ӘБІЛҚАЙЫР ХАН ЖӘНЕ ДАЛА ЭЛИТАСЫ

ӘБІЛҚАЙЫР ХАН ЖӘНЕ ДАЛА ЭЛИТАСЫ

ӘБІЛҚАЙЫР ХАН ЖӘНЕ ДАЛА ЭЛИТАСЫ
ашық дереккөзі
Соңы.Басты өткен санда  Әбілқайыр хан елінің солтүстігіндегі күшті де қаһарлы империя тағында отырған патшайым Анна Иоанновнаға жолдаған, қазақ үшін тағдыршештілік мәні болған хаттың түп мәтініндегі: «Жарлық: Сіздің құлдарыңыз Орал естектерімен ынтымаққа қол жеткізгіміз келеді. Сіздің жарлығыңызбен ынтымақтас боламыз», – деген түйінді жолдар  оның мақсатын жеткілікті дәрежеде айқын көрсетіп тұр. Және оның ешқандай да «өз еркімен бодандыққа сұранды» деген ұғым бермейтіні де анық. Орыс империясы қоластындағы Орал башқұрттары қазақ жер-суының біраз өңірін өздерінікі деп есептейтін, әрі патша өкіметі қысқан сайын, жаңа жайылымдарға көшу мақсатымен, Қазақ еліне жиі-жиі шабуылдап, тыным бермейтін. Әбілқайыр ханның хаты соларды императрица жарлығымен ауыздықтауға қол жеткізуді көздегені күмән туғызбайды. Хатында естектерді (башқұрттарды) орыс мемлекетінің «құлдары» деп атап көрсетіп отырғанында, енді өз халқын да сондай «құлдыққа» алуын патшайымнан «жалбарынып» сұрауы қисынсыз екені дәлел тілемесе керек. Тарихшылардың бірқатары 1726 жылғы Қойбағар Көбекұлы елшілігін де Санкт-Петербургке Әбілқайыр хан жіберген, ол осылай орыс қоластына өтуге бұрын да әрекет еткен деп санайды. Алайда бұл кезде Әбілқайыр хан өз Отанының басқыншы табанына түскен түстік өңірін азат ету үшін біресе оңтүстікте жоңғарлар, біресе солтүстікте казачество, қалмақ, башқұрттардан қазақ жер-суын қорғау жолында аласұра соғысып жүрген. Аталған миссия жекелеген рубасылардың бастамасы болатын. Қойбағар бастаған елшіліктің Қазақ хандығы бас әміршісінің жіберуімен келмегенін, сондықтан да оның тиісті өкілеттілік күші жоқтығын патша үкіметі бірден түсінген. Түсінген де, оған ешқандай жауап бермей, елеусіз күйде қайтарған болатын. Ал  Құтлұмбет би, Сейтқұл батыр, Тоқтамыс мырза бастаған 1730 жылғы елшілік қазақ ханының тікелей өзінен орыс патшайымына арнайы жазылған хат әкелген еді. Сол себепті империяның Сыртқы істер алқасы, ондағы жауапты қызметкер – кезінде  Бірінші Петрдің қазақ еліне қатысты жоспарын өз аузынан естіген Алексей Тевкелев, сондай-ақ, әрине, патша үкіметі мен патшайымның өзі де оған өте мұқият қарады. Бәрі де Ұлы Петр аманат еткен  жобаны жүзеге асырар уақыттың туып келе жатқанын түйсінді. Мәселені  парықтай келе, патша үкіметі қазақ ханы өтінішін империя мүддесіне сай тиянақталып орындалуын қамтамасыз етуді ойластырды. Сол үшін барлық керек-жарақ, мол қаржы-қаражатпен жабдықталған, құрамына қазақ елінің жер-су бедерін, қоғамдық және әлеуметтік құрылымын, хал-жағдайын жан-жақты зерттей алатын мамандар енгізілген үлкен экспедиция құрды. Орыс императрицасы Анна Иоанновнаның осынау елшілігін басқаруға Сыртқы істер алқасының чиновнигі  Құтлұ-Мұхаммед Тевкелев тағайындалды. Оған дейін ірі дипломатиялық міндетті атқаруда мүлтіксіз орындалуға тиіс нұсқаулық жасалды. Сондай ұйымдастыру және жан-жақты дайындық шараларынан соң, экспедиция жол жүруге сақадай сай болды. Ақыры, кері қайтатын мезгілі жеткен Әбілқайыр ханның елшілерімен бірге, 1731 жылғы сәуірдің 30-ы күні Тевкелев бастаған миссия Қазақ елін бетке ұстап, Петербургтен шықты. Екі айдан кейін башқұрт аймағындағы орталық қала Уфаға жетті. Сол жерде  елшілікті Алдар тархан   күтіп алған. Ол Тевкелевке алдымен Әбілқайыр ханға хабар жіберген жөн деген кеңес берді.  