ЕСІК АЛТЫН АДАМЫНАН  ҚАРАТАУДАҒЫ ҚАРАЖОРҒАҒА ДЕЙІН

ЕСІК АЛТЫН АДАМЫНАН  ҚАРАТАУДАҒЫ ҚАРАЖОРҒАҒА ДЕЙІН

ЕСІК АЛТЫН АДАМЫНАН  ҚАРАТАУДАҒЫ ҚАРАЖОРҒАҒА ДЕЙІН
ашық дереккөзі
2012 жылдың қазан айында Алматы қаласында Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының құрылғанына 20 жыл толуына орай халықаралық ғылыми-практикалық конференция өткен болатын. Осы конференция материалдарының негізінде сол жылы  «Қазақстан және шетелдегі қазақтар» жинағы да жарық көрді. Тек, елеусіздеу қалғаны болмаса... Аталмыш жинақта төмендегі әдемі бір мақала жарық көрген еді. «Түркістан» газетінің ойлы оқырмандары үшін осы мақаланы арнайы қайта жариялауды жөн деп таптық.

Редакциядан

Қытайдың батыс терістігінен Тарым мен Тәңіртау алабына енетін жол Хыши дәлізінің батыс қақпасына орналасқан Қаратау петроглифтеріндегі осыдан 2000 жыл ілгері қашалған топтық би көрінісін байырғы сақтардан, үйсіндерден, иүзлерден, ғұндардан қалған қаражорға биі (қазіргі қазақтың қаражорғасы) деген байқауым мен көзқарасымды осыдан бұрынғы мақалаларымда баяндаған болатынмын. Қаратау петроглифтеріндегі билерді қаражорға биі деуде кем дегенде мынадай төрт негізге сүйенген едім: Бірінші, бидің көрінісі дәл қазақтың қаражорға биінің өзі; Екінші, би кескіндерінің тасқа қашалған уақыты (б.з.б.5ғ. – б.з.б.1ғ.) қазақтың ең басты этникалық тегі саналып келе жатқан сақ, иүз, үйсін, ғұндар осы өңірде бірінен соң бірі мекендеген делінген тарихи жазбаларда кезігетін мезгілге сәйкес келеді, сондай-ақ, ғалымдар бұл туындыны да соларға және сол мезгілге тәуелдеген. Үшіншіден, археологиялық және антропологиялық зерттеу нәтижесіне сай, сақ тайпалары қола (бронза) дәуірінде немесе одан да бұрын осы өңірлерге немесе одан да ішкерілеп, Сары өзен бойына дейін жеткен, мәдениет таратқан, кейінгі иүз, үйсін этностары осы сақтармен байланысты деп қаралады; Төртіншіден, биге қатысқан адамдардың киімі, әсіресе шошақ әрі биік бас киімі мен оған таққан үкісі ары сақтардан, берісі қазақтан ғана табылады, т.б. Бұл мақаламызда, Қаратауда қашалған қаражорға биінің көрінісі біздің арғы аталарымыздан болған сақтарға (тарихтағы үйсіндер мен иүзлер де сақтардың тармағы ретінде қаралады, оның үстіне сақтар мен үйсіндердің молаларынан олардың жерлеу салты мен басқа да мәдениет деректерінен ғалымдар айрықша айырмашылықты байқай алмаған) тәуелді екендігінің дәлелін тіпті де бекемдей түсетін, Хыши дәлізінің Тәңіртау мен Тарымға кіретін қақпасындағы Қаратау петроглифі, Еренқабырғаның (Тәңіртаудың Үрімжіден батысқа қарайғы орта бөлегі) терістік қапталындағы таңғажайып топтық би көріністерін өрнектеген атақты Құтыби Қызылқысаң петроглифі және әйгілі Есік сақ алтын адамы үшеуінің арасындағы ортақтықты қарастырамыз. Өйткені бұлардың пайда болған дәуірлері қарайлас, авторлары түгелдей сақтарға байланысты деп қарастырылады. Құтыби, Манас өңірі ең ертеде сақтардың қонысы болған. Үйсіндердің шығыстағы Хыши дәлізі маңынан б.з.