ДЕМОКРАТИЯ ДЕГЕН ОСЫ
ДЕМОКРАТИЯ ДЕГЕН ОСЫ
Америкадағы аралық сайлаудың қорытындысы жарияланып, бұл туралы әлемдік ақпарат құралдары жер-жаһанға хабар таратып үлгерді. Президент болғанына екі жыл әлі толмаған Дональд Трамптың партиясы – республикалықтардың Өкілдер палатасында басымдықтан айырылып қалғаны ендігі жаңалық емес. Әлбетте, Трамптың өзі сайлаудан кейін журналистерге берген брифингте: «1962 жылдан бері бірінші рет президент партиясы Сенатта өзіне тиесілі орын санын барынша көбейтті» деп мақтанса да (расында, алдыңғы құраммен салыстырғанда үш орын артық алған), бұдан былай Республикалық партия саяси билікті жүзеге асыруда ежелгі қарсыласы Демократтарға ысырылып орын бере бастауы ғажап емес. Бұған Трамптың сіңірген «еңбегі» аз емес десек, артық айтқандық болмас.
Әйтсе де, екі партияның теке-тіресінен де маңызды жаңалық бар, ол – АҚШ Конгресіне тұңғыш рет мұсылман әйелдердің сайлануы. Тарихи оқиға басқа емес, дәл Дональд Трамптың президенттігі тұсына тап келгені ненің нышаны екен? Сайлауалды науқаны кезінде жеті-сегіз әйелдің тарапынан «зорлық-зомбылық жасады» деген айыппен үстінен шағым түскен Трамп, жалпы әйел қауымының намысына тиетін сөздер айтқаны таспаға жазылып, онысы дүниежүзіне тараған соң амалсыз кешірім сұраған Трамп, мұсылман елдердің азаматтарын АҚШ аумағына кіргізбейтін жарлыққа қол қойған Трамп... Ендеше, екі бірдей штаттан мұсылман әйелдердің сайлауға түсіп қана қоймай, жеңіске жетіп, Өкілдер палатасының мүшелігіне өтуі – Трампқа қарсы ішкі қоғамдық қарсылықтың белгісі сияқты. Америка – біртекті ұлт емес, ол – әр қиян, әр басқа құрлықтан келген сан түрлі этностық топтардың бірігуінен құралған мемлекет. Оның ішінде сөйлеу тілі, ұстанған мәдениеті, ұйыған сенім-нанымына қатысты тағы жіктеледі. Осы орайда, Дональд Трампқа дауыс бергендердің ортақ портреті – жұмысшы табына жататын орта жастағы ақ нәсілді америкалықтар екенін есіңізге саламыз. Қазіргі президенттің «Ең алдымен Америка!» атты ұраны олардың көңілінен шығады. Әйтсе де, өзгелердің дініне, тегіне, нәсіліне қатысты кемсітушілікке көбірек ұқсайтын арандатушы мәлімдемелерді америка халқы бірауыздан қолдайды деуге болмас. Мұның дәлелі – Ильхам Омар мен Рашида Тлаиб.
Жалпы, демократияның өзі мінсіз емес деп қанша даурықсақ та, Черчилль айтқандай, қазіргі саяси жүйелердің ішінде одан артығы жоқ екенін өмірдің өзі көрсетіп отыр. Мысалы, Ұлыбританияда кеше ғана Альбион аралына 1940-1970 жылдары жұмыс күші ретінде тоғытылған келімсектердің ұрпағы, яғни «Уиндраш толқыны» деп аталған буынның бел баласы Сажид Джавид бүгінде Ішкі істер министрі қызметіне тағайындалды. Күні кеше көше тазалап, британдықтарға жалданып жүрген жалшының ұлы сол халықтың тағдырын шешетін шешімдер қабылдап, ел басқару саясатын түзуге тікелей араласып жүр деген сөз. Егер демократия болмаса, айналасы елу-алпыс жылда, тіпті бір буынның көз алдында осындай алмағайып өзгеріс жүзеге асар ма еді?
