Құжаттар сөйлеген Қызылжар

Құжаттар сөйлеген Қызылжар

Құжаттар сөйлеген Қызылжар
ашық дереккөзі
Қызылжар қаласында «Солтүстіктің қазынасы: бірегей мұрағаттық құжаттардағы тарих» атты көрме өткізілді. Онда көптеген тарихи, соның ішінде Абылай ханға, Үкілі Ыбырайға қатысты бірегей құжаттар қойылған. Көрмеде жұрт назарына ұсыныла бермейтін аса құнды құжаттар таныстырылды. Соның бірі – Абылай ханның Қытай императорына жазған хатының көшірмесі. Облыстық архивтің директоры Сәуле Мәлікованың айтуынша, Абылай хан Цяньлунға сәйгүліктерді сыйға тартып, ұсақ малдарды сатуға рұқсат сұраған екен. Бұл құжат Бейжіңнің №1 архивінен әкелінген. «ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі, тарих ғылымдарының докторы, профессор Меруерт Әбусейітова Парижде италиялық қылқалам шебері Джузеппе Кастильонидің «Қазақтардың ат сыйлауы» атты суретін көреді. Ол кезінде сарай суретшісі болған екен. Осы суретке Абылай ханның сыйлығы негіз болуы мүмкін деп жорамалдаймыз», – дейді Сәуле Мәлікова. Көрмеге сондай-ақ, тарихи аса құнды құжаттар – Абылайды хан ретінде бекіту патенті, Абылай хан резиденциясының жоспары, Үкілі Ыбырайдың «Бостандық туы» газетіне жазған «Абылайдың ақ үйі» атты өлеңінің түпнұсқасы қойылған. Өткен тарихқа қызыққан жұрт фотоқұжаттардан 1894 жылы 11 шілдеде Петропавл стансасына Транссібір теміржолы арқылы алғашқы пойыздың келгенін және Петропавл – Көкшетау теміржолының құрылысын да тамашалады.