Хабаршылар аттанды да, тамыздың 22-сінде хан өкілдерімен бірге оралды. Олар Уфада құрметті эскортпен, қарулы күзетпен күшейтілген экспедицияны (императрица Анна Иоанновнаның елшілігін) ханның жазғы  ордасына қарай сол айдың аяғында бастап шықты. Қазақ елінің шегіне іліге бергенде, оларды Әбілқайыр ханның ұлы  Нұралы сұлтан қарсы алды. Ол патша елшілігіне протоколдық құрмет көрсету үшін арнайы жіберілген еді. Сөйтіп, қазақ әскерінің хан тарапынан бөлінген екі жүз сарбаздан тұратын салтанатты эскорты әрі күзетінің ортасында, айдан астам жол үстінде болған экспедиция, ақыры, 1731 жылғы 5 қазанда Ырғыздағы Мәнітөбе алқабына тігілген ханның жазғы ордасына ат басын тіреді. Әбілқайыр хан орыс патшайымының елшісі әкелген хабарды көпке созбай талқыға салу қажет деп шешті. 1731 жылғы 10 қазанды жиналыс өткізетін күн деп белгіледі. Оған 1730 жылғы мамыр айындағы құрылтайға қатысқан Кіші және Орта жүз шонжарларын шақыртты. Жиналысқа дейін хан алдымен өз елшілерінен мұқият есеп алды, сосын орыс елшілігінің басшысы Тевкелевті қабылдады. Тевкелев  ханмен, қазақтың беделді тұлғаларымен  (би, сұлтан, батырларымен), экспедицияға Уфада қосылған құрметті эскортты бастап келген Алдар тарханмен және Таймас батыр секілді өзге де ықпалды башқұрттармен әлденеше рет кездесіп, негізгі мәселенің шешілу жолын ақылдасты. Оның күнделігінде (журналында) жазылған ақпараттарға қарағанда, сый-сияпат тарата отырып қозғалған әңгіме түп-түгел қазақтарды империя боданы болуға мойынсұндыру жөнінде болған сияқты.  Алайда тапсырмаға сай толтырып отырған журналына патша қызметшісі тек қожайынына жағымды сөздерді жазуы тиіс екенін есте ұстау керек. Яғни, түпкі мақсаты болып табылатын жасанды құжатты – «Ресейге кіріптарлығын мойындайтын бір жапырақ қағазды қайткенде қолға түсіру үшін, миллион сом жұмсаса да, беделді қазақтарды сатып алу» жолында жүргізген жұмыстарын әсірелеп таңбалауы күмән туғызбайды. Журналындағы ақпараттардың империяда өзге жұрттарға қатысты қалыптасқан толтыру үлгісінде,  кеңсе қағазын өзгені төменшіктете отырып жүргізу дәстүрінде жазылғаны анық. Патшалық және кеңестік дәуірлерде, сондай-ақ, біздің тәуелсіз заманымызда да көптеген ғалымдар Тевкелевтің сол шақта жүргізген дипломатиялық келіссөздері қазаққа Ресейдің боданы болуды мойындатуға тірелді деп санайды. Дұрысында, сондағы келіссөзге әр тарап өз ұғымынша мән берген. Әбілқайыр ханның патшайымға жазған хатындағы «жарлық» (түйін) мағынасы орыс мемлекетінің қазақ еліне мазасыздық туғызып тұрған бодан елімен бейбіт қатар өмір сүруге қол жеткізуді көздеу екені айқын тұжырымдалған. Хатты империя астанасына апарған елшілер «империя қарамағындағы башқұрттардың қазақ еліне агрессиясын тоқтату үшін  императрицаның арнайы нұсқау беруін» сұрады, шартын баян етті: патшайым осылай тыныштық туғызса және қазақтардың сыртқы дұшпандардан қорғануына септессе – онда Қазақ хандығы да патша қазынасына бағалы аң терілерінен алым (ясак) беріп тұратын болады. Әбілқайыр ханның елшілері Санкт-Петербургке сапарының мақсатын осындай ауқымда ғана түсіндіруге хақылы болған, солай еткен де. Жоғарыда қарастырғанымыздай, орыс құжаттарында бұл жәйт «бодан болуға құлшыну» сипатында жазылған.  Тевкелев қызметі барысында соларды басшылыққа алады. 