ҚОС ДИПЛОМ – ҚОС ҚАНАТЫҢ

ҚОС ДИПЛОМ – ҚОС ҚАНАТЫҢ

ҚОС ДИПЛОМ – ҚОС ҚАНАТЫҢ
ашық дереккөзі
Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде Химия мамандығына дайындық 1992 жылдан бастап жүргізіледі. Білім беру бағдарламаларын дамыту мақсатында оқу жоспарлары жыл сайын әзірленеді. Білім беру бағдарламасының даму жоспары мемлекеттің, жұмыс берушілердің, мүдделі тараптардың және тыңдаушылардың қажеттіліктеріне негізделген. Қос дипломды білім – қазақстандық білім алушыларды халықаралық білім кеңістігіне жан-жақты танытудың ең бір тиімді тәсілі. Бұл үрдіс білім беру, ғылыми-зерттеу сапасын жақсарту тұрғысынан университеттің стратегиялық даму мүддесі, әлемдік білім беру кеңістігіне университеттің бәсекеге қабілеттілігі және Болон процесінің негізгі қағидаттары мен ережелеріне сәйкес келеді. Қос дипломдық оқу бағдарламасы түлектері халықаралық тәжірибені қалыптастырып, еңбек нарығында табысты орын алуға мүмкіндігі мол болып табылады. Қос дипломдық бағдарламаға 2013 жылы ҚР Энергетика министрлігінің қолдауымен Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Біріккен ядролық зерттеулер институтымен (БЯЗИ) келісім-шартқа отырды. Осы келісім-шарт аясында химик магистранттарымыз бірінші семестрде біздің Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде оқиды да, екінші, үшінші семестрде оқуларын Ресейдің Мәскеу облысына қарасты Дубна университетінде білім алады. Төртінші семестрде өзіміздің ЕҰУ-ге келіп, оқуларын жалғастырып, алған білімін қорғайды. Қорғауға шыққанда зерттеулерінің барлығы 2-3 семестрде сол Дубна университетінде жүргізіледі де, «Ядролық зерттеу институтында» алған білімдерін бізге келіп қорғайды және Дубна университеті онлайн арқылы бізді тыңдайды. Екі жақта қорғаған диссертацияларын мақұлдап, екі жақтың да дипломын алады. Таратып айтқанда, қос дипломдық білім беру бағдарламаларын сәтті аяқтағаннан кейін білім алушы Ресейдің «Дубна» университетінің магистр деген дипломын және ЕҰУ-дің химия мамандығы бойынша магистрі деген диплом алады. Жоғарыда тілге тиек еткендей, 2013 жылы келісім-шартқа қол қойылды. 2014 жылы біз өзіміздің оқу жоспарларымызды сәйкестендіріп, екі жақ келістік. 2015 жылдан бастап біз магистранттарымызды жіберіп, қос дипломдық бағдарлама бойынша білім ала бастады. Қос дипломдық бағдарламаны табысты тәмәмдаған тұңғыш магистрантымыз Әсел Махамбет – Чехия институтының қызметкерлерімен бірге, сүт безі рагын емдеуде қолданылатын таблеткалар жасау мәселесімен айналысады. Екінші жылы барған Махаббат Нұрқасымова Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ химия кафедрасының оқытушысы. Ердәулет Мейір – «Дубна» мемлекеттік университетінің аспиранты, наноқұрылымды графит қоспаларды қоса отырып, аса жеңіл батареяларды алу жұмысын жүргізуде. Үшінші жылы барған Диана Нұрғалиева – Павлодар мұнай өңдеу зауытының инженері. Қазіргі таңда Сағындық Бағылан, Ажар Абдрахманова, Айдана Далелова атты үш магистрантымыз білімін жалғастыруда. Келесі жылға да келісімімізді бердік. Бірінші семестрді тәмамдап, келесі 2-3 семестрде Дубна қаласындағы университетте оқуын жалғастыруға Айнұр Ойрат, Айпара Қабылова жолдама алып отыр. Дубнадағы «Біріккен ядролық зерттеу институтында» жұмыс істейтін Фронтасьева Марина Владимировнамен бірге ортақ жобамыз бар. Ортақ жоба – қоршаған ортаны қорғау, ауаның құрамындағы ауыр металдар мен радионуклидтердің құрамын зерттеу және ауаның құрамындағы ауыр металдар мен радионуклидтердің қоршаған ортаға әсері деп аталады. Осы бағдарлама аясында біз Қазақстан аумағындағы мүктерді жинап, жинаған зерттеу материалдарымызды «Дубна» университетіне апарып, ары қарай сынамаларымызды дайындап, ядролық реакторға сынамаларымызды жіберіп, есептеулер жүргіземіз. Ол алынған сынамалар нәтижесі осы Қазақстандағы қоршаған ортадағы зиянды элементтердің мөлшерінің қаншалықты екенін көрсетеді және де қоршаған ортаға қандай әсер ететіндігі зерттеледі. Біріккен Ұлттар Ұйымының қоршаған ортаны қорғау деген жобасы бар. Зерттеулеріміздің нәтижесі бірден сол жаққа жіберіліп отырады. БҰҰ-да бүкіл әлемдік қоршаған ортаны қорғау бойынша жасалатын іс шаралардың аясында қарастырылады. Осындай зерттеулерді біз Қазақстан бойынша бірінші жүргізіп отырмыз. Мұндай зерттеулер Еуропада, Ресейде 1970 жылдан бастап жүргізілген. Тәуелсіздік алғаннан бастап, Қазақстан халқы әлемдегі ең қуатты елдердің деңгейінде болуды ұстанады. ҚР Президенті Жолдауының мақсаты – елімізді әлемдік экономикада бәсекеге қабілетті ету. Президент Жолдауы – бұл болашақ бағыт. Біздің болашағымыз – жас және бәсекеге қабілетті ұрпақты тәрбиелеу. Қос диплом – болашақ түлектерге арналған үлкен мүмкіндік болып табылады. Келісім негізінде екі елдің жоғары оқу орындарының құрылымдарында барлық қажетті жағдайлар қамтамасыз етіліп, тиісті жағдайларда жасалады. Осындай мемлекетаралық интеграциялық үдерістер, бітіруші түлектің жұмысқа орналасу мүмкіндіктерін кеңейтеді, оның ұтқырлығын арттырады.  

 Нұрия МОЛДАҒАЛИҚЫЗЫ,

Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ химия кафедрасының доценті,

«Жоғары оқу орнының

үздік оқытушысы – 2017»