б. II ғасырдың басқы мезгілдерінде Іле аңғарына ауып келгеннен кейін, бұл ара негізінен сақтардың байырғы бір тайпасы саналатын касилердің қонысы болды. Ал хан ордасы мен ғұндар Каси өңіріне таласқан аласапыран мезгілде, бұл араны бір мезет ғұндардың шығыс Барыс елінің ханы Езлікшенің тайпасы қоныстанған «Ханнамада»: «Осы кезде (Юанди кезі: б.з.б.75 жыл–б.з.б. 3жыл) ғұндардың шығыс Барыс елінің ханы Езлікше басқаққа 1700 ден астам адамымен келіп тізе бүкті. Басқақ оларды артқы касидың батысындағы Етімзелә деген жерге қоныстандырды» делінеді. Етімзелә елінің батысы үйсіндермен шекараласады. «Соңғы ханнамада»: «Каси елі Үлепсе, Занғуан, Ғаға, Етімзелә елдерін жойды. Кейінірек ол елдер қайта шаңырақ көтерді» делінген. Бұлардан үйсін, каси, ғұндардан бұрын бұл өңірде сақтардың болғандығын білеміз. Осылардан және басқа да көптеген тарихи, мәдени деректер Қызылқысаң петроглифінің авторы сақтар екендігін ұғындырады. Қаратау петроглифтерін суретті тасқа егеп-қашап салу тәсіліне қарай ғалымдар үш топқа бөлген. Бірінші топтағылары тас немесе басқа қатты құралдармен егеп салған суреттер. Қаратаудағы би кескіндері негізінен осындай бірінші түрдегі тәсілмен салынған.Ғалымдар Қаратау петроглифтеріндегі осы би кескіндерінің төңірегіндегі археологиялық деректер, тарихи жазбалар және суретті тасқа қашап салу тәсілі және ондағы бейнеленген мәдениет үлгілері сияқтыларға сүйене отырып, оны жанго заманынан батыс хан династиясы дәуіріне (б.з.б. 5 ғасыр – б.з.б. 1 ғасыр) дейінгі сақтардың, иүзлердің (нүкіс), үйсіндердің немесе ғұндардың туындылары деп тұжырымдайды. Байырғы Қытай тарихи жазбаларында жанго заманынан батыс хан дәуіріне дейінгі дәуірлерде осы өңірлерде жоғарыда аталған этностардың (сақтар, нүкістер, үйсіндер, ғұндар) ілгерінді-кейінді қоныстанғаны туралы тарихи жазба деректер жеткілікті. Бұлардан тыс, басына биік шошақ төбелі бас киім киіп, оған екі үкі қадаған адам бейнесі Сібірдегі Нана өзені аңғарындағы петроглифтерден де байқалған. Ондағы адамның қашалған бейнесі Құтыби Қызылқысаң петроглифтегіге ұқсас, жоғарғы денесі төңкерілген үшбұрыш тәрізді, иықты, қына бел, биге басқан. Бас киіміне тегіс үкі қадаған. Археолог ғалым Окладников бұл туындыны б.з.б.1500 ж. – б.з.б.1300 ж. аралығындағы бронза дәуірінің туындысы деп білген. Америкалық оқымысты Есте Чокбосн да бұл сақтардың (Scythian–скиф) көшпелі тұрмысын бейнелеген туынды деп қарайды. Қытай ғалымдары осы Құтыби Қызылқысаң петроглифі мен Сібірдегі Нана өзені аңғарындағы биге басқан адамдар бейнеленген петроглифін салыстырып, бұларды түгелдей сақ мұрасы деп таныған. Жетісудың Есік алтын адамы, орталық Тәңіртаудағы (Еренқабырғадағы) Құтыби Қызылқысаң топтық би петроглифі және Хыши дәлізінің батысындағы Қаратау топтық би петроглифі үшеуінің де авторы сақтарға байланысты, түгелдей б.з.б.5ғ мен б.з.б.1ғ аралығының туындысы деп қаралды. Сондықтан бұларды салыстыра зерттеудің тарихи-мәдени мән-маңызы аса зор әрі олардан айқын тамырластық пен желілестікті байқауға болады. 