Дария Жүсіп: Мені биіктеткен Томирис пен Айша

Дария Жүсіп: Мені биіктеткен Томирис пен Айша

Дария Жүсіп: Мені биіктеткен Томирис пен Айша
ашық дереккөзі
Дарынды шәкірттерім – Алматы қаласы, Түрксіб ауданына қарасты №142 жалпы білім беретін мектептің 9-11-сынып оқушылары Аружан Беимқызы мен Сабина Қожаназар көрнекті жазушы Ш.Мұртазаның «Ай мен Айша» романы бойынша «Әуелі анаңды, тағы да анаңды құрметте» атты ғылыми жоба жасап, «Дарын-2018» Республикалық ғылыми-өндірістік орталығы жариялаған  байқауға ұсынды. Жоба әзірленіп жатқанда халқымыздың аяулы ұлы Шерхан Мұртаза атамыздан айырылып қалдық. Қаламгер ұрпақтарын іздеп тауып, көңіл айттық. М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік Академиялық драма театры сахналаған қойылымның басты кейіпкерін сомдаған Дария Жүсіппен  әңгімелесудің сәті түсті. – Шерхан Мұртаза атамыздың «Ай мен Айша» романын драмаға айналдырып, сахнаға шығару кімнің идеясынан туындады екен? – Ұлы Жеңістің 70 жылдығына орай театрымыз жаңа қойылым жасау керек деген жоспарды ойлап жүрген болу керек, В.Шекспирдің «Антоний мен Клеопатра» пьесасын сахналауға ақылдасу үшін сол кездегі театр басшысы Еркін Жуасбекке барған режиссер Тұңғышбай әл-Таразиге ол кісі оқыстан басқа ойы бар екенін айтады. Кезінде Ш.Айтматовтың «Ана – Жер Ана» спектаклін Ә.Мәмбетов сахналағанын айта келіп, енді сол биіктен көріну үшін өзіміздің төл шығармамызбен халықты тағы да сусындатпақ ниетпен: «Ш.Мұртазаның «Ай мен Айша» романы бойынша жаңа қойылым жасасақ, оған сіз режиссерлік етсеңіз қайтеді?» – деген Еркін Жуасбектің өтінішіне Тұңғышбай әл-Тарази бірден келісім береді. Сөйтіп, романды пьесаға айналдыруды Е.Жуасбек өз қолына алады да, қойылымның сахналық нұсқасын жасауға дайындық жұмыстары басталып та кетеді. Шерағаңның «Ай мен Айша» романынан басқа да шығармаларын негізге алған пьеса дайын болып, оның шығармашылық тобы құрылады. Пьеса авторының талабы бойынша басты рөл – Айшаны кейіптеу маған жүктелді. Суретші болып Мұрат Сапаров, музыкасын жазуға өзіммен консерваторияда қатар оқыған талантты композитор Шырын сіңлімді мен ұсындым. Қойылымды дайындау кезінде, режиссердің М.Сапаровпен де, Шырынмен де ұзақ-ұзақ талдаулар, талап-ескертулер жасағанына мен куәмін. Қазақтың кішкене ғана ауылының соғыс кезінде бастан кешкен нәубетін жалпыхалықтық типтік деңгейге көтеру төңірегіндегі шығармашылық толғақтар еді ол. Сөйтіп, 2015 жылдың 8 сәуірі күні ұзақ қиналыстар мен ауыр шығармашылық күйзелістер артта қалып, көптен күткен алғашқы қойылым – премьера ойналды. – Рөлді сомдау бақыты сізге қалай бұйырды? – Жоғарыда айтып өткенімдей, театрда рөл бөлу мәселесі онша жеңіл нәрсе емес. Кейде пьеса жазған автор кеңес береді, көбіне қоюшы-режиссерлер өздері тағайындайды, онда да актердің қарым-қабілетіне, мүмкіндіктеріне, сыр-сымбатына да қарайды. Кейде театр басшылары ұсыныс жасайды. Түр-тұлғамен бірге өнер адамының таланты, рөл табиғатына жақындығы да ескеріледі. – Спектакль сіз үшін қиын болды ма? – Әрине, қанша дегенмен, мен қалада өсіп, орысша мектеп бітірген адаммын. Алайда, Шерхан ағаның тілі, сөйлем құрастыруы Қалихан Ысқақ аға сияқты емес, оңайлау. Оның үстіне ата-анам оңтүстік өңірінен болған соң, оқиға желісі маған етене жақын, бұрыннан естіп жүрген сөздер сияқты болды. Кентау қаласында өссем де, алыс-жақын туыстарымыз ауылдарда тұратын. Жетісай, Жаңақорған, Күшата сияқты ауылдарға әке-шешем жиі қонаққа баратын. Біздер де үлкендерге еріп, ауыл адамдарының мінез-құлқын, әңгіме тақырыптарын, салт-дәстүр қызықтарын