Жаңалықтар

Жалпыхалықтық диктант жазылды

ашық дереккөзі

Жалпыхалықтық диктант жазылды

Сәрсенбі күні сағат 11:00 де жалпыхалықтық диктант жазылды. Қазақстан Республикасы Президентінің 2018 жылғы 19 ақпандағы Жарлығына және ҚР Премьер-министрінің 2018 жылғы 13 наурыздағы өкімімен бекітілген «Қазақ тілі әліпбиін латын графикасына 2025 жылға дейін кезең-кезеңімен көшіру жөніндегі іс-шаралар жоспарына» сәйкес Республика тұрғындарының жасы мен жасамысы қолдарына қалам алды. Негізгі мақсат латын графикасы негіздегі қазақ тілі әліпбиінің, «Қазақ тілі емлесінің негізгі ережелері» жобасының практикалық тұрғыда меңгерілуін жан-жақты қамту, нақтылай түсу мен тұрғындардың өзін-өзі бағалау мен бейімделу. «Рухани жаңғыру» тақырыбында жазылған диктант 30 минутқа созылды. Түрлі сайттардан онлайн түрде таралған диктант бір күнде, бір мезетте жазылды. Алматы қаласының өзінен 120 мыңға жуық адам қатысты. Көлемі 80-90 сөзді құрайтын мәтін үш рет дыбысталды. Осы кезең аралығында диктант жазушылар оны тыңдап, жазып, қайта тексеріп үлгерді. Соңында латын графикасына негізделген Қазақ әліпбиінде жазылған мәтіннің дұрыс нұсқасы беріліп, жазған азаматтар өз қателерін өздері тексерді. «Аталған шараның негізгі мәні жаңа әліпбиді насихаттау, оны елдің арасында таныту. Сондай-ақ, жазу барысында қандай қиындықтар тууы мүмкін, соны байқайық деген мақсатта ұйымдастырылуда», ‒ дейді Алматы қаласы тілдерді дамыту басқармасының бөлім басшысы Бақыт Қалымбет.