1. Қаратау петроглифі де, Құтыби Қызылқысаң петроглифінде де басқа жерден ұшыратуға болмайтын көп адам қатынасқан ерекше әсем де, ойнақы, ритімді топтық би көрінісі жолығады. Алтын адам байқалған Есіктен тым шалғай болмаған таңбалы тас петроглифінде де топтық би суреті жолығады. Демек, осы өңірлердегі ерте заман сақ халықтары түгелдей ән, күй, биге бай халық әрі биі жетілген, көп адам бір уақытта бір түрлі қимылмен де, әсем де, ретті билей алады. Сондай-ақ, наным-сенімін, көңіл-күйін бимен еркін бейнелуге әуес, оған әдеттенген халық болып табылады. Қытайдың тарихи жазбаларында («Ханнама батыс өңір баяны», «Соңғы Ханнама» және Жин Фуй­уанның «Пипа мен өлең сөзге кіріс сөзі», т.б.) жазылуынша, хан патшалығы дәуірінде ғұндар, үйсіндер жаратқан дабыл, сыбызғы, боздауық, пипа, гежек сияқты күй аспаптары Орта жазыққа таралған. Қытайдың Шижұн ханышасы үйсіндерге ұзатылғанда жол бойы ат үстінде ойнайтын күй аспаптарымен жүрген. Сол заманда ғұндардың, үйсіндердің, иүзлердің күй мен биі жетілген. 2.Қаратау петроглифі мен Құтыби Қызылқысаң петроглифіндегі қашалған адам бейнесіндегі ең үлкен ұқсастық – әр екі орындағы петроглифте де адам денесі иығы кең белі жіңішке, одан қайтадан бөксесі кең етіліп, белден жоғарғы бөлегі төңкерілген үлкендеу үшбұрыш болып келіп, белі барынша жіңішкеріп, төменгі денесі қайтадан төбесі жоғары қаратылған кішілеу үшбұрышқа айналады. Бұлардың барлығы кездейсоқ құбылыс емес, қайта сақ бейнелеу өнерінің ерекшелігі болған. Мысалы, Сібірдегі Нана өзені аңғарындағы сақ өнері деп танылған, тағы да биге басқан адамдар бейнеленген петроглифтегі адам бейнесінде, Іле аңғарының жоғарғы жағындағы Күнес бойынан табылған сақ қола жауынгерінің мүсінінде, Алтай Пазырық мәдениетіне тән сақ серісінің кілемге түсірілген көрінісінде түгелдей адамның белі жіңішке, мойнының жуандығымен қарайлас бейнеленген. Тіпті, сақтардың Пазырық атты серісінің өзінің белінің жуандығы мойнымен бірдей болып қалмастан, атының бауыры да мойнымен бірдей ішке тартылып сызылған. Есте болары, Пазырық сарбазының жирен торы атының бүкіл денесінде тұяғы ғана қара, өз бет әлпетінде мұрны үлкен, шашы қара. Бұл суретте бейнеленген адам бейнесінің европойттық еместігінің, қайта сақтарға байланыстылығының айғағы. Есік Алтын адамы мен Қаратау және Қызылқысаң петроглифтерінің арасынан басқа да қыруар ортақтықтарды байқауға болады. 3.Қаратау петроглифі мен Құтыби Қызылқысаң петроглифі және Есік Алтын адамының басына киген шошақ төбелі биік қалпағы мен оған таққан үкісі ұқсайды. Қаратау петроглифінде үкіні биік шошақ бас киімнің алдынан қадау да, төбесінен қадау да байқалады, Есік Алтын адамында үкі бейнесі шошақ бас киімнің алдыңғы жақ екі шекесінен шығарылған, Құтыби Қызылқысаң петроглифінде төбесіне немесе алдына қадалған. Ғұндар тарихта төбесіне екі жағынан екі үкі де қадаған, ортасынан топ үкі де қадаған. Ал біздің ғалымдарымыздың зерттеуінде Алтын адамның үкі таққаны туралы ауызға алынбайды. «Қазақ совет энциклопедиясында» ол «ұзын екі қос жапырақпен безендірілген» деп жазылады. Іс жүзінде ол екі жапырақ емес, қайта биік бас киімнің маңдайының екі жағына қадалған екі шоқ үкінің (құс қауырсынының) бейнесі. Дәл ғұндар тарихта төбесіне екі жағынан екі шоқ үкі де қадағандығы (кейде ортасынан топ үкі де қадаған) туралы анық жазба да, археологиялық та дерек бар. 4.