1731 жылғы 10 қазандағы қазақ ақсүйектері мен беделді тұлғалары алдында мәмілегерлік амал-айламен айтқан сөзінде қазақтардың Ресей империясына ешқандай да қауіп-қатер төндіре алмайтынын шегелей аян қылып, сондықтан қазақтармен бейбіт келісімшарт жасаудың Ресейге түкке де керек еместігін жария етеді. Мұндай келісімшарт қазақтарға қажет. Өйткені оларға Ресей бодандары тарапынан төніп тұрған қатер аса зор. Ал одан тек айбынды Россияның боданы ретінде ғана құтылуға болады, егер қазақтың осынау бас адамдары «бодан болуды» (журналына түсірілген бұл етістік чиновниктің ішкі пиғылы болуға керек, жиында, ыңғайы, Ресейдің қазақ хандығын қорғауына алуы, нағыз мағынасындағы протектораты санауы жайында айтылуы көңілге қонымды) қабыл көрмесе, ұлы мәртебелі патшайымның елшісі оларды мәжбүрлемейді. Бірақ қазақ әміршілерімен «бейбіт келісімшарт жасауға да бармайды», себебі ондай шара «қуатты да айбарлы Россия империясы үшін абыройсыздық болар еді», патшалықты «мұндай масқарашылыққа ұшыратуға» Тевкелев ешқандай да келісе алмайды... Жиналысқа қатысушыларға орыс елшісінің кең ауқымды, байыпты, терең сөзі қатты әсер етеді. Оған Табын Бөкенбай батыр қолдау көрсете сөйлейді. Қазақ үшін қазіргі таңда күшті елге арқа сүйеу аса  қажет екенін айтады. (Бөкенбай батыр 1710 жылғы құрылтайда қазақ жасақтарының сардарлығына сайланып, Әбілқайыр ханмен бірге жаудан елін азат етуге белсене қатысқан. 1726 жылы Жайық үшін шайқасып жүріп, бейбіт келісімшарт жасауға қажеттілік туғанда, қалмақ әскерінде аманатта қалған.  Жалпы, Отан соғысы кезінде талай шайқастың күйініші мен сүйінішін ханмен бірге бастан кешкен.  Әбілқайыр ханның ең сенімді батырларының бірі болатын. Ол осы жиын алдында ғана Тевкелевтің өзіне ұсынған ірі көлемдегі төлемақысын алудан бастартқан еді: ақша алсам – ақшаға сатылған болып шығам, мен еліме қорған болатын патшайымға ақысыз-пұлсыз, елімнің тыныштығы мен абыройы үшін адалдық сақтауды өзіме борыш санаймын деген).  Оның сөзі бас адамдардың бірқатарына оң әсер етті. Олар да  Ресейді қорғаныш тұтуға бейілдік танытты. Ал бірқатары  қарсы болды.  Олар орыс патшалығымен бейбіт келісім жасауға қарсы емес. Әңгіме екі ел арасында бір-біріне әскери көмек беруді ескеретін уағдаластыққа қол жеткізу жөнінде болса – құба-құп. Былтырғы құрылтайда олар ханға патшайыммен келісіп, башқұрт мазасыздығын тыныштандыруды тапсырған. Басқа ештеңе емес. Бірақ патшайымды қазақ хандығының бірден бір қамқоры тұтуға шақырып, хан өз өкілеттігін асыра пайдаланбақ. Бұған бұлар қарсы. Орыс мемлекетін қорғаныш көруге  қарсы. Келісім  тек қана бейбітшілік сақтау жайында ғана болсын. Олар Әбілқайыр ханға императрица елшілігін осындай жауаппен кері қайтаруға шақырады. Сонда Әбілқайыр хан өзінің саяси ойын мейлінше айқын, еш бүкпесіз жария етті. Егер хандық Ресейдің қорғауындағы ел қатарына кірсе, оның қоластындағы қалмақ пен башқұрт, Жайық және Сібір казактары жүгенсіздік жасай алмайтын болады. Олардың әскери құрылымдарының қазақ елін шаба беруіне тоқтау салынады. Ресей де оларға астыртын көмек беруін, қазақтарға құпиялап  айдап салуын қояды. Бұл – бір. Екіншіден, Қазақ хандығы Ресей қорғайтын ел қатарында болса, оның қоластындағы Қалмақ хандығынан кем түспейтін,  орталықтандырылған біртұтас күшті мемлекет құруға Әбілқайыр ханға да мүмкіндік туады...

