ҒАЛАМДЫҚ СОҒЫС ҚАУПІНІҢ АСТЫНДА
ҒАЛАМДЫҚ СОҒЫС ҚАУПІНІҢ АСТЫНДА
Бұл ғасыр шежірешілері киіз кітапқа жазатын терминдердің ішінде соғыс түсінігіне қатысты сан салалы атауларды тізіп шығудың өзі біраз шаруа болар. Тіпті, екі бірдей дүниежүзілік соғысты тудырған дәуірдің өзі дәл осы ғасырмен тайталаса алмас. Ақпараттық соғыс киберсоғысқа ұласты, технологиялар соғысы гибридті соғысқа жалғасты. Идеялар соғысы мен идеологиялық соғыстың зардабын жарты әлем тартты. Аймақтық соғыстар өркениеттік соғыстың өртін шарпытты. Бұдан қалса, экономикалық және валюталар соғысы тағы бар. Енді санкциялық соғыс деген терминді енгізетін күн жақын сияқты. Ең қорқыныштысы, атом соғысының ажал сағаты соғатын сәт тым жақындап, барша ғалам адамзаттың түбіне жететін жойқын соғыстан үрейленгелі қашан. Не керек, соғыстың түрі көп. Мұндай жағдайда, Париждегі Бейбітшілік форумы бұл қауіпті сейілте алар ма? Әйтеуір, өткеннен тәлім алып, кешегі қырғынды еске түсіріп, тәубеге келгеннің айыбы жоқ.
Былайғы күндері бір-біріне атом қаруын ала жүгіруге бейіл секілді көрінетін Путин мен Трамп, саяси Олимптегі күні санаулы Меркель мен дипломат Трюдо қонақжай Эммануэль Макронның ресми қонағы болып сыйға бөленді. Париж, онымен бірге ғалам бірінші дүниежүзілік соғыстың аяқталуына ғасыр толғанын осылайша атап өтті.
Ол – ХХ ғасырдағы әлем саясатының бағытын өзгертіп, саяси картаға елеулі түзетулер енгізген, сонымен бірге келесі дәуірдің келбетіне бағдар сілтеген аса маңызды оқиғаларға «жомарт» болған әлемдік соғыс еді.
Төрт империяның күйреуіне түрткі болған, төрт жылға созылған жаһандық соғыс осыдан тура жүз жыл бұрын, 11 қарашада сағат 11-де аяқталған. 1914-1918 жылдардағы соғысқа сол кезде 38 мемлекет қатысқан екен. Бір ғасырдан кейін 11 қарашада өткен салтанатты шараға жетпіске жуық елдің басшылары мен ресми делегациялары келді.
Тарихқа жүгінсек, бұл соғыста кем дегенде 17 миллион адам ажал құшқан. Оның он миллионы әскерилер болса, жеті миллионы бейбіт тұрғын еді. Кей деректерге қарағанда, қаза тапқандардың ішінде орыс солдаттарының саны 3,5 миллион, неміс солдаттарының саны 2,5 миллион, ал француз солдаттарының саны 1,7 миллион шамасында. Осы орайда, қанды қырғынның деректерін еске салған Макронның «Еуропа өз-өзіне қол салды деуге де болады» деген сөздерінің жаны бар.
Расында, кешегі КСРО құрамында болған кеңістікте Екінші дүниежүзілік соғыстың тарихына ерекше маңыз бере оқытылады. Бұл соғыстың шығу себептері, барысы, құрбандары, онда ерлік көрсеткен батырлар өмірінен мәліметтер, тыл майданында қайыспай еңбек еткен халықтың ерлігі – басқа да деректер егжей-тегжейлі зерттеліп, көптеген көркем шығармаларда жырланып, талай киноэкран туындыларына арқау болды. Соның өзінде, соғыстың бар сұмдығы ашылды, оның ақиқаты түгел айтылды дей алмаймыз. Ал Еуропада керісінше, 1914-1918 жылдардағы ғаламдық соғыстың салмағы бөлек. Оның жай-жапсары тереңірек зерттеліп, бар шындығы айтылып, оған қатысты деректер ұдайы жарияланып отырады. Кәрі құрлықта осы соғыстың аяқталуына бір ғасыр толу дерегі әлемдік деңгейдегі саммит аясында атап өтіліп, іле-шала ғаламдық Бейбітшілік форумына ұласуы да содан.