Қаратау петроглифі мен Құтыби Қызылқысаң маңындағы петроглифтегі және парсы жерінде салынған сақ жауынгерінің бейнесіндегі киінулерде ұқсастық байқалады. Құтыби Қысылқысаң петроглифіндегі адамдарды сурет салу және ондағы көзделген діни, мәдени мазмұндарға сай жалаңаш немесе жартылай жалаңаш бейнеленген. Із жүзінде тау сағалап мал шаруашылығы мен аңшылықты кәсіп еткен дала көшпелілері ондай жеңіл-желпі киіммен жүре алмасы белгілі. Қызылқысаң петроглифінен тым алыс болмаған тағы сол Құтыбидегі Кеңсай петроглифіндегі қолына садақ, найза ұстаған екі адамның бейнесіндегі киінген киім және киіну дәстүрі сол Қаратау петроглифіндегі адам киімімен бірдей. Садақтың ең алғашқы жаяу аңшы қолданатын көне түрі түркі тайпаларында «қапшағай», тваларда «хавшахай», маңғұлдарда «хавтгай» аталып, Алтай төркіндес тілдерінде «жалпақ» деген мағына берген. Қапшағай көрінісі садаққа ұқсас, алайда садақтан үлкен болған. Аңшылар өз бойымен тең немесе одан да үлкен етіп жасаған. Оғы тебінді, алысқа жетеді. Демек, бұл суреттің жартасқа тым ерте – сақтар заманында қашалғандығынан дерек береді. 5.Қаратау петроглифі мен Құтыби Қызылқысаң петроглифіндегі барысты бейнелеу ерекше ұқсас, ол Алтын адамдағы бейнелеу үлгісіне де ұласып жатады. Барысқа табыну сақтардың арыдан келген салты. Олардың алтын әшекейінде көбінде барыс бар, әрі ол жануар атаулының құдіреттісі түрінде жолығады. Құтыби Қызылқысаң петроглифіне жақын Үрімжінің Алғұй деген жеріндегі сақ моласынан 8 тал барыс бейнелі алтын әшекей, барыс бейнесі бар 4 тал алтын жапырақша табылған. Дәл осы Алғұйдан табылған алтын жапырақшадағы барыс бейнесі мен Есік алтын адамының бас киіміне жапсырмаланған барыс бейнесінің ұқсастығына ғажаптанбай қалмайсыз. Жоғарыдағыдай, Жетісудан Тәңіртауды қуалап Хыши дәлізіне дейін жеткен әр қоныстағы өнер туындыларындағы ұқсастықтар кездейсоқ құбылыс емес, белгілі тарихи-мәдени байланысы болмаған кез келген екі туындының арасынан бұндай күрделі ұқсастықты табу мүмкін емес. Қола дәуірі мен б.з.б. бірінші мыңжылдық бойында оңтүстік Сібір мен Қазақстаннан шығысқа қарай жылжыған көшпелілер легі Алтай арқылы Қара Ертісті бойлай шығыс Тияншанға, Жоңғар қақпасы арқылы Еренқабырғаны жағалай отырып, Үрімжі дәлізі арқылы Тұрпан шұратына (субашы мәдениеті), ал Жетісу мен Іленің жоғарғы аңғарынан Нарат асуы арқылы орталық Тияншанның оңтүстік қапталына (ча-уху мәдениеті) жеткендігі туралы археологиялық дәлелдер жеткілікті. Осылай сақ және сақ әдебиетінің батыс терістіктен Хыши дәзілі арқылы Сарөзен алабына дейін жеткендігінің тарихи, археологиялық деректері баршылық. Осыған әбден көзі жеткен кей ғалымдар сақтардың арғы ата мекені Сарөзен алабы болып, кейін батысқа