Жаңалықтар

«АЙША БИБІ» ӘЛЕМГЕ ТАНЫЛДЫ

ашық дереккөзі

«АЙША БИБІ» ӘЛЕМГЕ ТАНЫЛДЫ

Алтай мен Атыраудың, Арқа мен Алатаудың арасындағы қазақ даласының қай-қай тұсы да туризмге сұранып тұр. Оған дәлел, жуырда Айша бибі кесенесі мен Ақыртас сарай кешені әлемдегі ерекше тартымды туристік нысандар тізіміне енді. Түркияның Анталья қаласында туристік тартымдылық және туризмді жоғары деңгейде тұрақты дамыту мәселелері бойынша өткен халықаралық комитеттің кезекті сессиясында осындай шешім шыққан. Аталмыш тізімге жаңа нысандарды енгізу бойынша шешім тек қана комитеттің сессиясында қабылданады. Комиссия құрамында әлемнің сексен елінің сарапшылары бар. Айша бибі кесенесі мен Ақыртас сарай кешені Жамбыл облыстық туризм басқармасы мамандарының таныстыруынан кейін сарапшылардың қолдауымен «Әлемдегі ерекше туристік тартымды нысандар» тізіміне енді. Нәтижесінде сол санатты ресми нақтылайтын арнайы сертификат тапсырылды. Енді бұл нысандарды көпшілікке әлеуметтік желі арқылы танымал ету мақсатында «WORLD LIST ‒ TOURIST ATTRACTION» белгісін пайдалануға рұқсат етіледі. Алдағы уақытта өңірге шет елдік туристерді көптеп тарту жоспарланып отыр.