Еуропалық ақпарат құралдары Эммануэль Макрон 100-жылдыққа арналған ауқымды шара өткізу арқылы өзінің құлдырап бара жатқан беделін қалпына келтіруді ойлайды десе де, мәселенің мәні – 11-13 қарашада өткен Бейбітшілік форумында сияқты. Әлемдегі көшбасшы мемлекеттерді ынтымақта тірлік етуге шақырған алғашқы конференция 1919 жылы 18 қаңтарда және 1920 жылы 21 қаңтарда Парижде өткен болатын. Онда жеңімпаз мемлекеттер бірінші дүниежүзілік соғыста жеңіліс тапқан елдермен бейбіт келісімдер жасасты. Макрон осы тарихи жиынға меңзеп, қазір де Францияның бейбітшілікке, ынтымақтастыққа, одақтастыққа шақыру ниетін таныстыруды мақсат етеді. Оның үстіне, Макрон бұл форум қазіргі кездегі жаһандық шетін мәселелерге бірлесіп жауап іздеуге себепкер болады деп үміттенеді. Үш күндік жиында ғаламдық әріптестік пен ықпалдастықты дамытуды көздейтін 119 жоба қаралды. Бейбітшілік форумы енді жыл сайын өткізілетін болды.
Бірінші дүниежүзілік соғыстың кезінде төрт бірдей алпауыт елдің ыдырауына түркі болғанын айттық. Яғни, оған дейін жарты әлемді тітіреткен Австрия-Венгрия, Осман, Ресей және Герман империялары тарих қойнауына кетті. Бұл империялардың бүгінгі мұрагерлері есебінде әрі жеңілуші жақ санатынан Германия канцлері мен Түркия президентінің осы шараға арнайы шақырылуында мән бар. Макрон өзінің «Твиттер» парақшасында Ангела Меркельмен қол ұстасып жүрген суретін жариялап, сол суретті және оған қатысты жайттардың бәрі жүрегіне жылы тиетінін айтқан. Дәл осы шара кезінде ол неміс канцлерін өз жанынан қалдырмай, ұдайы оған оң жағынан орын беріп, бірге жүрді. Өткен ғасырда екі бірдей дүниежүзілік соғыстың туындауына себепкер болған елдің басшысы Бейбітшілік форумын ашу құрметіне ие болды. Бұл – француз президентінің тілегі. Дәл осы жиында басқа емес, Ангела Меркельге арнайы сөз беруінің өзі – саясат. Яғни, «кешегі тарихты білеміз де мойындаймыз, бірақ өткен қателіктерді қайталамаймыз» деген сыңайдағы қадам. Меркель болса, кешегі ғасырда қанды қасапқа жетелеген ұлтшылдық дертін сынап, ауызбірлікке шақырды.
«Қазір біз басымызға орнаған бейбітшілікті қалыпты нәрседей көреміз, бұл бейбітшілік өздігінен орнай қалған жоқ. Біз оны сақтауға күш салуымыз керек. Сондықтан осынау маңызды шаралар өтіп жатқан бүгінгі күні мен өзімді толғандырған жайтар туралы айтқым келеді. Көрсоқыр ұлтшылдық санасы қайтадан белең ала бастағаны мені қатты алаңдатады. Қайтадан біз бір-бірімізге тәуелділігіміз жоқтай, ара-қатынасымыз бен байланыстарымызды шетке ысыра салуға болатындай әрекет етуге болатыны мені қатты уайымдатады. Біз қазір халықаралық қауіпсіздік, мүдделерді әлемдік деңгейде реттеу, тіпті Еуропадағы бейбіт тәртіптің өзіне күмән туа бастағанын көріп жүрміз», – деді ол. Оның бұл сөздері оқшаулану саясатын ұстанған АҚШ-қа, Еуропалық одақтан іргесін ажыратуға ұмтылған Британияға, тіпті, Францияда мен Германияда әсіре оңшыл ұрандарды ту еткен популистерге арналды деуге болар.