***

Солтүстіктегі қуатты мемлекетке қарай шешімталдықпен бетбұрыс  жасауының шындығын Әбілқайыр хан 1731 жылғы 10 қазанда дала элитасы алдында айқара ашты. 1730 жылғы мамыр құрылтайы шешіміне сай ол орыс патшайымына арнайы хатпен елші жібергенінде, хатында айтылған тілек пен қойған шартының мазмұнын қандай ауқымда түсіндіруге болатыны жайында елшілеріне құпия түрде тиісті нұсқау берген. Алыстан болжайтын көреген саясаткер ретінде, Әбілқайыр хан терістігіндегі алып көршімен тату тұру арқылы ғана Қазақ хандығының тұтастығын сақтай алатынын, сонда ғана өзінің жалпақ жер-суды алып жатқан бытыраңқы елінде бір орталыққа бағынатын біртұтас күшті мемлекет құруына мүмкіндік туатынын ұққан. Алайда бұған кедергі көп-тін... Орыс патшайымының елшілігі қатысқан жиында қазақтың елдік мүддесін ойлайтын бас адамдар Әбілқайыр ханды түсінуге тиіс және оның ұсынысын қолдауға міндетті болуға керек еді. Мәселе мынада. Оны жиырма жылдан бері хан дейді. Кіші жүз бен Орта жүздің бір бөлігінің ханы, оның ішінде кейінгі он бір жыл бойы қазақ елінің аға ханы лауазымын алып келеді. Осы уақыт бойында қилы жағдайға орай жасақ жиып, әскер құрды, соғыс өнерін тәп-тәуір меңгергенінің арқасында, қазақтың айтулы батырларымен бірге маңызды жеңістерге жетіп жүрді. Бейбіт шақтардағы ел билеудің қыр-сырын да әжәптеуір түсінді, сондай кезеңдерде өзінің төре тұқымдастары мен күллі қара халықтың қилы өкілдерінің жақсы-жаман қасиеттерін әбден танып-білді... Орыс дереккөздерінен мәлім, баш­құрт­­тың белгілі бас адамдары (Алдар тар­хан, Таймас батыр және т.б.) 1730 жылы империяның Сыртқы істер алқасына берген мәліметтерінде «қазақтарда алты хан бар, іштеріндегі   зоры Әбілқайыр хан. Сол хандардың бәрі барлық істерде Әбілқайыр ханға құлақ асады», – деген. Бір айдан кейін бұл мәліметті патшайымға арнайы жіберілген қазақ елшілері растайды. Олар әлгі мәліметті Ұлы жүз билеушісі Жолбарыс хан мен Орта жүз хандары Сәмеке мен Күшік Әбілқайыр ханның айтқанынан шықпайды деген сөздерімен нақтылай түсті. Әйгілі қазақ батыры Табын Бөкенбай 1731 жылы қазақ даласына келген Құтлұ-Мұхаммед Тевкелевке: қазақ елінде «Тәуке ханнан кейінгі басты әмірші – Әбілқайыр хан, ол өз еркімен, ешкімнен кедергі көрместен, көп істі жүзеге асырды» деді. Орта жүз ханы Сәмеке Әбілқайырды «бас ханымыз» деп атады. Орыстың көптеген құжаттарында белгілі қазақ батырлары мен бас адамдарының, сондай-ақ, Абылайдың және өзге де сұлтандардың  Әбілқайырды бас хан, аға хан деп атаған деректері сақталған. Бұл лауазымға ол 1719 жылдан ие боп келе жатқан және сонша уақыт бойы аттан түспей, ұлан-ғайыр қазақ жерінің оңтүстігіне де, терістігіне де қорған болмаққа, жауынгер жасағын бастап әлденеше аттанған. Небір шайқастар жүргізіп, елдің азаттығы мен тұтастығын сақтау үшін алысқан. Осынша уақыт белден қындағы қылыш пен жебе толы қорамса шешілмеді. Садақ пен семсерді бекем ұстап,  тұлпарынан түскен жоқ. Жауынгер сарбаздарын бастап, дамыл таппай, қазақ жерінің бір қиырынан екінші қиырына құйындата шапты. Ел мүддесі үшін құстай ұшып, қысқа мерзімде айшылық жерлерді шалды. Бас