Жаңалықтар

Ең көп өрт оқиғалары тіркелген қандай облыстар?

ашық дереккөзі

Ең көп өрт оқиғалары тіркелген қандай облыстар?

Бүгін Парламент Мәжілісіндегі Үкімет сағатында Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов соңғы үш жылдағы өртке қатысты ахуалды баяндады, деп хабарлайды ҚазАқпарат. «Елімізде жалпы өрт мәселесі күрделі жағдайда. Мемлекеттік өртке қарсы қызметтің және жергілікті атқарушы органдардың қабылдап жатқан шаралары айтарлықтай нәтиже бермей отыр. Елімізде жыл сайын 15 мыңнан астам өрт тіркеледі. 2015 жылдан бүгінге дейін өрттен 3 319 адам зардап шекті, оның ішінде 1 410 көз жұмды. Тікелей өрттен келген материалдық залал 12 млрд теңгені құрады», - деді Қ. Қасымов. Оның сөзіне қарағанда, ең көп өрт Алматы, Шығыс Қазақстан, Қарағанды және Қостанай облыстарында тіркелді. «Өртке қарсы қызметтің бақылауымен қамтылған нысандарда қызыл жалынның қаупі айтарлықтай төмен. Осы нысандарға елімізде орын алған өрттің тек 10 пайыз ғана үлесі тиесілі. Өрттің басым бөлігі мемлекеттік өртке қарсы қызметтің бақылауымен қамтылмаған салаларда тіркеліп отыр. Бұл тұрғыда тұрғын үй секторы, көлік, орман және дала өрттерін атап өткен жөн. Қазіргі кезде өрттің 70 пайызына дейін тұрғын үй секторында болады.  Оған қауіпсіздікке тиісті деңгейде көңіл бөлмеу, электр құрылғылардың,  пештердің ақаулығы, сондай-ақ балалардың отпен ойнауы себеп болып жатады», - деді ведомство басшысы. Сонымен қатар ол орман және дала алқаптардағы өрт қауіпсіздігі проблемасы ерекше назарды талап ететінін атап өтті. «Ауыл шаруашылығы министрлігі, орман шаруашылығы, жергілікті атқарушы органдар құзыретіндегі орманды жерлерді тілсіз жаудан қорғау деңгейі әлі де төмен. Өткен үш жылда елімізде екі мыңнан астам табиғи өрт тіркеліп, 1,4 гектар жерді шарпыды. Осы жылдары орманды алқаптарға келтірілген шығын 674 млн теңгеге бағаланды. Өрт кезінде 17 адамның өмірі қиылып, 11 жарақат алды», - деді Қалмұханбет Қасымов.