Өскемен қаласындағы көшеге Әміренің аты берілді
Өскемен қаласындағы көшеге Әміренің аты берілді
Өскемен қалалық әкімдігінде қала көшелерінің атауын өзгерту бойынша қоғамдық тыңдау өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Күн тәртібіне облыс орталығындағы 12 көшенің атын ауыстыру туралы мәселе қойылды. Октябрь көшесіне Мұхаметжан Тынышпаевтың, Крупская көшесіне Евгений Брусиловскийдің, Революционная көшесіне Қалихан Ысқақтың, Советская көшелеріне Адольф Янушкевич пен Александр Затаевичтің, Дзержинский көшесіне Әміре Қашаубаевтың, Киров көшесіне Антон Чеховтың, Орджоникидзе көшесіне Сағадат Нұрмағамбетовтің, Куйбышев көшесіне Нарын атауын, Калинин көшесіне Шыңғыстау атауын беру туралы ұсынысты қалалық мәслихат депутаттары бірауыздан қолдап, республикалық ономастикалық комиссияның қарауына жіберді.
Атауы өзгерген көшелердің ішінде кеңестік кезеңнен қалған ескі атаулармен қоса тәуелсіздік жылдарында қайта аталған көшелер де бар. Қалада екінші дүниежүзілік соғыс батыры Ізғұтты Айтықовтың атында екі бірдей көше бар екені айтылып, оның біріне Асар деген қазақтың киелі атауы берілді. Ал 2002 жылы атауы өзгерген Головков көшесі араға 16 жыл салып Бейбітшілік деген атауға ие болды.
«2002 жылы Өскеменнің идеологиясында кешірілмес қателік кеткен болатын. Еліміз тәуелсіздігін жариялап, мемлекеттің іргесін қалап жатқан кезде Шығыс Қазақстанның бір бөлігін Ресейге қосып беру туралы ұсыныс айтып, халықтың берекесін бұзған адамның бірі осы Головков болатын. Кейін Парламент төрінде отырып, қазақ тіліне мемлекеттік тіл статусын беруге қарсылық танытқан. Елдің арасына іріткі салған адамның атындағы көшеге Бейбітшілік атауының берілуін әділдіктің орнауы деп түсіну керек» - дейді «Алтай асуы» қоғамдық бірлестігінің тең төрағасы Түсіпхан Түсіпбеков.