Полицейлерді даярлайтын оқу орындары қысқарады
Полицейлерді даярлайтын оқу орындары қысқарады
ҚР Ішкі істер министрлігіне тиесілі 12 оқу орнының үздік бесеуі қалады. Бұл туралы Ақордада ішкі істер органдары қызметін жаңғырту мәселелері жөніндегі кеңесте ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Қазақстан Президенті ІІМ қарамағындағы 12 оқу орнының үздік бесеуі қалатынын, оған ең білікті деген оқытушылар іріктелетінін, сәйкесінше, осы мамандардың да еңбекақысы жоғарылайтынын атап өтті.
«Қызметтегі полицейлерді кезектен тыс аттестация күтіп тұр. Осы орайда заманауи стандарттарға сай келетіндер ғана қалады. Бұл емтиханнан өтпей қалған қызметкерлердің орнына лайықтылар іріктеледі. Қазақстанда сапалы іріктеу жүргізуге мүмкіндіктер баршылық, жыл сайын біздің жоғары оқу орындарымыз 20 мыңнан астам заңгерді даярлап шығарады», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Сонымен бірге Елбасы ішкі істер органдарынан жұмыстың сервистік моделіне көшуді талап етті.
«Жыл сайын полицияға 4,5 миллионнан астам азамат жүгінеді, алайда адамдарды қабылдауға тиісті жағдай жасалмаған. Қайғысымен келген адамды жылдам және сыпайы қарсы алу керек. Бірақ та бұл шаралар істің жартысы ғана. Әр азаматтың проблемасын жедел әрі заңға сәйкес шешу керек. Халықпен жұмыстың заманауи форматы осындай басымдықтарды қамтиды», - деді Мемлекет басшысы.
Президент қолайлы жұмыс кестесімен адамдарға жайлы әрі техникалық жабдықталған фронт-кеңселер құруды тапсырды.
Елбасы полиция қызметкерлерінің қатынасында дөрекілікке жол берілмеуі керектігін қадап айтты. Мұнымен қоса, Нұрсұлтан Назарбаев полиция қызметін бағалаудың жаңа өлшемдерін енгізуді жүктеді. Мемлекет басшысының атап өтуінше, бұл өлшемдер объективті әрі тексеруге қолайы болуы тиіс.
«Ол үшін мемлекеттік органдардың статистикалық мәліметтері, сондай-ақ әлеуметтік зерттеулер де пайдаланылады. Азаматтардың сенімі, оларға жасалған қолайлы жағдай мен қауіпсіздік полиция қызметі тиімділігін бағалаудың негізі болады. Есепті көрсеткіштердің соңын қуалап жүруді ұмыту керек», - деді Президент.
Еске сала кетсек, бұдан бұрын Мемлекет басшысы полицияны реформалауға кідірместен кірісу қажеттігін атап өткен болатын.