журналистерге осыны айтып көрші, бос әңгіме көреді. Ал шындығы осы. Бір бөлмелі пәтеріміздің ас үйінде ақ қағаз бен қаламды алып, бұрқыратып жазып, талай түнді ұйқысыз өткізгеніміз естен шыға қоймас.
Жел мен боранның өтінде жүріп, кейде автобуспен, кейде «попутный» машинамен іссапарға шығатынбыз. Нұртөре ауыл шаруашылық бөлімінде жұмыс істегендіктен, Павлодар облысының біраз ауылдарын армансыз аралады, төгіп-төгіп жазды. Мен өнеркәсіп бөлімінде болғандықтан, қалаларға іссапарға шығумен шектелдім.
«САРҒАЛДЫҢ» АВТОРЫ – БЕЙБІТ