Жаңалықтар

Тасылған талай жүгің осы жерден

ашық дереккөзі

Тасылған талай жүгің осы жерден

«Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша Құрық порты арқылы экспорттық, импорттық және транзиттік жүктер жөнелтілуде. Кешен жылына 4 млн тоннаға дейін жүк тасымалдауға қауқарлы. Құрық порты Каспий теңізінің шығысында жатқан шығанақ. Ол Ақтау айлағынан оңтүстікте орналасқан. Табиғи мүйіс порттың қысы-жазы тоқтаусыз қызмет көрсетуіне қолайлы таңдалған. Көліктік-логистикалық инфрақұрылым Қарақия ауданына қарасты Құрық ауылынан 17 шақырым қашықта. Порт пен ауылды Боржақты-Ерсай теміржол желісі байланыстырады. Ірі жоба елді мекеннің әлеуметтік-экономикалық жағдайының жақсаруына септігін тигізіп, жұртшылықтың әлеуетін көтеруге себепші болған. Былтыр 740-қа жуық адам кешендегі құрылыс жұмысына тартылса, биыл портта 300-ден астам адам тұрақты жұмыс тапты. Мұның сыртында порттың қызметіне қажетті заттарды қамтамасыз ету үшін жекеменшік мердігер компаниялар ашылуда. «Құрық порты кешеніндегі инфрақұрылымының жүргізілуі жаңа жобалардың, көліктік-инфрақұрылымның дамуына, жаңа сервистік қызметтердің жүзеге асуына ықпал етуде. Демек өз кезегінде жаңа кәсіпкерліктің қарқыны артады деп күтеміз», – дейді Қарақия ауданының әкімі Қыдырберді Беков. Құрық портының жергілікті бюджетке келтіретін кірісі де қомақты. Бұл сома 2017 жылы 41 млн теңгеден асып, биыл жыл басынан бері 33 млн теңгеге дейін жетті. Бұл тек бір елді мекенге келтірген табысы, ал алдағы уақытта тұтас Қазақстанның экономикасында да алатын орны ерекше болмақ. «Қазіргі таңда Құрық порты кешені арқылы экспорттық, импорттық және транзиттік жүктер жөнелтілуде. Қытайдан, Қырғызстаннан, Өзбекстаннан транзиттік жүктер осы Құрық порты арқылы Әзірбайжан, одан кейін Еуропаға жөнелтіледі. Елімізде өтіп жатқан Ұлы Жібек жолы бағыты бойынша тасымалданатын жүктердің артуына Құрық порты өз үлесін қосуда», – дейді Құрық порты бас директорының орынбасары Талғат Оспанов. Былтыр теміржол паромы терминалы 1,5 млн тонна жүк тиеді. Портқа 320 кеме келді. Ал биыл 15,2 мың вагон және 306 автокөлікке қызмет көрсетілген. Айта кетерлігі, Құрық паромдық кешені жылына 4 млн тоннаға дейін жүк тасымалдауға қауқарлы. Ал Ақтау теңіз сауда портын қоса алғанда 2020 жылға қарай 25 млн тоннаға дейін жүк жеткізуге мүмкіндік бар.