Жаңалықтар

ҚР Президенті: «Болашақ» стипендиясы дүниежүзіне танылған қазақстандық брендке айналды

ашық дереккөзі

ҚР Президенті: «Болашақ» стипендиясы дүниежүзіне танылған қазақстандық брендке айналды

«Болашақ» халықаралық стипендиясы дүниежүзіне танылған қазақстандық брендке айналды. Бұл туралы Астанада өтіп жатқан «Адами капитал - жаңғыру негізі» атты форум қатысушыларына Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың жолдаған құттықтауында айтылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. «Сіздерді «Болашақ» халықаралық стипендиясының 25 жылдығы мерейтойымен шын жүректен құттықтаймын. Ширек ғасырдан бері еліміздің талантты жастарына қолдау көрсетіп келе жатқан «Болашақ» стипендиясы дүниежүзіне танылған қазақстандық брендке айналды. Біз сонау 1993 жылдан бері 13 мың жастың шетелде білім алуына жағдай жасап, олардың заман талабына сай білікті маман болуына жол аштық. Бүгінде «Болашақ» стипендиясымен оқып келген түлектер білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, ғылым және техника салаларында жүздеген ғылыми әзірмелер мен ірі жобаларды жүзеге асырып, зор жетістіктерге жетіп отыр», - делінген Президенттің құттықтау хатында. Елбасы құттықтауында «Болашақ» арқылы білім алған кардиологтар 33 мыңнан астам адамның жүрегіне ота жасап, емдеудің 1700-ден аса халықаралық стандарты мен алгоритмін енгізгені атап өтілген. «Жас инженерлер энергетика саласында басқарудың автоматтандырылған жүйесін дамытып, ірі өнеркәсіп нысандарында пайдалану үшін мобильді роботтар, гибридті платформалар құрастырды. Сондай-ақ олар табиғатты қорғау, экологиялық ортаны орнықты дамыту үшін бірегей технологияларды енгізу мәселелеріне аса көңіл бөліп отыр. Қазақстанның болашағы - сіздердің жетістіктеріңізге, елдің жаңғыруына қосқан үлестеріңізге тікелей байланысты. Білімді импорттаудың тиімді екенін уақыттың өзі дәлелдеді. Әлем төртінші өнеркәсіптік революция дәуіріне қадам басқан кезеңде біздің алдымызға жаңа талаптар қойылуда», - делінген хатта. Нұрсұлтан Назарбаев болашақтықтардың білімі мен білігі, әлемнің озық елдерінен алған өмірлік және кәсіби тәжірибесі тиімді пайдаланылуы тиістігін айтты. «Болашақ» стипендиясы түлектерінің білімі мен тәжірибесі жасампаздыққа ұмтылған барлық қазақстандықтарға үлгі болуы керек. Форумға қатысушыларға әлемдік трендті талқылап, әрдайым жаңа жол тауып, биік белестерді игеруге шақырамын. Баршаңызға мол табыс пен сәттік тілеймін», - деді Президент. Айта кетсек, Елбасының бастамасымен «Болашақ» халықаралық стипендиясы 1993 жылдан бастап беріле бастаған еді. 25 жылдың ішінде 13 мыңнан астам стипендия тағайындалды. Олардың 10 мыңнан астамы бүгінде оқуларын тәмамдаған.