қолбасшы ретінде, қазақ әскерін күрделі майдандарда жеңіске бастады. Оңтүстікте  қазақтың астанасы мен талай өзге де шаһарын, шұрайлы жер-суын жоңғар-басқыншыдан азат етті. Терістік-батыста орыс үкіметі айтақтаған, орыс қоластындағы қалмақ, казак-орыс, башқұрттан ел-жұртын қорғады. Жайық үшін жан аямай шайқасты (Әбілқайыр ханның орыс өкіметіне мәлімдемесі: «Қазақ халқы Жайықтан өзен суы сарқылып біткенше айрылмайды!»). Жоңғар басқыншыларына қарсы жүргізген Отан соғысын жеңіспен аяқтады. Қонтайшы Галдан Церен сынды қуатты әм қатерлі,  әскери күшінің мүмкіндігі мол бас дұшпанымен абыройлы келісімге қол жеткізді. Не керек, Әбілқайыр баһадүр өзінің аға хан ретіндегі лауазымын білегінің күшімен, қолбасшылық білігімен бекемдеді. 1736 жылы ордасында болып қайтқан шетел саяхатшысы Джон Кэстльдің жазуына қарағанда,  Әбілқайыр хан биік бойлы, мығым денелі, қызыл шырайлы жүзі жақсылық, тілектестік нұрын шашқан баһадүр болатұғын. Сонымен қатар ол өте қажырлы, аса қуатты күш иесі еді, бүкіл қазақ халқы ішінде садақ тартуда оған тең келетін жан жоқ болатын (Кэстль күнделігінде оны осылай суреттеді, бұл кезде Әбілқайыр хан елудің ортасына келген болатын). Әбілқайыр хан шынында да келбетті, күш-қуаты кемерінен асқан, өте қарулы, жауынгерлік шеберлігі жауын да тәнті еткен, сонымен бірге аса ірі ұйымдастырушы және ғаламат қолбасшы талантын құдай бір бойына аямай дарытқан жан болған.  Оның жоңғарларға қарсы жауынгерлік шайқастарында да, Россияның шекаралық аудандарына жасаған әскери жорықтарында да көрсеткен ессіздікке барабар жүрекжұтқандығын, керемет батылдығын орыс әкімдері ерекше қолбасылық дарынымен қоса атап көрсетіп отырған. Сүйікті арғымағынан түспейтін дала қолбасшысының аса шебер шабандоздық өнеріне тікелей куә болғанын шекара жасақтарының командирлері де жиі еске алған.  1723 жылғы апатты жеңіліс туғызған көңіл-күй халықтың еңсесін басып, жаппай түңілу орын алған ең қиын жағдайлардың өзінде Әбілқайыр хан сабыр сақтап, ой айқындығын жоғалтпай, өзінің ержүректігі, шешімталдығы арқасында батыл әрекеттер жасай білді. Жұрт босып кеткен «Ақтабан шұбырындыда» естері шыққан көптеген қарулас шыңғыстұқымды бауырларына ұқсамай, ол тез әскер жинай алды. Сарбаздарын дұшпанның шапқыншылық жасаған бағыттарында топтастырды. Басқыншы қолдарын шапшаң, қарқынды түрде шабуылдау арқылы көп ретте басымдыққа жетіп, шайқастарда жиі жеңіске жетіп жүрді. Күреске толы ұзақ жылдарда көзінің жеткені – қазақ жұрты еркіндікті сүйеді, дұшпанға алдырғысы келмейді, батыр, алайда, мемлекетінің құрылымы әлсіз. Тәуке ханның реформасында көзделген өлкелердегі билікті күшейту арқылы мемлекеттік бірлікті арттыру идеясы жүзеге аспай қалған. Бас-басына би болуға құмарлық үдеп, елді бытыраңқылық жайлап кеткен. Өйткені төре де, қара да мықты мемлекеттік құрылым және оны нығайта түсу жолында атқарылмақ парыз хақында санасына оң ұғым ұялатпаған. Олар Әбілқайырды бас хан деп санамайды, оның аға хан ретіндегі билігін мойындамауға бейім, оны тек Кіші жүз ханы ғана деп тануға оң иықтарын беріп тұрады. Ал Кіші жүздің өзінде