Айтпақшы, бірінші дүниежүзілік соғыстың белсенді қатысушыларының арасынан Парижге келмей қалған тек Ұлыбритания ғана. Премьер-министр Тереза Мэй дәл осы күндері өз елінде соғыста қаза тапқан солдаттарды еске алуға қатысты шаралар өткізіп жатқанын сылтауратқан. Әйткенмен, ол қазір Еуропалық кеңеспен Брекситке қатысты келіссөздерді аяқтаудың қамымен алаң, яғни ортақ тарих, ынтымақтастық, әріптестік ұғымдары қанша көңілге қонымды болса да, «ортақ өгізден оңаша бұзау» болған Брексит мәселесінде оңтайлы шешім табу ол үшін әлдеқайда маңызды.
Ал 100 жылдықты атап өту салтанатында Путин мен Трамп өзгелерден ерекшеленіп көзге түсті. Басқа мемлекет басшылары Триумф қақпасы, одан кейін Елисей сарайындағы түскі асқа арнайы сайланған автобуспен барса, АҚШ пен Ресей президенттері өз ұшақтарымен жеткізілген жеке лимузиндеріне отырып, қаз-қатар тізілген көліктермен сап түзеп, бар салтанатымен келген. Әлбетте, лимузиндердің оққа алдырмайтындай сауыттанғаны түсінікті.
Ресей президентінің Триумф қақпасы алдында өткен салтанатты шеруге кешігіп келгенін батыстық ақпарат құралдары сан-саққа жүгіртті. Расында, Путиннің халықаралық деңгейдегі кездесулерде өзін күттіріп қоятын әдеті бұрыннан бар. Сонымен, Путин келе сала салтанатты шеру басталып кетті. Бәлкім, Ресей басшысы шараның басталуын сабырмен күтіп тұрған басқа әріптестерінен осылайша мерейінің үстем екенін танытып, ерекшеленгісі келген болар. Мұндай маңызды жиындарда есіктен соңғы кірген кісіге, не топқа кейіннен қосылған адамға барша назардың қадалатыны анық. Айтса айтқандай, бұл жолы Путинің жүріс-тұрысы, өзін-өзі ұстауы, қимыл-әрекеті елеусіз қалмады. Ол Эммануэль Макрон мен оның зайыбы Брижитпен қол беріп амандасқан соң, АҚШ президенті Дональд Трамп пен оның әйелі Меланьяға қолын созып, ілтипат көрсеткенін жиналған жұрт түгел көрді. Ал әлемдік БАҚ сол сәтте таспаға басып, жер-жаһанға жария қылды. Шамасы, Трамп «Жағдайың қалай?» деп сұраған болуы керек, Путин оған бас бармағын шошайтып үлгерді. Мұнысы америкаша «Ok», яғни «Бәрі күшті» дегені. Бұдан соң ол Меланьямен қол алысып жатқанда, АҚШ президенті оның сол иығынан қағып, кісілік танытты. Саяси терминологияда иықтан қағу өзімсінуді, үстемдікті білдіретіні тағы бар..
Бұдан соң түскі ас үстінде Трамп пен Путин тікесінен тұрып, екі ауыз сөз қатысып үлгеріпті. АҚШ президентінің баспасөз хатшысы Сара Сандерстің айтуынша, Трамп, Макрон, Меркель мен Путин қонақасы үстіндегі жалқы сәтті пайдаланып, орташа және қысқа қашықтыққа ұшырылатын зымырандар туралы келісім-шарт жайын, Сириядағы және Украинадағы саяси ахуал туралы сөйлескен. Бірақ дастарқан басында қатар отырмаған соң, санаулы минуттың ішінде жүре айтылған сөздің не берекесі болуы мүмкін? Анығы, екі президенттің осы айдың аяғында Буэнос-Айресте өтетін «Үлкен жиырмалық» саммитінде көзбе-көз кездесуге уағдаласқаны белгілі болды. Осы орайда, Макронның әріптестеріне қарата айтқан «Бір-бірімізді қорқытқанша, бірге үміттенейік те» деген сөздері дер шағында айтылған тілек.
Бірақ Дональд Трамп қонақасыдан соң Бейбітшілік форумына қатыспай, әріптестерінен бөлініп, Вашингтонға аттанып кетті. Макронның «Патриотизм мен ұлтшылдық бір-біріне қайшы ұғымдар, ұлтшылдық – патриотизмді сатып кету» деген үндеуі, Меркельдің бірігу мен бітімге шақырған сөздері жүрекке жетпеді.
Өткен соғыстардың шежіресі жазылған. Бірақ алдағы соғыстардың қаупі сейілмей тұр...