Жаңалықтар

КАДЕТ СЫНЫПТАРЫ ДАМЫП КЕЛЕДІ

ашық дереккөзі

КАДЕТ СЫНЫПТАРЫ ДАМЫП КЕЛЕДІ

Алматы облысында құқық қорғау бағытын негізге алған кадет сыныбында білім алушылардың слеті ұйымдастырылды. Өтеген батыр кентінде өткен шараға Талдықорған қаласы мен Іле ауданының мектептеріндегі 150-ден астам кадет қатысты. Алматы облысында негізі қаланған «Жас полиция» кадет қозғалысы даму үстінде. Қазіргі таңда төрт жалпы білім беретін мектепте 5 кадет сыныбы жұмыс жасайды. Пилоттық жоба ретінде алғашқы кадет сыныбы былтыр Іле ауданы, Өтеген батыр кентінің №7 орта мектебінде ашылған. Кейіннен арнаулы сыныптар ауданның басқа үш мектебінде ашылды. Полициялық бағытты ұстанған алғашқы кадет сыныбын ашу идеясын облыс басшысы Амандық Баталов ұсынып, өзі қолдау көрсетіп келеді. Іс-шара барысында слетке келген кадеттер қару-жарақты бөлшектеу және оны қайта құрастыру, саптық әндерді орындау, саптық дайындық бойынша өз өнерлерін көрсетті. Жиын соңында жиылған көрермендерге ән мен күйден шашу шашты. Еліміздің шынайы патриоты болуға ықпал ететін кадет сыныптарына ата-аналар тарапынан қызығушылық басым. Алдағы уақытта облыстың басқа аудандарында да кадет сыныптарын ашу жоспарланған. Келер жылы Үшарал және Қапшағай қалаларында ашылуы мүмкін.