де, шындап келгенде, хан билігіне сөзсіз құлдық ұра бермейді. Билер кеңесіне сонау Есім хан заманынан беріліп, Тәуке хан дәуірінде күшейтіле түскен өкілеттілік тап қазіргі таңда кері әсер етіп тұр. Өкінішті-ақ, бірақ ханның ел бірлігін көздейтін пәрменді жұмыс жүргізуіне кедергі бола түсуде. Әбілқайыр хан 10 қазандағы мәжілісте осы жәйтті күйіне айтты: оның бүгінде хан деген аты ғана бар, құзырындағы бодандарына бейбіт күнде сөзі өтпейді, қазақ ішіндегі қазіргі жағдайы «иесіз жабайы атқа ұқсайды», «ондай атты адамдар ұрып-соғып, қуып әлек, ал аңдар ұстап алып жеп қоюға ұмтылады». Алайда ол елдің тұтастығын арттырғысы келеді. Мемлекеті күшті, орнықты болса екен дейді. Солай жасау үшін нақты билікке қол жеткізуді армандайды. Ал ондай жағдай Ресей сынды қуатты монархияны арқа тұтқанда ғана мүмкін болмақ. Ресейдің протектораты ретінде біртұтас, билік жүйесі бір орталықтандырылған қуатты мемлекет құру қажет. Мұндай жағдайға, әне, өздері талай шайқасқан Қалмақ хандығы жетіп отыр... Әбілқайыр ханның тап осылай ағынан ақтарылуын баршасы мұқият тыңдады. Солтүстіктегі күшті көршіні сюзерен ретінде танудың тап сол шақтағы ахуалда шын мәніндегі мемлекеттік мүдде тұрғысынан жасалуға қажет шара екенін оған қарсы топтың өзі де түсінді. Және мойындады, тек  іштей ғана. Бірақ ханның ондай шешімімен келісе алмады. Себебі Әбілқайыр ханның жүзеге асыруға бекем бекінген мақсаты қазақ еліндегі дәстүрлі әлеуметтік-саяси жүйеге үлкен өзгеріс енгізетінін қай-қайсысы да сезді. Турасын айтқанда, оның орталық өкіметті күшейтуге апаратын шара екенін ұқты. Бұл шараның қазақ елі аумағында Қасым хан заманынан бері болмаған билік жүйесін жаңаша жаңғыртатынын пайымдады. Ел ішінде аға ханның бір өзі басқаратын күшті режим орнатуға апаратынын зайыр түсінді. Соны түсінгендіктен де, тиісінше – қорықты. Өйткені аға ханға бүкіл елді бір өзі билейтін әмірші құқтарын берген жағдайда, қазіргі барша бас адамдар өздерінің қазақ халқын басқару саласындағы бұрынғы артықшылықтарынан айырылып қалатындарын түйсінді. Бір қолға алынған хандық билікке бұрын-соңды болмаған дәрежеде тәуелді болып шығатындарын шамалады. Сондықтан да, 10 қазандағы жиналыста елдің бірқатар бас адамдары (би, сұлтан, батыр, старшын) алауыздыққа жол берді. Ханға бір ауыздан қолдау көрсетпеді. Дегенмен, сүйенетін сюзерен таңдау мәселесінде ол жолы Әбілқайыр ханды Бөкенбай, Есет батырлар және Құдайназар мырза ашық қолдаған, оларды ел ішінде беделі бар тағы жиырма жеті белгілі тұлға жақтады. Әбілқайыр ханның Ресейге арқа сүйеу арқылы күшті мемлекет орнатпақ жолындағы алғашқы ашық қадамы осылай жасалды. Жоғарыда айтқанымыздай, мәжіліс үстінде бірден елдік мүддеге басымдық бере алмаушылық пен пендешілік ұсақ мүдделер бой көрсетіп, басқарушы элита арасындағы тар өрісті кембағал қайшылық көзге ұрды. Дегенмен Әбілқайыр хан бұл алауыздықты жеңуден үміттенді. Алайда оның жеңілмек түгіл, үдей түсуіне хан сенім артқан сюзереннің өзі мүдделі еді.  Ол Әбілқайыр ханның біртұтас хандық құру жоспарын қайткенде орындатпау жағын көздейтін...  

Бейбіт ҚОЙШЫБАЕВ,

жазушы