Бұл мысалмен салыстырғанда, ата-бабасы бір ғасыр бұрын құл болған Барак Обаманың АҚШ сияқты мемлекеттегі ең лауазымды қызметке сайлануының өзі солғын тартты. Демократия болмаса, есіктегі құл төрге озып, мемлекет басшысы сайланар ма еді? Мұны да аз десеңіз, осыдан 101 жыл бұрын тұтас Еуропада, Британияда және АҚШ-тың өзінде әйел заты сайлауға қатыспақ түгілі, олардың дауыс беру құқығы жоқ еді. Бір ғасыр өтпей, әйелдер қауымы сайлауға үн қосып, өздері де додаға қатысып, тіпті жеңіп шығып, билік бишігін ұстап жүр. Ал енді Америка сияқты таза протестанттық мемлекетте шариғат шәлісін жамылған мұсылман әйел осы құқықты пайдаланып, мемлекеттегі ең басты заң шығарушы органның мүшесі болды. Егер демократия болмаса, кеше ғана діні үшін қуғын көрген, терроризмнің, экстремизмнің жаласы жабылған мұсылмандар, оның ішінде, күні кеше бұл елге босқын есебінде келген мұсылман келіншектер мұндай сенімге ие бола алар ма?
Екі мұсылман әйел конгресменнің екеуі де Демократтар партиясының мүшесі. Сайлауалды науқан кезінде екеуі де қазіргі президент Дональд Трампты сынаумен көзге түсті. Ең әуелі, олар Ақ үй басшысының мұсылмандарға қатысты ұстанған саясатына және миграциялық саясатына наразы.
36-жастағы Ильхам Омар Миннесота штатынан сайланып отыр. Ашығын айтқанда, Ильхам Омар – тұрған бойы қазіргі президенттің сөйлеген сөзі мен іс-әрекетіндегі ең осал, ең шетін тұстарын әшкерелейтін өзгешеліктердің жиынтығы. Діні мұсылман екенін айттық. Нәсіліне қарасаңыз, тегі – афроамерикалық, яғни қара өңді. Заты әйел екені тағы бар. Бұған қоса, өзі – АҚШ-қа сонау Сомалиден бас сауғалап келген босқын. Сомалиді ата-анасымен бірге 8 жасында тастап шыққан, одан соң Кенияда босқындар лагерінде тұрып, тауқымет зардабын ерте бастан тартқан. Яғни, ол – Конгрестегі хиджаб киген тұңғыш мұсылман әйел әрі тұңғыш босқын. Сонда қазіргі Ақ үй басшысының мигранттарға қатысты, босқындарға қатысты, әйелдерге қатысты, мұсылмандарға қатысты айтқан ащы сөздері мен ауыр айыптарының бәрі Ильхамның жеке басына да тиетіні түсінікті. Оның Трампты жақтырмайтыны, ашықтан-ашық сынаудан жалтақтамайтыны содан.
Ал 42-жастағы Рашида Тлаиб – АҚШ-та туып-өссе де, тегі жағынан Палестинадан шыққан иммигранттар отбасының өкілі. Мичиган штатынан сайланған Рашида хиджаб кимесе де, діні Ислам екенін жасырмай айтады. Он жыл бұрын ол Мичиган штатының Өкілдер палатасының мүшелігіне сайланған, енді міне, федералдық деңгейдегі мандатқа қол жеткізді. Мичиганда мұсылмандар саны көп емес, әйтсе де, олардың бірауыздылық танытып, Тлаибты қолдағаны білінді. Бұған себеп – оның мұсылман болғаны әрі Трамп саясатына қарсы шығуы.
Рашида 2016 жылдың тамыз айында сол кездегі президенттікке үміткер Дональд Трамппен Детройттағы экономикалық клубта өткен кездесу үстінде Трамптың сөзін ортасынан үзіп, оған қарсы сөйлеген. Сол кезде Трамптың күзеті Рашиданы залдан күшпен итеріп шығарған еді. Ал енді Рашиданы Конгрестегі заң аясында сайланған қызметінен қууға Трамптың әлеуеті жетпес. Демократия деген осы емей, немене?
Бұл жолы Өкілдер палатасына – 435 депутат, ал Сенатқа – 35 депутат, сонымен қатар, 36 штаттың губернаторы мен 3 аймақтың губернаторы сайланды. Дәл осы жолы мұсылман америкалықтардың белсенділігі жоғары болған сияқты. Ел аумағында 3 миллионнан аса мұсылман болса, соның ішінде федералдық деңгейде бас-аяғы жүз шақты мұсылман Конгресс сайлауына қатысып, бақ сынаған. Оның ішінен аты озып сайланған 435-тің екеуі мұсылман әйел болғаны – АҚШ сияқты протестанттық сенімдегі зайырлы мемлекет үшін үлкен өзгеріс.
Ильхам мен Рашида жаңартылған Конгресс құрамындағы қызметтеріне қаңтар айынан бастап кіріседі. Ең бастысы, олар сайланған Өкілдер палатасында енді демократтардың ықпалы басым. Мұның өзі мұсылман конгресмендер үнінің пәрмендірек шығуына әсер етері сөзсіз.
Көбелектің қанатынан кейде үлкен дауыл тұрады деседі...