көріп, тыңдап өстік. Ауылда неше түрлі апа-жезделердің, ата-әжелердің әзіл-қалжыңын, ән-күйін тыңдап бой жеттік. Сондықтан ауыл адамдарының өмір салты емес, қиын кездердегі уайым-шері, олардың психологиялық құбылыстары, адами күйзелістері мен заманның алдарына тосқан қиындықтарына деген ішкі иірімдері қиын болды. Бұл тұста, бұрын көрген кино, оқыған кітаптар, үлкендердің айтқан шерлі әңгімелері көп көмек етеді. – Көрініс кезінде актерлармен қарым-қатынасыңыз қалай өрбіді? – Жаңа қойылым туар алдында, актерлардың бәрі де ерекше күйде жүреді. Әркім өз рөлінің тереңіне еніп, көбіне томаға-тұйық боп, әңгіме-дүкен, орынсыз ыржаң, бөстеки өсек-аяңнан аулақ жүруге тырысады ғой... Басқаларды қайдам, өзім осындай мазасыз күйде жүрем. Рөлдің оқиға желісі бар, ширықталар тұстары, негізгі оқиғаны бастан кешу, эмоциялық шарықтау шегі бар, айта берсе көп қой, шығармашылықтың толғақты тұстарын бір-екі сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес... – Кеш соңында Шерхан атамыз қойылымды, актерлік ойыныңызды қалай бағалады? – Ол күндер Шерағаның науқасы меңдеп жүрген кезі еді... Ең алдыңғы қатарда отырып, терең ойға, өзінің қиындығы мол балалық шағына саяхат жасағандай, көңілін шер басқанын байқадық. Үн-түнсіз, қозғалмастан екі жарым сағат бойы көзінен тоқтаусыз жас ағып отырды... Премьераға келген мыңбұлақтық туған-туыстары сахнадан көз алмай тым-тырыс күйде болды да, шымылдық жабыла салысымен әлдебір жасы келген апайлар сахна төріне ұмтылып, мені құшақтап сүйе берді. Көздері қып-қызыл, бұлаудай боп ісіп кеткен. Мені құшақтап тұрған бір апай: «Қайран Айша апам-ай, ол кісі тура сен сияқты еді, қарағым, сен сол апамыздан аумайды екенсің, өркенің өссін!» – деп жатты... Бірінші қатардағы орнынан түрегеліп тұрған Шерағаң біздерге қарап, ұзақ уақыт қол бұлғаумен болды... Төменге түсіп, Шерағаңды құшағына алған режиссер екеуі де ұзақ айырылыса алмады. Қойылым өте табысты болды! – Ана бейнесін сомдаған басқа да рөлдеріңіз болды ма? – Біраз рөлдер болды. Бүгіндері сахнадан түспей жүрген «Тендерге түскен келіншектің» жөні басқа ғой... Айша рөлі мені ерекше әлемге көтеріп тастады. Томиристен кейінгі сүйекті рөлім – осы Айша! Менің жалпы өмірге деген, өнерге деген көзқарасыма алапат өзгерістер мен түзетулер енгізген, мені әйел ретінде де, актриса ретінде де биіктеткен Томирис пен осы Айша! – «Ана бақыты» деген ұғымды қалай түсінесіз? – Ана болу – табиғаттың ең әуелгі мұраты емес пе?!. «Аналар бір қолымен бесікті, екінші қолымен әлемді тербетеді» деген аталы сөзден асырып не айтуға болады? Батыр да, ақын да анадан туады. Хадисте айтылған, «Жұмақ ананың табанының астында» деген әруақты сөз тегін емес. Ана бақыты – осы ұғымдардың үдесінде жатыр ғой... – Өзіңіз сияқты актриса мамандығын таңдауды қалайтын жастарға айтар ақыл-кеңесіңіз? – Ең бірінші – өмірді сүю. Ал өнерді әсіреқызылдықпен емес, есепсіз сүю керек. Екінші, ұлтыңның қымбат құндылықтарынан алыстамау. Қазақ деген халықтың табиғаты өте ерекше, аңғал, таза, мейірбан, балажан, ақынжанды, бауырмал, өте талантты. Өзге жұрттың әдеттерін соқыр сеніммен қайталаудың пайдасынан зияны көп. Өз қанымызға жаттық етпейтін қасиеттеріне ғана назар аударып, өзіңнің қымбаттарыңды арзандатпауды алға қойып, еңбек пен ізденіс, білімге құштарлықты басты мақсат еткен дұрыс. Өнер жолы ауыр, сол салмақты көтере білетін күш пен жігер керек. – Әсерлі сұхбатыңызға үлкен рахмет!  

Әңгімелескен Ләйла НЫСАНОВА,

№142 жалпы білім беретін

мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі

Алматы қаласы