жылжыған болуы мүмкін деген көзқарасты да ортаға қояды. Іс жүзінде сақтардың алдыңғы легі Хыши дәлізіне батыс терістіктен кем дегенде осыдан 3000 жыл ілгері келген. Егер Орта жазық жеріне алғашқы қола және жылқы, арба мәдениеттерін сақтардың жеткізгендігін ескерсек, онда оның уақыты ары қарай тағы да кем дегенде 1000 жылдан астамға созылары даусыз. Қытайдың осыдан 2 мың жылдың алдында жазбаға айналған тарихи аңызы «Мутиянзы»-да баяндалған Батыс жоу династиясының патшасы Жоу Мууаңмен: Мутиянзы деп те аталады, б.з.б. 10 ғ.) барыс-келісі бар, Құрым тауындағы көл бойында бұл көлді де әр кім әр түрлі жориды) шарап ішісіп, жыр жырласқан Шиуаңмуды бірқыдыру ғалымдар сақтардың көсемі деп біледі. Орта Азия – адамзат және адамзат мәдениетінің бесігінің бірі. Оның арғы заманғы қожасы сақтар көне тас дәуірінен жаңа тас дәуіріне дейінгі мәдениеттерден Ано мәдениеті, Роразим мәдениеті, Афанасев мәдениеті, Андронов мәдениеті, Қарасүк мәдениеті, Тагар мәдениеті, Пазырық мәдениеті сияқты мәдениеттерді бастан кешірген. Олардың мәдениеті батыс Азиядағы Қосөзен алабы мәдениеттерімен жэне Жерорта теңізі жағалауларындағы Египет, Грек, Рим мәдениеттерімен, оңтүстік Азиядағы Үнді өзені алабындағы мәдениеттермен, сондай-ақ, шығыстағы Қытайдың батыс терістігіндегі дәл біз талқыға тартып отырған Шилантаудың тармағы Қаратау өңіріне қатысты Дахата мәдениеті, Жинша мәдениеті, Шанма ат яғни ақталған жылқы), Сыба мәдениеті, одан да шығысқа беттеген Чижия мәдениетімен, тіпті Орта жазыққа бойлап, Сарөзен алабына алғаш мәдениет ұшқынын жаққан Яңшау мәдениеті сияқты мәдениеттермен де байланысты. Қорытып айтқанда, әуелі Жетісудағы Есік Алтын адамы мен Тәңіртаудың орта бөлегіндегі Еренқабырғаның теріскей бетіне орналасқан Құтыби Қызылқысаң петроглифіндегі топтық би көріністерінің авторының қазақтың арғы аталарынан болған сақтар екендігі ғылымда дәлелденген. Ал осы Есік Алтын адамы мен Құтыби Қызылқысаңындағы топтық би көріністері бейнеленген петроглифтерімен, оның төңірегіндегі басқа да ерте заман петроглифтері, сондай-ақ, сақтардың алтын, қола бұйымдарындағы бейнелеу үлгілері мен тарихи-мәдени келбеттерінің Хыши дәлізінің Тәңіртау және Тарым алабына кіретін қақпасына жайғасқан байырғы көшпелілер (сақтар, иүзлер, үйсіндер, ғұндар, т.б) қонысы Қаратаудағы (Шилантаудың тармағы) топтық би бейнеленген петроглифтерімен көптеген ерекше ұқсастықтарға ие болуы; олардың қашалған уақытының жуық, авторының ортақ шығуы; Қаратауда қашалған топтық бидің қаражорға биіне, киімнің арғы сақ, қазіргі қазақ киіміне ерекше ұқсас болуы сияқтылардың барлығы Қаратау петроглифіндегі бидің нағыз қаражорға биі екендігін тіпті де дәлелдейді. Бұдан да маңыздысы Қаратау петроглифі мен Қызылқысаң петроглифі және Есік Алтын адамы аралығындағы мұндай ұқсақтықтар тұтас қазақ мәдениетінің тарих желілестігін, қазақ ұлтының арғы сақ, үйсін мәдениеттерінің шынайы мұрагері әрі олардың этникалық жалғасы екендігін растай түседі.  

Ясиын Құмарұлы

ҚХР, ШҰАР,

Үрімжі қаласы