Жаңалықтар

СІМ: АҚШ өкілдері Астанадағы Сирия келіссөзіне келмейді

ашық дереккөзі

СІМ: АҚШ өкілдері Астанадағы Сирия келіссөзіне келмейді

Қазақстан сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов Астанадағы 11-рет өтетін Сирия бейбіт келіссөзіне АҚШ бақылаушылары келмейтінін айтты. 28-29 қарашада Астанада өтеді деп жоспарланған келіссөзге Сирия үкіметі мен оппозициясының өкілдері шақырылғанын айтты, деп хабарлайды centralasian.org. Әбдірахмановтың сөзінше, келіссөздің күн тәртібінде "Ислам мемлекеті" (ИМ) экстремистік ұйымымен күрес мәселесі енгізілмеген. "Менің білетінім, АҚШ террорлық топтармен, ең алдымен ИМ-мен күрес мәселесіне көбірек көңіл бөледі. Бұл мәселе келіссөздің күн тәртібіне енгізілмеген" деді Әбдірахманов. Министрдің сөзінше, келіссөзде кепіл елдер - Ресей, Иран және Түркия Сирияның Идлиб провинциясындағы жағдайды талқыламақ. "Бұл провинция деэскалация аймағы деп жарияланған төрт аймақтың бірі. Бұдан өзге, кепіл елдер босқындарды еліне қайтаруға жағдай жасау және дағдарыстан кейінгі Сирияны қалпына келтіруге қатысты мәселелерді талқыламақ" деді Әбдірахманов. Сирия келіссөзінің бұған дейінгі раунды Астанада 14-15 мамыр күндері өткен. Ол кездесу қорытындысында Иран, Ресей және Түркия жасаған ортақ мәлімдемеде Сирияның тәуелсіздігі, бірлігі мен аумақтық тұтастығын сақтаудың, 2017 жылдың 4 мамырында қабылданған деэскалация аймағын құру туралы меморандум және Астанадағы келіссөздер барысында келісілген өзге де құжаттарды жүзеге асырудың маңыздылығы айтылған. Бұл келіссөзден кейін Сочиде және Анкарада екі кездесу өткен.