ШОНА СМАХАНҰЛЫ АТЫНДАҒЫ ТУРНИР
ШОНА СМАХАНҰЛЫ АТЫНДАҒЫ ТУРНИР
Алматы қаласындағы Шона Смаханұлы атындағы №62 гимназияда оқушылар арасында шахматтан турнир өтті. Алматы қаласы Алмалы ауданына қарасты 9 мектептің 2-8 сыныптарында оқитын 35 бала қатысқан турнир Шона Смаханұлының туған күні құрметіне орай ұйымдастырылды. Турнир төрешілері – Алматы Шахмат клубының мамандары Сайранов Кәрібоз бен Рахымжанов Серік.
Бірнеше мектептің үздік ойыншыларын жинап, Шона Смаханұлы атындағы турнирді ұйымдастырған – шахматтан спорт шебері әрі кәсіби бапкер Серік Ибраимов. Қырық жылдан астам уақыттан бері жастарды тәрбиелеумен айналысып жүрген Серік Имашұлының алғашқы шәкірті – Шахматтан әлем чемпионы, Азияның екі дүркін чемпионы Дәрмен Сәдуақасов. «Турнирді өткізудегі басты мақсатымыз – Шона Смаханұлы сияқты Қазақтың біртуар ұлын ұлықтау әрі жас жеткіншектер арасында спортты, оның ішінде, шахматты насихаттау. Өйткені шахмат балалардың ой-өрісін өсіріп, білім көкжиегін кеңейтуге ықпал етеді. Өздігінен тез әрі дұрыс шешім қабылдауға үйретеді. Бұлардың бәрі – балалардың өмір жолында үлкен көмек болатын жақсы қасиеттер», – деген Серік Имашұлы жарысқа жиналған ата-аналарды балаларды шахматқа баулуға шақырды.
Турнир қорытындысында, ұл балалар арасында І орынды М.Әуезов атындағы №128 мектептің 2 «а» сынып оқушысы Асқар Қуат иемденді. Ал ІІ орын №39 мектептің 5 «а» сынып оқушысы Дәулет Әлмұханбетовке, ІІІ орын №39 мектептің 6 «б» сынып оқушысы Әлібек Тоқтановқа бұйырды. Қыз балалар арасындағы жеңімпаздарға келсек, І орынды №62 гимназияның 8 «А» сынып оқушысы Алтынай Әдібаева, ІІ орынды №36 мектептің 4 «б» сынып оқушысы Нұрдана Қанат, ІІІ орынды №128 мектептің 4 «а» сынып оқушысы Нұрай Асқарқызы қанжығаға байлады.