Жаңалықтар

Газ қосумен қалтасын қампайтқан...

ашық дереккөзі

Газ қосумен қалтасын қампайтқан...

Жамбыл облысында тарифтерді төмендету бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы өткен кеңес барысында ҚР Премьер-министрі Бақытжан Сағынтаев бір апта ішінде тауарлық газды қосумен айналысатын барлық үлестес компанияларды тексеруді тапсырды. «КазТрансГазАймақ» АҚ Жамбыл бөлімшесінің директоры С.Исмайыловтың Жамбыл облысының тұтынушылары үшін тауарлық газ тарифінің қалыптасуы туралы баяндамасын тыңдаған Премьер-министр өңір кәсіпкерлері тарапынан қосу қызметі үшін алынатын бағаның жоғары екендігіне қатысты шағымдар түсіп жатқанын айтты. Бизнес өкілдерінің ақпаратына сәйкес, 80 мыңға жуық үй жанынан өтетін газ құбырына қосыла алмай отыр, себебі оған қосылу құны 200-250 мың теңге. Кәсіпкерлердің айтуынша, бұл нарық бағасынан бірнеше есе артық бағаны белгілеген жобалаушылардың кесірінен қалыптасқан жағдай. Бұл қызметті атқаратын басқа компаниялардың болмауы себебінен «үлестес» тәрізді компаниялар ұсынылатын қызметтің нақты құнын көрсетпейтін өз талаптарын қойып отыр. Осыған байланысты Бақытжан Сағынтаев облыстық прокурорға, сонымен қатар салық инспекциясы мен ҚР Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитетінің экономикалық зерттеулер қызметіне бір апта ішінде үлестес, лицензиялары бар, тауарлық газды қосу қызметін көрсететін барлық компанияларды баға түзу бойынша тексеруді тапсырды. «ҚазТрансГазАймақ» АҚ Жамбыл бөлімшесінің деректеріне сәйкес, бүгінгі таңда өңірдегі 377 елді мекеннің 181 елді мекеніне газ жүргізілген. Жеке және коммуналдық пәтерлерден 185 мыңнан астам абонент тауарлық газбен қамтамасыз етіледі, 319 өнеркәсіптік, 5 мың коммуналдық-тұрмыстық кәсіпорын қамтылған. Облыс бойынша газ бөлу құбырының жалпы ұзындығы 4600 шақырым.